Алтай қаласында нәрестемен мас күйінде қыдырып жүрген ер адам жауапқа тартылды
Алтай қаласының тұрғыны өзі мас күйінде ұйықтап жатқан нәрестесін арбаға салып алып көшеде жүрген
Оны ауданның патрульдік полиция инспекторы Рүстем Оралғазинов пен Нұржан Жұмағұлов байқаған. Тоқтағаннан кейін тәртіп сақшылары ер адаммен сөйлесуге тырысқан, алайда ол полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, балағат сөздер айтқан, деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай ер адамның арбада жатқан баланың әкесі болып шыққан. Ер адам отбасымен қонақта отырған жерінде әйелімен жанжалдасып, баланы алып үйіне қайтып кеткен.
Инспекторлар 15 минут ішінде сәбидің анасының аты мен орналасқан жерін анықтап, оны аман-есен анасына жеткізді.
Нарколог-дәрігердің қорытындысына сәйкес, ер адам орташа дәрежеде мас күйінде болған. Ол уақытша ұстау камерасына орналастырылды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабы 1-бөлігі (Қоғамдық орындарға мас күйінде келу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Алтай аудандық полиция бөлімі.
Бүгінгі таңда өз баласының өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген әкесімен Алтай аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмыс істеуде.