Өскемендегі 28-шағын аудан ең перспективті ауданға айнала ма?
Облыс әкімі 28-ші шағын ауданның жақын арада облыс орталығындағы ең перспективті аудандардың біріне айналарына сенімді
Газетіміздің алдыңғы сандарында Өскемен қаласындағы 28-ші шағын ауданда жаңадан салынып жатқан үйлердің сапасыз әрі аудан маңы жүріп-тұруға қолайсыз екені жайлы жазған болатынбыз.
28-ші шағын ауданда "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша салынған үйлерді әкімдік талай жылдан бері кезекте тұрған отбасыларға былтыр жеңілдетілген ипотекамен берген болатын. Зорға дегенде қол жеткізген баспана үмітті ақтамады. Алыстан қарағанда қызарып көз тартқанымен, сапасы сын көтермейтін болып шықты.
Үйлердің сапасына көңіліміз мүлдем толмайды. Сазды жерге салынғандықтан, іргетасы жарылып кетті. Жарылған әр кірпішке белгі қойып жүрмін. Өйткені үйді салған мердігер компания өкіліне дәлелдеуім керек. Ең сорақысы кірпіштерін де дұрыс жинамаған. Қисық. Төбесі де жұқа, қыста қырауланып кетеді. Үй іші дымқыл болғандықтан қырықаяқ пен қара шегіртке қаптап кетті. Еденнің асты еріген қардан жиналған су. Ызғары сезіліп тұрады. Біздің үй қайта көрім. Басқалары, тіпті, әлі үйіне көшіп кіре аламай отыр, - деген еді ықшам аудан тұрғыны Ербол Атаев.
Күні кеше облыс әкімі Даниал Ахметов осы ауданға барып, жағдайды бақылап қайтты.
Шағын ауданда ауқымды көлемде жеке тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, 54 жобалық үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 1000-нан астам жер учаскесі дайын. Барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйесі қарастырылған - жолдар, балалар алаңдары және басқа да абаттандыру нысандары, - дейді Даниал Ахметов. - Көктемде жер асты сулары деңгейінің өсуіне байланысты мәселе туындағаны рас. Қазір арнайы құжаттар дайындалып, барлық қажетті жөндеу жұмыстарды басталады. Бұдан басқа, жағдай қайталанбауы үшін қосымша геологиялық зерттеулер де жүргізіледі. Қажет болған жағдайда мұнда суларды бұру технологиясы қолданылады. Шағын ауданда мектеп, үш балабақша және жүз орындық емхана салу жоспарланған. Сонымен қатар, мен аудандағы үйлердің жобалары әртүрлі болуы үшін өзге жобаларды дайындауды тапсырдым. Қазірдің өзінде салынған 54 үй өте ыңғайлы әрі заманауи. Жақын арада бұл облыс орталығындағы ең перспективті аудандардың біріне айналары сөзсіз.