Жармада жаңа мешіт бой көтерді
Жарма ауданында имандылық ошағы саналатын тағы бір діни ғимарат қатарға қосылды
Аудан орталығына таяу орналасқан Бірлік ауылында «Құланбай баба» мешіті ашылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Жарма ауданы әкімдігіне сілтеме жасап.
Ауданның бас имамы үлкен жолдың бойындағы мешіт құрылысының сауабы екі есе болатынын атай келе, ол тек ғибадат орны ғана емес, мәдени-ағарту, рухани білім, тәлім-тәрбие орнына айналса деген тілегін білдірді.
Бірлік ауылдық округінің әкімі мешіттің құрылысына демеушілік жасаған жандарға алғыс жолдап, сый-сияпат табыс етті. Елеулі үлкен қосқан меценат, медицина саласының маманы Мақсат Әбдіқараұлына ат мінгізді.
Белгілі айтыскерлер Ринат Заитов, Қазырет Бердіхан, Дидар Қамиев, Шұғайып Сезімхан жыр сайысына түсіп, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлады, - дейді аудан әкімдігіндегілер. - Айтулы оқиғаның құрметіне жамағатқа ақ дастарқан жайылып, ізгі тілектер айтылып, ат бәйгесі ұйымдастырылды. Аламан бәйге мен тай жарысында бабы келісіп, бағы жанған жүйріктер озып шығып, арнайы жүлделерді еншіледі.