Катонқарағай ауданында демалу қымбат па?
Еліміздің інжу-маржанына айналған, тұмса табиғатымен көпшілікке танылған Катонқарағай ауданының демалыс орындарына шолу жасауды жөн көрдік. Бағасы қолжетімді, қызмет көрсету сапасы жоғары демалыс орындары туралы баяндайтын боламыз
Біле білсек, Қазақстанда ғана емес, өзіміздің шығыста да демалуға болатын табиғаты тамаша жер көп екен. Киелі Алтай таулары мен Мұзтаудың құзар шыңдары аспанмен тілдескен өлкенің төрінде жатқан Катонқарағай өңіріне ат басын тіресеңіздер, таңғажайып табиғаты мен жайсаң мінезді, жомарт та қонақжай адамдарына кез боласыз. Табиғат аясында демалу кімге болса да артық етпейді. Жағдайымыз жетсе, шетелге шығуға асығамыз. Десе де, Катонқарағай ауданына келіп, демалатын туристтер саны жыл сайын өсуде. Осыған сәйкес Катонқарағайдың түкпір-түкпірінде орналасқан туристік орындар саны да қарқынды артуда.
Демалыңыз - ем алыңыз
Жадыраған жаз мезгілі нағыз демалатын уақыт. Биылғы жаз ми қайнатар ыстығымен есте қалатын сияқты. Қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Шілденің шіліңгірінен пана тапқысы келетіндер өзендер мен көлдерді және су қоймаларын жағалап кетеді. Бірі шетел асса, енді бірі отандық туризмнің дамуына үлес қосамын деп тыраштанып әлек. Осылардың қайсысы ұтады? Шетел асқаны ма, әлде отандық туризмнің тасын өрге домалатқысы келгені ме? Елімізде ауасы жанға дәру, суы емге шипа демалыс орындары көп-ақ.
Солардың бірі - «Баян» пантымен емдеу кешеніне барған да, бармаған да арманда. Катонның әдемі табиғатының біраз аумағын алып жатқан емдеу кешеніне әсіресе жаз айларында ағылатын туристер көп екен. Басынан қар кетпейтін таулар да, құлай аққан сарқырамалар да, ит тұмсығы батпайтын ормандар мен мұзтаулар да осында. Бұндағылар бұл жерге бір келген адамның қайта оралып келе бергісі келетінін айтады.
Мұнда соңғы 5 жылда келген туристер саны 10 есеге артқан. Әсіресе, белсіздікке дауа іздеген және ұзақ уақыт ауруына шипа іздеген жандар марал мүйізінің сорпасын ішіп, қанына түсуге келеді. Көбі алған емінің нәтижесін көрдік, анализдеріміз жақсы шықты деп өздерінің алғысын айтып жатады. Сондай-ақ, бізде 1000-нан астам шөп, 500-ден астам емдік шөп бар. Бағалары да қолжетімді. 1800-4400 теңгенің аралығында. Өскемен қаласындағы "Баян" деген зауытымыз бар, сонда жасалады. Бұл бізде отбасылық кәсіп болған соң барлық дәрілік, емдік дүниелерге 2013 жылы лезензия алғанбыз, - дейді "Баян" пантымен емдеу кешенінің басшысы Дариға Исабаева.
Сондай-ақ, бұл жерде туристерге жеті бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, марал мүйізінің сорпасына түсу, панта бөшке, фито бөшке, пантымен ингаляция, пантымен жылу терапиясы, пантымен маска, пантылы майды пайдалана отырып массаж жасау, мүйіз кесу прцесінде марал қанын ішу кіреді. Әр емдік шараны қабылдамас бұрын пантымен емдейтін жоғары білімі бар білікті мамандар кеңес береді. Ал бұл жерге тек ем алуға келген болсаңыз, кемінде 1 апта аялдауға тура келеді. Ескеретін дүние - кешен маусым, шілде, тамыз айлары ғана жұмыс істейді. Ал қалған айларда маралдың мүйізін кесуге болмайды екен. Әрине жақсы демалғыныз келсе, қалтаңыз қалын болғаны абзал. Себебі жолдама ақысы бір адамға 40-45 мың теңгенің көлемінде. Мұнда 18 үй, 50 адамға шақталған жатын орны бар. 4 кісілік бөлме бір адам басына 40 мың теңге, 3 кісілік бөлме 42 мың теңге, 2 кісілік бөлме 45 мың теңгені құрайды. Оған жатын орын, үш уақыт құнарлы тамақ, ем шараларының барлық түрі кіреді. Осы орайда Катонқарағайдың бал қымызы жайлы айтпай кетуге болмас. Елдің аузының суы құрып мақтайтын қымызды бұл жақта кез келген демалыс орнынан таба аласыз. Қалада литрі 1400 теңгеден сатылтын қымыздың литрін мұнда 700 теңгеден ала аласыз.
Көл жағасындағы "Приморск"
Аудан орталығы Үлкен Нарынға ең жақын орналасқан демалыс орны - "Приморск". Жаңадан ашылған кешенге де барып, қызмет сапасы мен бағасын бағамдап қайттым. Биыл Катонқарағайға баруды жоспарласаңыз, онда осы аталған демалыс орнына келуге әбден болады. "Приморск" демалыс орны дәл Нарын көлінің іргесінде орналасқандығымен ерекшеленеді. Жағажайға тиіп тұр. Демалыс кешені келушілерге қолжетімді бағадағы стандарт бөлмеден бастап, люкс санатты бөлмелер ұсынады. Бір қызығы қай санатты бөлмені таңдасаныз да бірегей баға төлейсіз де демала бересіз. Бір күндік демалу бағасы 35 мың теңгені құрайды. Бұл соманың ішіне футбол алаңы, волейбол ойнайтын алаң, балаларға арналған алаң, тегін Wi-Fi, би алаңы, әр үйдің алдында орналасқан үлкен мангал кіреді. Тек бір ескеретін дүние - үш уақыт тамағынызды кешенде орналасқан дәмханадан (үйдің бағасынан бөлек) өз қаражатыңызға сатып аласыз. Сондай-ақ, өзіңізбен бірге тамақ алып алсаңыз да болады.
Демалыс кешенінде барлығы 88 үй орналасқан. Әр баспанаға төрт ересек адам сияды. Демалыс үйлері толығымен төсек орнымен, заманауи үлгідегі жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ, жасыл желектің ортасында орналасқан «Приморск» демалыс кешені туристерді сапалы қызметімен қызықтыра алады. Суға шомылудан бөлек, балық аулау, сауна, монша, қайықпен көл бетінде серуендеу секілді демалыс түрлерін ұсынады. Мұнда демалыс маусымы мамырдың басынан басталып, қыркүйектің соныңа дейін жалғасады екен.
Біздің демалыс орнының бір ерекшелігі мұнда судан бөлек көрікті жерлеріміз өте көп. Құдды бір шет елде жүргендей әсер аласыз. Сондай-ақ, көл жағасындағы құмды Күршімнен арнайы алдыртып, тазалап, жаңартып отырамыз. Келесі жылы пантымен емдеу кешенін ашуды жоспарлап отырмыз, - дейді "Приморск" демалыс кешенінің қызметкері Мергүл Исабекова.
Өскемен қаласынан 250 шақырым қашықта.
Топқайың емдеу-сауықтыру кешені
"Топқайың" емдік-сауықтыру кешені шығыстағы табиғаты әсем, демалыс пен емделуге барлық жағдайлар жасалған орталық. Таза ауа мен тыныштық, кешеннің кез кез келген жерінде тазалық пен тәртіп, бөлмелерде ыңғайлылық пен көркемдік, асханада дәмді ас пен тез әрі сапалы қызмет, тиімді әрі білікті ем... Кешен қызметкерлерінің ізеттілігі мен сыпайылығы сіздің кешенде дем алуыңыз бен емделуіңізді жағымды әрі көңілді етіп, өз денсаулығыңызды жақсартып алуға нағыз ыңғайлы жағдай туғызады. Бірегей сәулетті 2 қабатты ғимаратта екі және төрт кісілік бөлме, сондай-ақ отбасылық бөлме бар. Екі кісілік бөлмеге адам басына бір күнге 38 мың 700 теңге, төрт кісілік бөлмеге 35 мың 500 теңге, сондай-ақ отбасылық бөлмеге адам басына 41 мың 500 теңге төлейсіз. Бұл соманың ішіне төрт уақыт құнарлы тамақ, екі рет панты ваннасы, марал мүйізін кесуге қатысу, пантогематоген, ваннадан кейін витошай кіреді. Одан бөлек қосымша қалауынызға қарай ұлттық сусынымыз қымыз ішуге, өлкедегі көркем жерінің сұлулығына қарап, ләззат алу, жылқыға мініп серуендеуге, спаға баруға, спортпен айналысуға, мейрамханаға баруға болады.
Әр жыл сайын мұнда 10 мыңнан астам адам ем қабылдап, демалады екен.
Жанға шипа іздеген адамға таптырмайтын орын. Панты ваннасы, таза өнім қымыз бен бал, түгін тартсаң майы шыққан құнарлы жер, көрсең көзің тоймайтын әсем табиғат, таза ауа мен сарқырап аққан тау өзендері - барлығын бір жерден таба аласыз. Біз әр жыл сайын отбасымызбен міндетті түрде бір келіп кетеміз. Жылдық рухани азық алып қайтамыз, - дейді кешенде ем алып, демалып жатқан Ердос Мамырбаев.
"Топқайың" сауықтыру кешені табиғат пен адам қолымен жасалған тамаша демалысқа арналған әсем аумақ. Бұл жер нағыз тыныш демалыс іздеген адамдарға арналған. Мұнда әр қонақ қаржы мүмкіндіктеріне қарай, демалыс үшін өзі қалаған жағдайын жасай алады.
P.S. Қазақстанның қай жағына бармаңыз, алдыңыздан бір тарихи өлке, бір туристік орын шығары хақ. Әркімге туған жері – Мысыр шаһардай. Ендеше, "тақияма тар келедінің" керіне салмай, өз табиғатымыздың сұлулығын тамашалаудан, демалудан шаршамаңыздар!