Биыл ШҚО-ның бірнеше ауданындағы ауруханалар қалыпқа келтірілуде
Риддер қаласындағы ауруханалардың тозығы жетіп, халықты қабылдауда жарамсыз күйде
1938 жылы бой көтерген ғимаратқа биыл 84 жыл болды. Ғимаратқа қанша жөндеу жұмыстары жасалса да, ескінің аты ескі. Риддер қалалық ауруханасы 12 корпусқа таратылған. Қазіргі уақытта стационар 165 төсек-орынға есептелген, ал емхана бір ауысымда 385 науқасты қабылдай алады. Алайда іс жүзінде қабылдауға күн сайын 2 есе көп риддерлік келеді. Тозығы жеткен ауруханада жоғары білімді мамандар да жұмыс істегісі келмей ме, әйтеуір, ауруханада білікті мамандардың тапшылығы да қатты байқалады. Ал ауданда жаңа аурухана мен мектеп салынады деген уәде 2020 жылы беріліп, енді ғана қолға алынып жатыр екен.
Риддерде де құрылысы жүріп жатқан жаңа ауруханада болдым. Заманауи құралдармен жабдықталған ауруханада 140 жатын орынға арналған стационар бар. Ал емханасы күніне 500 адамға дейін қабылдайтын болады, - деп атап өтті облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар, облыс басшысы Катонқарағайдағы ауруханалардың жай-күйімен де танысып қайтты. Себебі Катонқарағай аудандық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және ең заманауи медициналық жабдықтар орнатылмақ.
Қазір перзентхана бөлімшесін екінші деңгейге ауыстыру бойынша дайындық жүріп жатыр. Бұл жақын маңдағы ауылдардан босанатын әйелдерге Алтайға немесе облыс орталығына барудың қажеті жоқ дегенді білдіреді, - деп атап өтті облыс басшысы Даниал Кенжетайұлы.
Сонымен қатар, ауруханада су құбыры желілерін салу, жолдар мен аулаларды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде.