Өскемендегі автобус жүргізушілері ереуілге шыққаны рас па?
Бүгін таңертең ЖМК ауданының тұрғындары жұмысқа жете алмай қалған
Өйткені №262 бағыттағы шағын автобустар соңғы аялдамада жиналып алып, жүрмей қойған.
ЖМК ауданында тұрамын. Бүгін таңертең жұмысқа жете алмай қалдым. Автобустар жолаушыларды тасымалдаудан бас тартып, тұрып алды. Жүргізушілердің айтуынша, мәселе – электронды билеттеу жүйесінде. Яғни, олар төлемақы валидатор арқылы жүргізілуіне қарсы. Ал бұндай жағдайда жолаушылар қайтпек? - деп налиды қала тұрғыны.
Жүргізушілердің ереуілге шығып жатқаны дүйсенбіден бері ел аузында жүр.
№38 бағыттағы жүргізушілер дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі күндері ереуілге шықпақ, - деген еді кондукторлардың бірі.
Алайда екі мәселенің бір-біріне қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Ал Өскемен қалалық Жолаушы тасымалдауды басқару орталығы бұл тасымалдаушы компания мен жүргізушілер арасындағы келіспеушілік деп мәлімдеме жасады.
Құрметті Өскемен қаласының тұрғындары, бұл - ереуіл емес. Тасымалдаушы компания мен жүргізушілер арасында келіспеушіліктер туындаған. Бұл жағдайға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселе шешім тапқан соң қосымша ақпарат беретін боламыз, - деп жазды мекеме өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.