Пәтерге есікті бұзып кірген Белоусовка құтқарушылары тұрғындарға дер кезінде көмектесті
Шілде айында Белоусовка кентінің 24-ӨСБ қызметкерлері жабық есіктерді ашу бойынша 2 шақыртуға шықты
Мәселен, айдың басында Жуков көшесіндегі пәтерден көмек сұрап айқайлаған дауыс шыққан. Абырой болғанда сақ тұрғындардың бірі көршісінің айқайын естіп, бірден құтқарушыларға қоңырау шалды.
Оқиға орнына бара жатқан құтқарушылар жол-жөнекей полиция қызметкерлерін және жедел жәрдем қызметін шақырды. Оқиға орнына келген құтқарушылар полиция қызметкерлерімен бірге бірінші қабаттағы терезені арнайы құралдармен ашып, пәтерге кірді. Жуынатын бөлмеде жерде құлап тұра алмай жанталасып жатқан қарт ер адам табылды. Ол кісіге алғашқы көмек көрсетілген соң, медицина қызметкерлері қарап шықты, денсаулығы қалыпты деп бағаланды, - деп мәлімдеді Глубокое ауданының ТЖБ баспасөз қызметі.
Дәл осылайша 8 шілдеде Юбилейная к-сі, 16 мекенжайы бойынша орын алған екінші оқиға орнына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері бірігіп барды.
Куәгерлердің айтуынша, пәтер иесі бірнеше күн бойы сыртқа шықпаған және көршілеріне есікті ашпай қойған, - делінген мекеме таратқан ақпаратта. - Шақырту орнына келген құтқарушылар баспалдақтың көмегімен пәтерге балкон арқылы кіріп, кіретін есікті ішінен ашқан. Бөлмелердің бірінде қатты мас күйінде ұйықтап жатқан ер адам табылды. Медициналық көмек талап етілмеді.
Құлыпталған пәтерлерді ашу - жиі жүргізілетін құтқару операцияларының бірі. Осыған байланысты Глубокое ауданының ТЖБ жалғыз тұратын туыстарына, көршілеріне, таныстарына, әсіресе қарт адамдарға немесе мүмкіндіктері шектеулі адамдарға мұқият болуға шақырады. Сондай-ақ, көмек қажет болғанда 112 немесе 101 телефондары арқылы хабарласуыңызға болатынын еске салады.