Аягөздіктер қоқыс шығаруға еріне ме?
Қала тұрғындары қоқыс шығарушы компаниямен келісімшарт жасасудан бас тартқан, нәтижесінде қала ортасында таудай қоқыс үйіндісі пайда болды
Аягөздіктер қас қарайғанда өз үйлеріндегі қоқысты көшенің қақ ортасына әкеліп тастай береді екен.
Әр көшеде "қоқысты қайда төгеміз?" деген проблема бар. Ол үшін кім жауап береді? Тоқсанғазин көшесінде қоқыс төгетін контейнер жоқ, - дейді қала тұрғындары. - Дәл осындай үйінді Айғыз Көшімбаева көшесінің бойында, Тәңірбергенов-Ғаббасов көшелерінің қиылысында бар. Күл-қопсық, үйден шығатын, қорадан шығатын қоқыстың барлығын тастап кетеді. Жел соққанда ол қоқыс бүкіл көшеге шашылады. Бұл мәселенің шешім таппай келе жатқанына да бірнеше жыл болды.
Жергілікті әкім қоқыс үйінділерін алдағы уақытта шығарып, сол маңға бақылау камераларын орнатпақшы екен. Алайда халық мұнымен келіспейді және мұны бос шығын деп есептейді.
Қаланың орталық көшелерінде камералар бар. Бірақ мониторды ешкім бақылап отырмайтын сияқты, тіпті, камера түсірген нәрсесін сақтамайтын сияқты. Жуықта жол ережесінің бұзылғандығы туралы сұрап едім, "өзіңіз фото/видео түсірмедіңіз бе?" деп өзімнен сұрады. Сонда 121 млн теңгеден астам сомаға орнатылған бақылау камераларынан не пайда? - деді қала тұрғыны Раушан Еспаева.
Аягөздіктер қала көшелеріндегі қоқыс үйінділері тазаланып, оның орнына жаңасы пайда болмас үшін ол жерге балалар ойын алаңын орнатса деген арманда. Себебі көшеде бос жүрген балалар ойнайтын арнайы алаңқайлар жоқ.
Жергілікті әкімдік халықтың бұл ұсынысын естіді. Қоқыс үйінділерін шығарып, балалар алаңын салу жоспарда бар екен.
Көшелердің ортасындағы жиналған қоқыс үйінділерін шығару үшін бюджеттен қаражат бөлдік. Мамбетов көшесіндегі қоқыс үйіндісі шығарылған соң, оның орнына балалар ойын алаңын тұрғызу жоспарымызда бар, - деді Аягөз қаласы әкімі аппаратының бас маманы Мұхтар Мұқанов. - Қаланы тазарту мақсатында көптеген жұмыстар жасалуда. 3 айлық сенбілік маусымы әлі жүріп жатыр. Көпқабатты үйлерде қоқыс тастауға арналған 11 контейнер орнатып, оның аумағы қоршалады.
Аягөз қаласында көпқабатты үйлер мен жеке территориясы бар жер үйлер бар. Көпқабатты үйлер қоқыс контейнерлерімен қамтамасыз етілген және олардың қоқыстары да уақтылы шығарылып отырады.
ҚР Экология Кодексінің 367-бабына сәйкес, жер үйлерге орталықтандырылған қоқыс орындары қарастырылмаған. Олар өз қоқыстарын жеке аулаларында жинап, қоқыс полигонына шығаруы керек. Бізге жеке сектордағы үй иелері хабарласып өтініш білдіргенде, біз олардың қоқыстарын шығарып беріп отырмыз. Бірақ ондайлар аз. Көпшілігі түнгі уақытта қоқысты көшенің ортасына үйіп кетеді, - деді "Тазалық-Аягөз" ЖШС директоры Дастан Бекишев. - Бізбен келісімшарт жасасқан жеке сектордағы үйлердің қоқыстарын біз өтініш бойынша тазалап отырамыз.
Көше ортасына қоқыстарын тастап ұсталған тұрғындарға айыппұл салынып та жатыр. Бірақ бұл тұрғындардың ұятсыз әрекеттеріне тоқтау бола алмай тұр. Қоқыс полигонының өзі Аягөз қаласының ортасынан шамамен 3 шақырым жерде орналасқан. 3 км қашықтықтағы полигонға қоқыс жеткізе алмау - нағыз еріншектердің амалы болса керек. Жалқаулыққа салынған кейбір тұрғындар қоқыстарын дорбаларға салып, көпқабатты үйлердің ауласындағы қоқыс контейнерлеріне салып кетеді екен.
Бүгінде қала бойынша шамамен 300 контейнер бар. Олардың қоқыстары толуына байланысты аптасына 1 немесе 2 рет шығарылып отырады. Бірақ осы орталықтандырылған контейнерлерге жер үйдің тұрғындары қоқыстарын тастап кетеді. Ол бірден белгілі. Себебі олар қоқысты дорбаларға салып тастайды және қатты тұрмыстық қалдықтар мен күл сияқты қоқысты ажыратпай тастайды, - деп атап өтті Дастан Бекишев.
Бұл "Тазалық – Аягөз" мекемесінің бір проблемасы ғана, тағы бір мәселе - тұрғындар бір пәтерде тұратын адам санын азайтып көрсетеді. Сәйкесінше қоқысқа да, аз төлейді. Ал Аягөзде қоқыстың тарифі 2018 жылдан бері небары 155 теңге ғана. Бұл 155 теңгенің өзін төлемей отырған тұрғындар да бар екен. 2020 жылдан бері аягөздіктер тазалық мекемесіне 2 млн теңгедей қарыз.