ШҚО-да екі адамды жаралаған бұрынғы полицей айыппұл төлейді
Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында пәтер терезесінен оқ атып, адамдарды жаралаған бұрынғы полицейге қатысты сот шешімі шықты
Бұрынғы заң қызметкерінің бұл әрекеті "Ұсақ бұзақылық" деп бағаланды, деп хабарлайды Устинка LIVE сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Осыдан бір ай уақыт бұрын ер адам мас күйінде терезесінен көшедегілерге оқ атып, екі адамды жаралаған. Оның бұрын полиция қызметінде жұмыс істегені анықталды.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ер адамның қолында пневматикалық атыс қаруы болған. Ер адамды жедел келіп жеткен тәртіп сақшылары тоқтатты.
Қалалық әкімшілік соттың шешімімен азамат ҚР ӘҚБтК-ның 434-бабы 1-бөлігімен "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Сот жәбірленушілердің ауыр жарақат алмағанын, айыпталушының осыған дейін сотқа тартылмағанын ескерді. Ол 15 900 теңге айыппұл төлейді. Ер адамнан пневматикалық мылтық тәркіленді, - делінген ШҚО ПД ақпаратында.