Рамазан Садырбаев - шығыстан шыққан тұңғыш велосипедші
Қыста шаңғы, жазда велосипед теуіп шыныққан спортшы саналы ғұмырында қанша жасты спортқа баулыды
Бір кездегі шығыстан шыққан тұңғыш велосипедші қазақпен ойда жоқта жолықтым. Ол кісінің түскен үйіне іздеп барып сәлем бердім. Жасы 70-тен асып кеткен еңгезердей ақсақалға амандасып, таяп барып едім, баяу қимылдап келіп, менің ұсынған қолымды алды. Алақаны күректей, қарулы екені байқалды. Жас кезінде талай сұлудың арманы болғанын бүгінде мерзім мекендеген өңінен бірден байқауға болатындай. Толқынды қара шашы, кавказ жігіттеріне келетін шүңіректеу қаршыға көзі ағаның осал адам еместігін байқататындай. Қолымды қысып, көзіме тік қарап тұрып, сауалдарыма жымия жауап бере бастады.
Нағашы ағасы себепкер болыпты
Рамазан Садырбаев 1947 жылы Аягөз қаласындағы №244 (қазір Кешірім Бозтаев атында) орта мектебін бітірген. Мектеп қабырғасында жүрген шағында-ақ спортқа өте бейім, ынталы болған көрінеді. 5-сыныптан бастап шаңғы тепкен екен.
Дене шынықтыру сабағында болсын, қолымыз қалт еткен бос уақытымызда қаланың солтүстік-батысында орналасқан "Битан тауына" барып, шаңғы тебуші едік, - дейді Рамазан аға. - Қазіргідей сыныптарда оқушыларға шаңғы жетпеу деген жоқ ол кезде. Мектептің шаңғы тұратын жерінің өзі атшаптырым деуге болатындай үлкен еді. Қаз-қатар самсап тұрған шаңғылардан көз сүрінетін. Аягөздіктер "Битан тау" атап кеткен жазықтау келген биік төбелердің үстінде сырғанақ тепкен жұрттың қарасы мол болушы еді. Олар қас қарайғанша сол жерде сайран салушы еді-ау... Ал жазда жеңіл атлетикамен айналысатынмын. Өзіміздің қаламыз Аягөзде, ауданда, облыста өтіп жататын жарыстарда жүлделі орындардан көрініп, кейін Аягөз қаласының чемпионы атандым. Негізінен қыста шаңғы, жазда велосипед тептім. Бастабында жеңіл атлетикадан Шымкент, Ақтөбе облыстарында өткен Қазақстан біріншілігіне қатысып, орын алмасам да үздік ондыққа еніп жүрдім.
Бойындағы күш-қуатын сарқа пайдаланатын жас жігіт сөйтіп жүріп, аяқастынан велосипедке мойын бұрады. Онда да өзінің туған нағашысының баласы Мерхат Хамитовқа еліктеп, аталмыш спорт түріне келген болатын. Алматы денешынықтыру, кейін Семейдің медициналық институтын бітірген Мерхат сол тұста велосипед спортымен айналысып, әжептәуір жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жігіт болатын. Марат Ахметов, Юрий Слесаренко, Мерхат Хамитов, Овчинников, Поливкин деген жігіттер Аягөз велоспорты мен шаңғы спортын биік деңгейге көтеріп тастаған еді.
1965 жылы сәуір айында Семейде жеңіл атлетикадан көпкүндік жарыс өтіп, 17 жасар Рамазан Садырбаев та дүбірлі додаға қатысады. Шынын айту керек, ол жерде велосипедші жігіт жүлделі орыннан көріне алмайды. Алайда топтың соңында шаң да қаппай, әйтеуір аламанның орта тұсынан көрінген-ді.
Ол кезде спорттық велосипедтер жоққа тән. Кәдімгі великтің қанаттарын (крылоларын) жел кернейді деп алып тастайтынбыз да, зуылдата беретінбіз. Әрине, қазір ойлап отырсам, жастық қой. Көп жан-жағыңа алаңдамайсың. Алған бетіңнен қайтпайтын бір дәурен ғой екен ғой! - дейді Семей облысының велосипед спортынан тұңғыш қазақ чемпионы Рамазан Өзбекұлы.
Дегенмен, сол жолы жас жігіт өз өзіне серт беріп, аталмыш спорт түрімен түбегейлі айналысуға ден қояды. 1966 жылы шаңғы бәсекесінен жастар арасында өткен облыстық сайыстан чемпион атанды. Сол жылы шаңғышы Рамазан Садырбаев Көкшетаудың Бурабайында өткен республикалық сайыста жүлделі үшінші орын жеңіп алды. Жазғытұрым Семейде велосипедтен өткен жарыста тағы үшінші орынды місе тұтты.
100 Шақырымды 02 сағат 05 минутта жүріп өткен
Осылайша Рамазан Садырбаев Семей облыстық "Қайрат" қоғамдық бірлестігінің атынан облыстық сайыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Сөйтіп, Аягөз теміржолының "Локомотив" депосының токарі Рамазан Садырбаев тынымсыз еңбегі мен үздіксіз жаттығулардың арқасында 1967 жылдың маусым айында "КСРО спорт шебері" атағын қорғайды. Осы жолы Семейде өткен Қазақстан теміржолшылары арасындағы жарыста велошабандоз Рамазан Садырбаев 100 шақырым қашықтықты 2 сағат 05 минутта, 25 шақырымды 33 минут 43 секундта жүріп өтіп, мамандардың назарын өзіне аударта білді. Кейін Семейде, Көкпектіде, Бородулихада, Георгиевкадағы (Қалбатау) 50-100 шақырым қашықтықтар бойынша велобәйгелерде көмбеге бірінші болып келіп, жеңісті ешкімге бермеген еді. Сол жылы Алматыда еліміз бойынша спартакиада өтіп, 25, 120 шақырымдарда ол үшінші орын алады. Ал жалпы, Аягөз ауданының спортшылары 100 шақырымдық жарыста команда бойынша чемпион атанады. Сол жолы ел назарын өзіне аудартқан жас жігіт Рамазан Садырбаев Қазақ ССР спорт комитетінің төрағасы Аманша Ақбаевтың қолынан "Құрмет грамотасын" алған болатын. Көп ұзамай-ақ Ресейдің Астрахань қаласында өткен Бүкілодақтық "Золотой колос" деп аталатын жарысқа қатысты. Алайда жүлделі орыннан көріне алмайды. Спорт болған соң жеңісі мен жеңілісі қатар түсіп жататын дода бұл. Көп кешікпей күз айларының бірінде Рамазанды әскер қатарына шақырып алып кетті. Ресейдің Иркутск қаласында Забайкал әскери округінде борышын өтеген ол сол жерде де Шығыс Сібір аймағы бойынша өтетін жарыстарға үздіксіз қатысып жүрді. Тіпті, бір жолы ата-баба әруағы қолдап, көмбеге бірінші жетіп, жеңіс тұғырына көтерілді.
Әскер қатарынан оралысымен Алматыдағы Қазақ дене шынықтыру институтына (Каз ГИФ) оқуға түсіп, оны отбасылық жағдайына байланысты сырттай бітіреді. Армияға алынғанға дейін локомотив депосында істеген Рамазан Садырбаевты әскер қатарынан оралысымен Михаил Бадунович Измайлов деген Аягөз спорт мектебінің директоры жаттықтырушылыққа шақырады. Зейнетке шыққанға дейін осынау сүйікті ісінен айырылмаған Рамазан аға бүгінде өзінің жүріп өткен жолына, атқарған қызметіне еш өкініш білдірмейді. Бүгінде жасы 70-ке келген ақсақал кейде оңаша қалған бір сәттерінде өткен шақтардың елесіне шомып, жүріп өткен жолының оңы мен солын, дұрыс-бұрыстығын сараптап көреді. Қаншама спортшыларды тәрбиелеп шығарыпты, қаншама жанға тәлімді тәрбие берген көрінеді...
Иә, Рамазан ағаның бүгінгі келбеті мен бет-бейнесіне қарап, уақыт атты зымыранның салған шиырлар мен зардаптарын анық байқауға болады. Ағаның қимылы бәсең, құлағы нашар естиді, қан қысымы жоғары. Үлкен спорттың аты - үлкен спорт. Жан теріңді сығып алатынын біреу білсе, біреу білмейді...
Балалары әке жолын қуыпты
Бүгінгі күні Алматы қаласында тұратын Рамазан аға 1987 жылға дейін Аягөзде жаттықтырушы болды, Аягөздің аудандық, қалалық білім бөлімдерінде жемісті еңбек етті. Жан жары Жансұлу Әбіләшімқызы екеуі үш қыз, екі ұлдан әлденеше немере сүйіп отырған жайы бар. Бес баласының үшеуі әке жолын қуып, спорт жаттықтырушысы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып отыр. Үлкен ұлы Ерлан Сексенбаев суда жүзуден жаттықтырушы болса, Талғат Рамазанұлы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Анель Рамазанқызы спорт инструкторы.
Бір қуанарлығы: сол тұстағы Сергиопольдегі (бүгінгі Мамырсу) Аягөз спорт мектебінің ашылуына өз үлесін қосты. Ауданның алғашқы спорт мектебінің директоры болды. Бір сөзбен айтқанда, ол кісінің жас ұрпақты спортқа баулуда атқарған еңбегі орасан. Оның бір шәкірті Анатолий Божко Одақ көлемінде чемпион атанды. Енді бірі Олег Ялунин жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионы болды.
Жерлестеріме рақмет! 1996 жылы Аягөз аудандық дене шынықтыру және спорт мектебінің басшысы Еркін Юсупов бауырымның бастамасымен менің 09рмет3ме волейболдан турнир өткізді. Бұл да болса, жерлестерімнің әлі де мені ұмытпағаны деп білдім. Рас, одан бері ширек ғасыр өтті... Дегенмен, ешкімге де өкпе артпаймын, бауырым, - деп ол кісі алып денесімен орындықтан көтерілді...