Бұл мешітте Құнанбай, Абай, Шәкәрім намаз оқыған
Семейде орналасқан елдегі ең көне мешіттердің бірі жөнделді
Семей қаласында орналасқан Тыныбай мешітіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жамағатқа есігін қайта ашты.
Тыныбай мешіті - Семей қаласындағы, тіпті, қазақ еліндегі ең көне мешіттердің бірі. Тыныбай мешітін 1836 жылы еліміздің біртуар азаматтарының бірі, дін жанашыры Тыныбай Кәукенұлы салғызған еді. Кейін мешіт сол кісінің есімімен аталып кеткен.
Бұл мешітте Құнанбай, Абай, Шәкәрім аталарымыз намаз оқыған. Алаш арыс-тары маңдайларын сәждеге қойған, 200 жылға жуық тарихы бар Тыныбай мешіті бүгінгі күні қайта жаңартылды. Бұл жерде жөндеу жұмыстары сонау Кеңес дәуірінен бастап жүргізілмеген. Семейлік кәсіпкер, AMANAT партиясының депутаты Әсемхан Досқұжанов мешіт маңындағы аумақты аббаттандырып, мешіт маңындағы аумаққа асфальт төсеу және жөндеу жұмыстарын жүргізуді өзі көтеріп алған. Сонымен қатар, семейлік кәсіпкер мешіттегі қатымханаға қаржылық қолдау білдірген. Мешіт жанынан былтыр салына бастаған медресе-хатымхана ғимаратының құрылысы аяқталып, халықтың игілігіне табысталды. Мұсылман қауымы үшін қастерлі мереке Ораза айттың күнінде осы кешенді ғимараттың ашылу рәсімі салтанатты түрде аталып өтіп, ашылу лентасын Семей аймағының бас имамы Асқар Әбітайұлы мен дәрігер-ұстаз, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі Мұзаффар ақсақал және AMANAT партиясының атынан сайланған Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, белгілі меценат Әсемхан Серікханұлы қиды.
Бұл мешіттің сан ғасырлық тарихы бар. Бұл жерге әлі күнге дейін адамдар келеді. Меценаттардың арқасында мешіт маңайы аббаттандырылды. Мешітке баратын көшеге асфальт төселді. Бұрын бұл жердің жолы нашар болатын, адамдардың жетуі қиын болатын. Осы тұста демеушілерге алғысымызды білдіреміз, - деді мешіттің бас имамы Мақсат Қажы Қуанышбекұлы.