Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алды
Биыл Халық қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 98 жыл
Фото:
Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі ұсынды
Осы орайда батырды еске алуға арналған шараның бірі Аягөз гарнизоны танкистер құрамасының мәдени демалу орталығында ұйымдастырылды, деп мәлімдеді Аягөз гарнизонының баспасөз қызметі.
Іс-шараның негізгі мақсаты сарбаздарды патриотизмге, жоғары кәсібиліктің және әскери борышқа адалдықтың үлгісі ретінде армия генералы Сағадат Қожахметұлының өмірімен таныстыру болды.
Сабақ барысында жас толымға батырдың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері, халқына сіңірген еңбегі және еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Қарулы күштердің дамуына қосқан үлесі Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болғандығы туралы жан-жақты айтылды.
"Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты" деп Бауыржан атамыз айтқандай, Сағадат атамыздың жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады. Батыр бабаларымыздың ерлігін Отан қорғаушыларға, өскелең ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз, - деді артиллериялық дивизон командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Нұрислам Ахмадиев.
Иә, ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, артына өшпес із қалдырған ердің ісін ұмытпай тарихымызды жаңғыртып отыру – бүгінгі ұрпақтың парызы. Елім деп туған ерлердің есімі бір ғасыр өтсе де, ел есінде сақталары сөзсіз.