Ертіс жағасындағы сырлы һәм жырлы жүздесу
Өр Алтайдың төрінде қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ауыр жүгін арқалап жүрген қаламы қарымды қаламгерлер шығысқазақстандықтармен кездесті
Ақын, ұлағатты ұстаз Ләззат Бәженқызының Дидахмет Әшімханұлы туралы жазған "Сәулелі ғұмыр" атты кітабының тұсауы кесілді.
Бұл менің прозалық алғашқы шығармам. Дидахмет Әшімханұлы екеуіміз жерлеспіз. Ол тек мықты жазушы ғана емес, адамгершілігі де жоғары азамат еді. Кітапта жазушының өмірбаяны толыққанды қамтылды деуге болады. Әр тақырыпқа сай фотосуреттермен көрнекіледік. Бұл еңбекті жазу үшін жарты жылдай уақыт кетті, - дейді кітап авторы Ләззат Бәженқызы.
Қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтіп, өрісін ашуға орасан зор үлес қосып, ұрпаққа өшпес өнеге қалдырған Дидахмет Әшімханұлын ақын-жазушылар ерекше құрметпен, толғана еске алды.
Дидахмет Әшімханұлы әдебиетте өз соқпағын салған жазушы. Жаңа, тың дүниелермен бізді таң қалдырушы еді. Ертегідегі Толағай ауылына тау көтеріп апарса, Дидахмет ағамыз Алтайды арқалап Алатауға жеткізді, - дейді жазушы Қуат Дәурен.
Адам ұрпағымен мың жасайды. Жазушының ұлы Дәулет Дидахметұлы алдағы уақытта әкесінің күнделігін кітап етіп бастырып шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.
Кітапқа әкеміздің балалық кезінен бастап, өмірінің соңғы сәттеріне дейінгі түскен фотосуреттерін кіргіздік. Яғни, бұл – өмірбаяндық кітап. Әкеміздің 1972-2015 жылдар аралығында жазылған күнделіктерін алдағы уақытта бір томдық кітап шығаруды жоспарлап отырмыз, - дейді Дәулет Дидахметұлы.
Шара барысында Дидахмет Әшімханұлының ұстаздары жазушының оқушы кезіндегі қызықты оқиғалары туралы да айтып берді.