Неке шарты дегеніміз не және ол қалай бекітіледі?
Тағдырдың жазуымен дәм-тұзы жараспай, жолы екіге айырылған ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті бөлісу барысында келісімге келе алмай, соттан сотқа жүгініп жататын жағдайлар жиі кездеседі
Бірі екіншісіне артық үлес кетті деп әбден әуре-сарсаңға түседі. Сөйтіп ортақ мүлікті бөлісе алмай, жылдар бойы соттың табалдырығын тоздырады. Оған уақыттары зая кетіп, жүйке жұқарады. Мұны болдырмас үшін не істеу керек? Осы және өзге де сұрақтарымызға қаламыздағы адвокат-заңгер Дидар Абилмажинов жауап берді.
Ажырасқан ерлі-зайыптылардың мүлікті бөлісе алмау жағдайының алдын алу үшін не істеген жөн?
- Мұндай әуре-сарсаңды болдырмас үшін өркениетті елдерде неке шарты жасалады. Біздің елдің заңнамасында да неке шарты бар. Неке шартын тек үйлену алдында ғана емес, некеде тұрған кезде де, кез келген уақытта жасауға болады. Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы кодексінің 40, 41-баптары негізінде әрбір ерлі-зайыпты неке шартын жасауға құқылы. Әрі бұл шартты олар кез келген уақытта өзгертуге немесе бұзуына болады. Бірақ аталған шартта заң мазмұнында көрсетілген мәселелер ғана қамтылады.
Неке шартының мазмұнына не кіреді?
- Оған: ортақ меншік тәртібін өзгерту; барлық мүлікке қатысты тәртіп белгілеу; жекелеген мүлік түріне режім тәртібін белгілеу; ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкіне режім белгілеу; қазір қолда бар мүлікке қатысты және болашақтағы мүлікке қатысты тәртіп белгілеу; ерлі-зайыптылардың бірін-бірі күтіп, бағу жөніндегі міндеттер тәртібі; бір-бірінің табыстарына қатысу тәсілдерін айқындау; әрқайсысының отбасылық шығыстарын шығару тәртібін айқындау; неке бұзылған жағдайда әрқайсысына берілетін мүлікті айқындау кіреді.
Неке шарты қандай жағдайда бұзылады?
- Неке шарты ерлi-зайыптылардың келiсiмі бойынша кез келген уақытта өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Сондай-ақ, неке шартын орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмейдi. Егер сот ерлі-зайыптылардың біреуін, хабар-ошарсыз кеткен және әрекетке қабілетсіз деп таныса, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі және қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса, неке ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша тіркеуші органдарда, яғни АХАТ бөлімінде бұзылады.
Неке шартына енгізілмейтін мәселелер қандай?
- Келісімшартқа енгізілмейтін мәселелердің бірі - ата-аналық міндеттерді орындау бойынша, яғни балаға қатысты кездесу, қарым-қатынас жасау деген сияқты шектеулер неке шартына енгізілмейді. Сонымен қатар, екеуінің арасындағы жеке қарым-қатынастарға байланысты, үй шаруашылығына байланысты, кәдімгі жеке өмірдегі мәселелер бойынша міндетемелер шартқа енгізілмейді. Егер ерлі-зайыптының біреуі мұқтаж болған жағдайда, мәселен, әрекетке қабілетсіз немесе басқа жағдайлармен зайыбына мұқтаж болып, соған төлемақы алу бойынша жағдайлар да бұл шартқа енгізілмейді, - дейді адвокат Дидар Абилмажинов.
Қорыта айтқанда, некеге тұру мен оны бұзу тиісті заңдылықтарға сай реттеледі. Бірақ елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын болашақ ұрпақ үшін ата-ананың ажыраспағаны дұрыс. Өйткені толық отбасында өскен баланың дамуы қалыпты болады. Сот әркез татуласу рәсімін қолдайды және әр шаңырақ шаттыққа бөленгенін қалайды.