Тарбағатай ауданының Кіндікті ауылында былтыр мешіт, биыл саябақ ашылды
Тарбағатай ауданы, Кіндікті аулының тұрғындары әкелеріне арнап саябақ ашты. Саябақ ауыл адамдары мен қонақтарының серуендеп, балалардың ойна- уына арналған
Туған жеріне жасаған әрбір игі ісін перзенттік парызым деп ұғынған жандар киелі Кіндікті ауылында да аз емес. Кеңес заманында "Карл Маркс" совхозының бас агрономы болып, ауыл шаруашылығын өркендетуге елеулі еңбек сіңірген Тілеуғазы Жүнісов атындағы жастар саябағы есігін айқара ашты. Артындағы ұрпақтарының тікелей мұрындық болуымен салынған саябақ бүгінгі таңда Кіндіктінің ажарын ашып, ауыл тұрғындары мен жастардың демалуына тамаша мүмкіндік сыйлайтын мекенге айналып отыр.
Біздің әкелеріміз осы ауылға қызмет істеп, артында із қалдыруға ұмтылды. Солардың қатарында Тілеуғазы Жүнісов ағамыздың өзіндік орны бар. Бүгін, міне, сол еселі еңбегіне көрсетіліп жатқан құрметке қуаныштымыз. Бұл ауыл тұрғындарының ежелден ниеті ақ, берекесі мол. Тілеуғазы ағамыздың ұрпақтарына игілікті іс атқарып жатқаны үшін алғыс айтамыз. Саябақ салу - сауапты іс. Өйткені саябақтың саясында халық демалады, шарапатын сезінеді, - деді ауыл тұрғыны Талап Малдыбайұлы.
Саябақтың ашылуына келген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабитқазы Атыханов аудан әкімі Асхат Сайдахметұлының ақжарма құттықтауын жеткізді. Ауылдық округ әкімі Мирас Дәуренбекұлының айтуынша, былтыр ұрпақтарының ұйымдастыруымен Малдыбай қажы атындағы зәулім мешіт салынған. Биыл тағы бір ауыл үшін пайдалы нысан - саябақ қолданысқа беріліп отыр.
Осылайша, әке аманатын арқалап жүрген Тілеуғазы Жүнісовтің бес қызы саябақ салып, ауылдастарына сыйға тартты. Бір-бір әулеттің түтінін түтетіп, ұрпақ өсіріп, үлгілі отанасы болуымен қатар, әкелерінің есімін жаңғыртып, қомақты қаражат салып, саябақ салу - ер азаматтардың ішінде екінің бірі атқарып кете алмайтын шаруа.