Өскемендегі NIS оқушылары өңірге белгілі ақын-жазушылармен кездесті
Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы қазақ әдебиетіне арналған «Қазағымның әдебиеті» атты ауқымды жобаны қолға алды
Барлық NIS мектептерінде оқушылар, ұстаздар белгілі ақын-жазушылармен тікелей жүздессе, ата-аналар бірыңғай әдебиет сабағын мектептің YouTube арналары мен басқа да интернет-платформаларда тікелей эфирден көре алды. «Қазағымның әдебиеті» NIS-тің «Ұлы дала ақындары», «Замандастар жырлары», «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер», «Wikipedia», READx, «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қоғамға қызмет ету», «Ғылыми орта», «Даналық бейсенбі», «100 ән», «100 күй» сынды әдеби және әлеуметтік жобаларымен тоғысып отыр.
Өскемен қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінде әдеби-сазды кеш «Талантымен табындырған қаламгерлер» тақырыбында өтті.
Кешке ақын, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы Әрімбек Мәселұлы, журналист, ақын-жазушы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Әлібек Қаңтарбаев және ақын Қалқаман Сарин шақырылды.
Қонақтар мен көрермендер арасында тікелей сұхбат болды. Оқушылар қонақтардың шығармашылығы туралы ғана емес, олардың қызметі туралы да сұрақтар қойды. Көрермендерге Әлібек Қаңтарбаевтың өзі жеке таныс болған Оралхан Бөкей туралы әңгімесін тыңдау өте қызықты болғанын айтады ұйымдастырушылар.
Әрімбек Масалов вокалистеріміздің қолтаңбасына айналған «Қазақстан - қазақ елім» әнінің жазылу тарихына тоқталды. Дәл осы әнімен Өскемен қаласы NIS мектебінің вокалдық-эстрадалық тобы республикалық байқауларда бірнеше рет жүлделі орындарға ие болған, - деп мәлімдеді NIS мектебінің баспасөз қызметі.
Бұл кездесу NIS жүйесіндегі барлық жобалардың ашыла түсуіне ықпал етіп, мектеп қауымдастығының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырары анық.