ШҚО-да НКВД-ның лагері болған
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданы аумағында құпиялылығы бірінші деңгейлі НКВД-ның еңбекпен түзету лагері болғаны анықталды
Кеңес одағы заманында қазақ даласы еңбекпен түзету лагеріне толды. Олардың қатарында қазіргі Қарағанды облысы аумағындағы "Карлаг", "Степлаг", "Песчанлаг", Ақмоладағы "А.Л.Ж.И.Р" болған. Бұл лагерьлерде Кеңестік билікке қарсы шыққан танымал мәдениет және қоғам қайраткерлері қамалды. Лагерь тұтқындары қара жұмысқа салынған, оларға зорлық-зомбылықтың ең сорақы түрлері қолданылып, істемеген қылмыстарды күшпен мойындатқан.
Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бері саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерді ақтап алу жұмыстарын жүргізуде. С. Аманжолов атындағы ШҚУ ғылыми қызметкерлері соңғы бір жыл көлемінде Шығыс Қазақстан облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған лагерьдің болғанын анықтап, оны ресми құжаттармен дәлелдеуде.
Ресейлік мұрағаттарды зерттей отырып, "Құрылыс 790" деген құжатты таптық. Әрине, сол заманда ірі Кеңестік құрылыстар жүргізілді. Сондықтан бұл қатардағы жағдай сияқты көрінуі мүмкін. Алайда сол құрылыс жұмыстарына лагерьдегі тұтқындардың жұмыс күші пайдаланылды. Ол лагерь 1951-1953 жылдары жұмыс істеген екен, - дейді НКВД ГУЛАГ-тың лагерьлерінде болған құрбандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты іздеу жөніндегі өңірлік комиссияның жетекшісі Нелли Краснобаева.
Құжаттар бойынша лагерь Глубокое ауданындағы Түркістан-Сібір теміржолының Аврора станциясындағы Ертіс химия-металлургия зауытында орналасқан. Лагерь тұтқындарының еңбегі Первомайский кентінде Ертіс химия-металлургия зауытының құрылысына қызмет көрсету үшін пайдаланылды.
Ертіс химия-металлургия зауытының құжаттарында лагерьлер мен барақтардың орналасу схемасы бар. Тұтқындардың атаулы тізімдері және бақылау қалай жүргізілгені табылмады. Сондықтан, біз Шығыс Қазақстандағы түрме-лагерьлік бөлімшелерінің құжаттары арқылы жұмысты жалғастырдық. Ондайдың бірнешеуі болды, - деп толықтырды Нелли Краснобаева.
1953 жылы дәл осы лагерьдің атауы "ЕрмаковЛаг" деп өзгертіліпті. Одан соң ол Өскемен қаласына ауыстырылған. Лагерь жабылған кезде онда 2700-ден астам адам болған деген ақпарат бар. Жалпы өңірде саяси қуғын-сүргін құрбандары бойынша мәліметтерді зерттеп, жазықсыз жазаланған боздақтарды ақтау бойынша 350 адам жұмыс істеп жатыр. Аймақтық комиссия 1,5 жыл ішінде 373 қор, 19 мыңнан астам материалды зерттеген.
Менің зерттеу тобым Шығыс Қазақстан аумағында 58-баптың 10 және 11-бөліктері бойынша, яғни "Отанға опасыздық жасау" бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған 192 адамның тізімі бар құжаттарды таптық. Оның ішінен 83 адамды ғана ақтай алдық, 109-ы әлі ақталған жоқ, - деп қосты Нелли Краснобаева.
Ғылыми қызметкерлер бұл ашылған жаңалықпен тоқтап қалмай, әлі де ізденіп, лагерьдің жұмысы, тұтқындары жайлы ақпараттарды зерттеуді жалғастырады.