ШҚО-да ішімдік ішкен ұстаздар оқушыларға әлімжеттік көрсеткен
Глубокое ауданының Малоубинка ауылында оқушылар арасында өткен 5 күндік даладағы әскери оқу-жаттығу барысында ұстаздар оқушыларға әлімжеттік көрсеткен

ШҚО Білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мамыр айының 27-сі мен 31-і аралығында өткен даладағы әскери оқу-жаттығуға қатысу үшін Глубокое ауданының барлық мектептерінен 5 пен 10-сынып аралығынан 137 оқушы жіберілген. Оқушыларды алғашқы әскери дайындықтан өткізу мақсатында 23 ұстаз жұмылдырылған. Дене шынықтыру жаттығуларын өткізу мақсатында Винное және Бобровка орта мектептерінің дене шынықтыру пәнінің ұстаздары бағытталған.
Дене шынықтыру пәнінің екі ұстазы 11 баладан құрылған топқа жетекшілік еткен. 30-ынан 31-іне қараған түнде спирттік ішімдік ішкен қос ұстаз балаларға әлімжеттік көрсеткен. Балалардың бірі орын алған заңбұзушылық турасында қарауыл басшысына хабарлаған. Оқушыларды дәрігерлер тексерістен өткізді, денсаулықтарына төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Барлығы ата-аналарына табысталды.
Аталмыш фактіге байланысты облыстық Білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, құқық қорғау қызметкерлері тарапынан арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстары басталып кетті. Өрескел заңбұзушылыққа бой алдырған қос азамат аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, далалық әскери оқу-жаттығуына бағытталған барлық алғашқы әскери даярлық пәнінің ұстаздарына қатысты өз міндеттерін қажетті деңгейде атқармағандары үшін, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендері үшін тәртіптік шара қолданылатын болады.