Шығыстағы ішімдік пен темекіден бас тартқан жалғыз ауыл
Осы күндері елімізде арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Ол елді мекендердің дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды, дастарқанға арақ-шарап қойылмайды. Мәселен, Ұлан ауданындағы Жанұзақ ауылының тұрғындары ішімдік пен темекіден түбегейлі бас тартқан
Дүниедегі ең қиын нәрсе - адамның өз нәпсісін жеңуі. Адам бәрімен күресе алады, бірақ өзімен күресуді ылғи ұмыт қалдырады. Бүгінгі қоғамдағы болып жатқан жайттарға қарасақ, соған анық көзіміз жетеді. Технолоиялық жақтан қанша дамып жатқанымызбен, рухани әлемнің бостығы адамзатты небір қиындықтарға әкеп тіреп жатыр. Соның бірі – маскүнемдік. Әсіресе осы пандемия кезінде елімізде ішімдік көп пайдаланылыпты. Адамгершілік қағидасына салсақ та, діни тұрғыдан келсек те, арақ-шарап атаулы туралы жақсы айтылмайды. Бұл ретте қоғамда алкогольді ішімдіктерден бас тарту құптарлық жағдай.
Ащы су мен темекіден арылғанына 4 жыл
Ұлан ауданындағы Жанұзақ ауылының тұрғындары кейінгі буынға үлгі болсын деген ниетпен ішімдіктен осыдан үш жыл бұрын бас тартқан. Содан бері аталған ауылдағы барлық дүкеннің сөрелерінен «арам су мен темекі» алынып тасталған. Жанұзақ ауылында 64 отбасы тұрады. Яғни, 275-ке тарта тұрғын бар. Арақ атаулыдан бас тарту жөніндегі бастаманы бірінші болып ауыл ақсақалдары көтерген. Көпшілік бұл бастаманы бірден қолдай кеткен. Басқа ауылдардың тоз-тозы шығып, тұрғындары қалаға қарай көшіп жатқанда жанұзақтықтар шаруа қожалықтарын ашып, өз өнімдерін саудалап, пайдалы іспен айналысып жатыр. Сондай-ақ, ауылда мектеп, мешіт, футбол алаңы да бар. Ауыл жастары бос уақыттарын босқа өткізбейді. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауылда бір дүкен ғана бар. Онда шырыннан басқа сусын сатылмайды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, той-томалақ та арақсыз өтеді екен. Есесіне тойда төбелес, тойдан кейін бас ауыру болмайды екен.
Ауылымызда ішімдік біраз жыл болды сатылмайды. Себебі мұнда ешкім арақ ішпейді. Бұл болашақ ұрпақты тәрбиелеуге үлкен көмек. Ал ауыл жастарына келетін болсақ, олар спортпен шұғылданады, - дейді ауыл тұрғыны Маржангүл Мағауиянова.
Сондай-ақ, аталмыш бастамаға сол ауылдық округтің әкімі қолдау көрсетіп, халықтың жұдырықтай жұмылуына үлес қосқан.
Негізінен ауыл адамдары барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Сүт, құрт, қаймақ өндіреді. Өз өнімдерін қалаға апарып сатады. 2019 жылдан бастап ауылда мүлдем темекі мен арақ сатылмайды, - дейді Егінсу ауылдық округінің әкімі Ерасыл Бейдженбаев.
Ауыл тұрмысы түзелген
Ащы сумен темекіден бас тартқанына риза болысып, ауызбіршілігі нығая түскен ауыл тұрғындары енді тек жақсылықпен ғана айналысатын көрінеді. Соңғы жылдары ауыл тұрғындары қолжеткізген жетістіктері өте көп екен. Мәселен, осы ауылдың тумасы, қазір Парламент Мәжілісінің депутаты болып отырған Берік Дүйсембиновтің тікелей жетекшілігімен футбол алаңы салынған. Жасанды газон төселген. Бұл жерде футболдан турнирлері де жиі ұйымдастырылып тұрады. Сонымен қатар, ауылдық мектеп жөндеуден өтіп, жаңадан балалар ойын алаңы салынған. Мектепке «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша жас мамандар көп келеді екен. Аудан тарапынан оларға жақсы қолдау көрсетіледі. Ауыл халқы осы тұста тұрғындарды, әсіресе, жас буынды имандылыққа тәрбиелеп отырған мешіттің жұмысын ерекше атап өтті. Тұрғындар жұма намазынан қалмайды екен. Жақын арада ауылда медресе ашылмақ.
Шағын медресеміз ашылғалы жатыр. Балалар келіп, медреседен білім алса дейміз. Адамдар мешітті құлшылық ететін, садақа беретін орын деп қабылдайды. Бірақ жақсылықтың барлығы осы мешіттен басталуы керек, мешіт адамдарға үлгі болуға тиіс, - дейді Жанұзақ мешітінің имамы Нұрлан Харсласханұлы.
Ауылдан шыққан кәсіпкерлер ауылды дамытуға үлес қосудың түрлі тетіктерін қарастырып, ізгі ниетті шараларды қолға алған. Кейбіреулер сатып алған дүниесімен мақтанатын болса, бұл ауыл азаматтары бір-бірімен туған жеріне тигізетін пайдасы тұрғысынан жарысатын көрінеді. Ауылда бір ғана дүкен бар. Сатушы денсаулыққа зиянды тауарларды жастар үшін сөрелерден алып тастағанын айтты.
Бүгінгі таңда кешегі тоқсаныншы жылдардағыдай емес, жастар арақ ішпейтін болды. Бұрын той-томалаққа ішімдік қойылмаса, ұят саналатын. Ал қазір тойларда адал дастарқан жайылып жүргеніне куәміз. Соның игілігін көріп жүрміз деп те ойлаймын. Жастар салауатты өмір салтын ұстануы үшін мен ішімдік пен темекі өнімдерін сатпауға ұйғардым, - дейді дүкен сатушысы Зинаят Сабырова.
Арақтан бас тартқанының арқасында қазіргі таңда ауылдың берекесі артып отыр. Қазақстанда әрбір бесінші қылмыс мас күйде жасалады екен. Статистикаға сүйенсек, қылмыс санына шаққанда жылына ішімдік ішкендердің қатысуымен 20 мыңдай қылмыс тіркеледі екен. Ал жанұзақтықтар темекі мен арақтан бас тартқалы, бұл ауылда соңғы 3 жылдан бері қылмыс түгілі, бұзақылық оқиғасы тіркелмепті.
Ақсақалдар кеңесінің шешімімен 2019 жылы алкогольді ішімдік және темекі өнімдерін сатуға тыйым салу туралы шешім қабылданды. Әрине, бұл шешім тек пайда әкелді. Себебі ауылдағы қылмыстық жағдай тұрақты бола бастады. Ол ауылдан бұзақылыққа байланысты қоңыраулар келмейді. Бұл жас ұрпаққа оң әсер етеді, себебі балалар мұны әдет деп қабылдайды, - деп атап өтті ШҚО ПД ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Татьяна Карпова.
Ақмолалықтар ішімдікке әуес
Әлемде 7 миллиардтан астам халықтың үштен бірі ішімдік ішеді екен. Біздің ел де ішімдікке құмар елдердің қатарынан көрінеді. Халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен. Соңғы дерек бойынша Қазақстанда бір жылда 261,5 миллион литр сыра өндірілген. Сарапшылардың есебінше, Оңтүстік Қазақстан - алкогольді сусындарды ең аз ішетін өңір. Мұндағы көрсеткіш көш басындағы өңірден 20 есе аз. Арақ ішуден Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда 15 жастан асқан тұрғындардың әрқайсысына жылына 6 литр ішімдіктен келеді. Ал аз ішетін өңір оңтүстікте небары 300 грамнан.
Арақ атамыздан қалған ас емес. Қоғам да одан біржола, бір демде арылып кете алмайтыны түсінікті. Бірақ бүгінде елімізде арақ сатылмайтын, ішімдік ішілмейтін ауылдар саны көбейіп келеді. Ол ауылдардың дүкендерінде ішімдік атаулы сатылмайды, темекі тартылмайды, дастарханға арақ-шарап қойылмайды. Осылайша бүкіл елге үлгі болып отырған ауылдар елімізде қаптап келеді. Олар: Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Алмалы ауылында 159 отбасы, яғни 1187 адам тұрады. Осы облыстың Ордабасы ауданына қарасты Жусансай ауылында да арақ түгілі темекі сатылмайды. Жусансай ауылында 1100 тұрғыны бар 120 шаңырақ түтін түтетіп отыр. Ауылда 3 дүкен бар. Ешқайсысында ішімдік сатылмайды. Арақ тек оңтүстік облыстарда ғана емес, солтүстік облыстарда да сатылмайды. Атап айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік елді мекенінің тұрғындары 16 жылдан бері дастарханына арақ-шарап жуытпапты. Содан бері бұл ауылда ұрлық-қарлық, қылмыс деген атымен болмаған.
Ақмола облысының Еңбек ауылының дүкендерінде де арақ сатылмайды. Оған себепкер болған осы ауылдың тұрғыны Майдан апа екен. Ол кісі 2002 жылы ауылдағы өз үйін бұздырып, орнына мешіт салдырған. Сөйтіп мешіт ашылғаннан кейін жерлестерін арақтан арылуға шақырыпты.
Ащы судан бас тартқан ауылдардың бірі - Алматы облысы Райымбек ауданының Сарыбастау ауылы. Бұл ауылды арақтан арашалаған ауыл мектебі жанынан құрылған «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық қоры екен. Араққа «аулақ» деген тағы бір елдімекен – осы Райымбек ауданының Қақпақ ауылы. Бұл ауылдан спорт шеберлері Ардақ пен Бейбіт Назаров шыққан. Ауыл жастары осы азаматтарды үлгі тұтып, айтқан сөздеріне құлақ салып келеді. Алматы облысына қарайтын Жыланды ауылы да арақтан бас тартқан. Бұл ауылда он жылдан бері жиын-тойларда тек қымыз ұсынылады екен. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Өзгент ауылында да ішімдік сатылмайтын көрінеді.
Қазақстанның барлық ауылдарында арақ сатылмаса, ащы суға жоламайтын ұрпақ өссе екен деймін. Болашақта қазақ балалары арақ дегенді білмейтін заманның келетініне сенемің.