Катонқарағай ауданындағы Еңбек ауылында қатымхананың іргетасы қаланды
Еңбекшілер үшін 100 адамға арналған қатымхана құрылысы қолға алынды
Кеңестік кездегі дінге қырын қарау саясатынан елімізде мешіттер саны азайып, халық діннен алыстап кеткен еді. Алайда Тәуелсіздік алғаннан кейін сауаттылық, имандылық деңгейі артып, адамгершілік, жанашырлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттерді насихаттайтын түрлі шаралар атқарылып келеді. Мәселен, Катонқарағай ауданы маңындағы Еңбек ауылында қатымхана бой көтеруде.
Еңбекшілер үшін 100 адамға арналған қатымхана құрылысы қолға алынды. Ауыл тұрғындары қар кетіп, жер қарайғанда көптен бері ойға алған шаруаға кірісіп те кеткен. Ынтымағы жарасқан, ұйымшылдығы мықты ауыл тұрғындары өз күшімен қатымхана тұрғызып жатыр. Яғни, ауыл тұрғындары мен осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтар қолынан келген көмегін аямай, қатымхана құрылысын қолға алған. Ал ауыл әйелдері болса, жұмысшыларға дәм дайындап, өз үлестерін қосуда. Бұл бастама, әсіресе, қыстың көзі қырауда қатым түсіріп, ас беру үшін орын таппай қиналған ауыл тұрғындарына жақсы болды.
Қазіргі кезде қай ауылда болмасын мешіті, жанында қатымханасы бар. Заман дамыған сайын неше түрлі дәмханалар, мейрамханалар салынып, қайтыс болған адамның жетісін, қырқын, асын беру сияқты қалыптасқан дәстүрлерді сондай орындарда өткізу дағдыға айналған. Алайда той-думан, ойын-сауық болып, шайтанның суы құйылатын жерлерде ондай шараларды өткізу дұрыс емес. Сондықтан ауыл халқына қатымхана қажет болды. Демеуші іздеп біраз жүрдік. Дегенмен, "Жанашыры болса - ел тозбайды, азаматы болса - ел азбайды" дегендей, ауылымыздағы жомарт жандар, азаматтар осы бір сауапты істі өз мойындарына алып, жекенің қолынан ғимарат сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті, - дейді ауыл ақсақалы Жәкен Сарамысов.
302 тұрғын мекендеген Еңбек ауылында неше жылдан бері көкейде жүрген түйінді мәселесі шешім тапты. Қатымхананың құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Алла үйін тұрғызған адам үшін жәннатта сарай салынатынын өсиет етіп, сүйіншілеген. Ендеше салынып жатқан қатымхана имандылықтың темірқазығына айналсын. Ең бастысы, біріміз бастаған игілікті істі екіншіміз сабақтастырып, үшіншіміз тереңдете білсек, ел іргесін бүтін ұстарымыз анық.