Риддердегі ЖЭО жылу қазандықтары да, трубиналары да тозған
Облыс әкімі Даниал Ахметов Риддер ЖЭО басшылығының және "Қазмырыш" ЖШС өкілдерінің қатысуымен жұмысшы-сараптама тобының отырысын өткізді
Жұмысшы-сараптама тобы жылу қазандықтары 86,4 пайызға, ал турбиналары 56,6 пайызға тозғанын анықтаған. Өткен қыс маусымында осы Риддер ЖЭО-да үш апат орын алған еді.
Кәсіпорын менеджменті өзінің ең ірі жылу энергиясын тұтынушысы - "Қазмырыш" қала құраушы кәсіпорнымен сындарлы жұмыс жасай алмады, - дейді өңір басшысы Даниал Ахметов. - Біз ЖЭО-ның дәлелдерін тыңдадық, "Қазмырыш" диалогынан соң тараптар техникалық шарттарды келіскеннен кейін 2022-2023 жылыту маусымына шарт жасасу мүмкіндігін қарастыруға дайын екендерін білдірді. Сонымен, мамыр айында тәуелсіз сарапшылар тобы талдау жүргізіп, ЖЭО-ны жөндеуге қанша қаражат жұмсау керектігі, объектінің иелері қанша инвестиция сала алатындығы, сондай-ақ қаланың бүкіл жылу жүйесіне зерттеу жүргізу туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруі керек деп шешілді.
Облыс әкімі әрбір тұрғын үйдің, коммерциялық және әлеуметтік нысанның 15 қыркүйекке дейін жылыту мау-сымына әзірлік паспорты болуы тиіс деп пәрмен берді.
Бұл мәселе өте өткір және Риддер ЖЭО-ның қызметі қазіргі жағдайда үлкен алаңдаушылық туғызады. Сондықтан мамыр айында мен одан әрі әрекет етудің нақты жоспарын қарастырамын, - деді облыс басшысы.