Үржардағы әуежай қашан ашылады?
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үшарал мен Үржардағы әуежайлар қашан іске ашылатынын мәлімдеді
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, Үшарал әуежайы 20 шілдеде, ал Үржар тамыздың басында іске қосылады.
Ведомствоның мәліметінше, Үржар және Үшарал әуежайларының ұшу-қону жолақтарын жөндеу жұмыстары ұзаққа созылды. ИИДМ басшысы Қайырбек Өскенбаев Үшарал және Үржар әуежайларында құрылыс-монтаждау жұмыстарын дереу аяқтауды тапсырды.
Нысандар туристік маусымның басында іске қосылады деп жоспарланған болатын, бірақ мердігер ұйымдар тарапынан жұмыстардың уақытылы орындалмауына байланысты қосу мерзімі ауыстырылды.
Ұшу-қону жолақтары мен рульдеу жолдарын, перронды қайта жаңарту, жарық-сигналдық жабдық, периметрлік қоршау орнату және басқа да жұмыстар орындалады. Бұл қауіпсіздік пен сапа стандарттарының деңгейін арттыруы керек. Жұмысты Жетісу және Абай облыстарының әкімдіктері жүргізеді.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жөндеу жұмыстарының жаңа кестесін ескере отырып, Үшарал әуежайын қайта жөндеу жұмыстарын аяқтау 20 шілдеге, Үржар әуежайы тамыздың басына жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Үшарал және Үржар әуежайларына субсидияланатын рейстерді ұйымдастыру бойынша рәсімдік шараларды ИИДМ алдын ала жүргізгені хабарланды. Қажетті қаржы бөлінген, сондай-ақ рейстерді орындайтын әуекомпаниялар анықталды.
Үржар – Алматы және Үржар – Нұр-Сұлтан бағытында жарияланған конкурс қорытындысы бойынша тасымалдаушы болып «Южное небо» авиакомпаниясы танылды. Рейстер «Ан-24» әуе кемелерінде жазғы маусымда әр бағыт бойынша аптасына 10 рейс жиілігімен, қалған уақытта 5 рейс орындалатын болады. Билет құны сәйкесінше 14-16 мың теңге.
Айта кетерлігі, ведомство басшысы Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Үшарал және Үржар әуежайларында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде Алакөл көлінің жағалауына көліктің басқа түрлеріне деген қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жолаушылар тасымалдайтын пойыздардың саны артты.
Алматы – Алакөл:
– №221/222 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;
– №255/256 «Алматы-2 – Достық», аптасына 3 рет;
– №211/212 «Алматы-2 – Достық», аптасына 2 рет;
– №453/454 «Алматы-2 – Достық», жазда аптасына 3 рет;
– №22/21 «Қызылорда – Семей» поезында 8 тіркемелі вагон, жаз мезгілінде, күн сайын.
Нұр-Сұлтан – Алакөл:
– №258/257 «Нұр-Сұлтан – Достық», жаз маусымында, аптасына 2 рет;
– № 54/53 «Нұр-Сұлтан – Достық», аптасына 2 рет;
– № 121/122 «Нұр-Сұлтан – Семей» поезында 6 тіркемелі вагон, жаз маусымында күн сайын.
Нұр-Сұлтан – Семей:
– 457/458 «Семей – Достық», жаз мезгілінде, күн сайын;
- 459/460 «Өскемен – Достық», жаз мезгілінде, күн сайын.