Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал тұрғындары мың түп алма көшетін отырғызды
Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылында жергілікті халық жиналып 1200 көшет отырғызды. Олардың 1000 түбі жеміс беретін алма ағашы, 200 түбі қайың ағаш. Болашақта Қаратал ауылы жайқалған жасыл баққа айналмақ
Көктем келіп, көк шыға көшет егу маусымы басталды. Осыған орай Үлкен Қаратал ауылы тұрғындарының бастамасымен 4,5 гектар жер қоршалып, 1000 түп алма, 200 түп қайың көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, бұл игі іске ауыл тұрғындары, әкімшілік, мәдениет қызметкерлері және Қаратал, Қазақстан орта мектептерінің ұжымдары атсалысты. "Туған жерге туыңды тік" деген халық даналығын ескерсек, өскен ортамызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуы тиіс. Ақсақалдар алқасының мүшесі Ринат Усанов бата беріп, алма бағына өз үлесін қосып көшеттер отырғызды. Жасыл желек жанға сая. Бабымен нәр берсең, тіршіліктің сәніне айналады. Мұны Ринат ақсақал жақсы біледі. Сондықтан жылда үйінің ауласына бала-шағасымен түрлі жеміс-жидектер егіп, көшеттер отырғызады. Жасы 70-тен асқан қария осылайша ұрпақтарына үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Немерелеріне ағаш егудің маңыздылығын түсіндіруден еш жалыққан емес.
Ызғарлы қыс айы өтіп, көктем келді. Ауламызды тазалап, ағаш көшеттерін отырғызатын кезең туды. Бұл бастама қараталдықтардың ұсыныстары бойынша атқарылып отыр. Бос жатқан жерге алма мен қайың ағаштарын отырғызып, өз ауылымыздың көркеюіне үлес қосуымыз керек. Қазіргі заманда жалқаулыққа бой алдыруға болмайды. Осындай орайлы істер арқылы туған жерді түлетуге мүмкіндік бар. Есесіне біраз күтім жасап, баптап жіберсек, алма сияқты жеміс-жидек түрлерін сырттан тасымалдамаймыз, - дейді ақсақалдар алқасының мүшесі Ринат Усанов.