Ақжардағы оқушылар қашанғы қираған ғимаратта оқуға мәжбүр?
Ақжар ауылындағы мектеп-лицей ұжымын осыдан 3 жыл бұрын ескі мектеп ғимаратына көшірген болатын. Аудан басшылығы ғимаратты жөндеуден өткіземіз деп уәде бергеніне сонша уақыт болды. Төбесінен су тамшылаған ғимаратта білім алып отырса да мектеп-лицей шәкіріттері білім саласында үздік нәтиже көрсетіп келеді
Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында да соңғы қоңырау соғылды. Бірақ өңірдегі үздік мектеп-лицейдің бірі саналатын білім ошағының шәкірттері оқу жылын әбден тозығы жеткен ғимаратта оқып аяқтады. Салынғанына 40 жылдан астам уақыт болған нысан содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Оқушылар мен мұғалімдерге лайықты жағдай жасалмаса да оқушылардың білім көрсеткіштері өте жоғары. Қазіргі таңда бұл мектепте 310 оқушы білім алады. Сондай-ақ, 80 адам (мұғалімдерді қосқанда) жұмыс істейді.
Айта кетейік, осыдан 2 жыл бұрын Ақжарда жаңа мектеп пайдалануға беріліп, онда аппаттық деп танылған Әуезов мектебі көшіп барған. Ал босаған ғимаратты Қ. Билялов атындағы мектеп-лицейіне беріп, жөндеместен кіргізген еді. Бұл ғимарат 1983 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген. 1990 жылғы зілзалада зақымданып, сырты темірмен құрсауланғаны жайында өткен сандарымызда жазған болатынбыз (2021 жылдың 9 қыркүйегінде жарық көрген №36 санында). Осыған орай жауапты басшылар "қаражат бөліні-сімен күрделі жөндеуден өткіземіз" деп уәде еткен еді. Бірақ баяғы жартас - сол жартас. Кейбір кабинеттердің төбесінен су сорғалап, қабырғалары көгеріп, көгеріп кеткен. Сондықтан оқушылардың денсаулығына зиян келмес үшін ұстаздар мұндай бөлмелердің есігін жауып қойған.
Барлық жағдай жасалады деп, бізді осы ғимаратқа көшірген болатын. Содан бері, міне, 3 жыл өтті әлі ешқандай күрделі жұмыс жүргізілмеді. 3 жылдан бері осы төбесі тесік мектепте жұмыс істеуге мәжбүрміз, - дейді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Бейбітгүл Иляшева.
1983 жылы салынған мектептің материалдық-техникалық базасы көнерген. Сыныптардағы парта мен орындықтардың сиқы да сын көтермейді. Ескі тақта, сынған еден мен көгерген қабырғаға да көзіміз үйренген дейді ұстаздар.
Кабинеттерде жаңа бағдарлама бойынша материалдық жағдай мүлдем қарастырылмаған. Ағылшын тілі сабағында күнделікті сабақта видео сабақ өтіп, тындалым болуы керек. Не интерактивті тақта, не слайд көрсететін проектор, тіпті қарапайым компьютер жоқ. Құр тақта мен бор ғана, - дейді ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Тоғжан Жұмабекова.
Ата-аналардың да тілегі ұстаздардікімен бір. Білімдеріне сай мектеп болса дейді.
Қазіргі таңда балаларымыз жақсы мектепте, жақсы кабинеттерде оқып, білім алса деген тілегіміз бар. Мектептің білім дәрежесі жоғары болғандықтан балаларымыз сондай дәрежедегі мектепте оқыса деп ойлаймыз, - дейді ата-аналардың бірі Әлия Есболова.
Осыдан 1 жыл бұрын ғимаратқа техникалық сараптама жасалған. Соның негізінде "Апатты жағдайдың алдында" деп қорытынды шығарылған соң, ауданның білім бөлімінің басшысы ғимаратты жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайын деп сендірген. "Алайда қаржы бөлу құзыретімізге жатпайтындықтан облыстағы шенеуніктердің шешімін күтіп отырмыз" дейді.
159 миллион теңгеге сметалық жоба жасалған болатын. Ол мемлекеттік сараптамадан өткен. Облыстық Білім басқармасына, яғни, облыстық бюджеттен қаржы бөлуге өтінім берілген. Қазір сол қаражатты күтіп отырмыз. Тек қаражаттың шешілуіне байланысты болады, - дейді Тарбағатай аудандық білім бөлімінің басшысы Самал Дәуітбаева.
Құр тақта мен борды ғана қолданып оқытып жүрсе де мектеп-лицейі облыстағы өзге білім ошақтарынан оқ бойы озық тұр. Биыл 42 түлек түлеп ұшқан. Оның 18-і Алтын белгіге үміткер болса, қалғаны үздіктер екен. Бұндай білімді шәкірттерге сапасыз мектеп сай емес.