Өскемен
пасмурно
-4°
  • Өскемен
    -4°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -5°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -7°
  • Тараз
    +3°
  • Туркестан
    +5°
  • Шымкент
    +7°
$
498.34
+3.47
519.72
-0.93
¥
68.79
+0.45
4.85
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Асқар Наймантаев жөргегінде театр сахнасына шығыпты

Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев - актер, режиссер, сатирик, сценарийші, педагог

Усть-Каменогорск и ВКО / Асқар Наймантаев жөргегінде театр сахнасына шығыпты

Ол 1965 жылы Алматы облысы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. "Алматы

театр және көркемсурет" институтында КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева мен Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловтың сыныбында "театр және кино актері" мамандығы бойынша оқып, диплом алған соң Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрына жолдама алды. Асқар Әбдіғалымұлының да бүкіл балалық шағы сол театр іргесінде өтті.

Сұхбат - фотоны автор ұсынды (5).jpg

Асқар Әбдіғалымұлы, сіздің бүкіл өміріңіз театр-мен тығыз байланыста десек, қателеспейміз ғой деймін... Жалпы, бұл кездейсоқтық па, жоқ әлде адамның басына жазылған жазмыш па?

- Мұны өз басым құдайдың басқа жазған жазмышы ғой деп ойлаймын. Иә, әкем Әбдіғалым Наймантаев "Нарынқол халық театрында" режиссер, анам Рафия Райжанова актриса болып қызмет етті. Менің да балалық шағым сол жерде өтті. Сондықтан, мен өнерге өгей емеспін. Тіпті, жөргегімде жатып, рөл "сомдаған" жанмын (жымиды). Сенбейсіз бе!? Айтайын... Сол халық театры сахнасында М. Әуезовтің "Еңлік-Кебек" спектакліндегі Еңліктің баласының орнына жөргектегі кезімде шығыппын. Әкем мен анам театрда жүрсе, мен қайда барады екенмін... Тіпті, спектакльдердің репетициясы кезінде қалқиып отырып, актерлердің барлық рөлдерінің сөздерін жаттап алады екенмін. Баланың есте сақтау қабілеті ғаламат болады ғой. Әуезовтің "Түнгі сарын" спектаклін бастан-аяқ жаттап алады екенмін. Сол тілім шыққан 3-4 жасар кезім болса керек. Әйтеуір тоқтамай сөйлейтін заржақ болған сияқтымын. Сол тұста театрда КСРО-ның еңбек сіңірген қайраткері Алдаберген Нұрбеков деген кәсіби режиссері болған. Сол кісі менің тілімді қызық көреді екен де әр қойылым біткен сайын менен: "Асқар, ал айтшы, кім қай жерде қандай қате жіберді, кім сөзден жаңылды?" деп сұраса, мен бүкіл әртісті "ұстап" береді екенмін: "Анау ана жерінде қателесті, мынау сөзін дұрыс айтқан жоқ" деп. Содан бір күні жалғыз өзім "Түнгі сарын" спектаклін басынан аяғына дейін "ойнап" шығыппын. Кейін есейген кезімде сол Алдаберген аға осыны таңғалып айтып жүрді. Орындықта отырып, ара-тұра тұрып кетіп "ойнайды" екенмін. "Әке көрген оқ жонар" деген, мектеп қабырғасында жүргенімде бірнеше пьесаларды сахналаған екенмін. Әрине, қазір ойлап отырсам, бұл өнерге деген іңкәрлік пе, режиссер әкеге еліктеу ме... білмеймін. Әйтеуір, менің бүкіл өмірім өнерге арналыпты.

Орта мектепті бітіргеннен кейін құжаттарыңызды бірден өнер институтына тапсырған шығарсыз!

- 1982 жылы мектепті алтын медальмен бітіргеннен кейін менің аттестатым Нарынқолдан келмей, 7 шілдеде емтихан басталып кеткеннен кейін ауылдағы ел-жұрттан ұялып (намыстанып) құжаттарымды Қазақ ауылшаруашылығы институтының "Финанс кредит" факультетіне тапсырып, түсіп кеттім. Бірақ ойым әлі де өнерде. Отарынан айырылған жетім қозыдай сол жаққа қарап, жәутеңдеймін. Үш жыл оқыдым. Әкей қайтыс болды. Академиялық демалыс алып, ауылға келдім де әкем өмір бойы директор болған халық театрын басқардым. Содан 1985 жылы өнер институтына қайта түсіп, 1989 жылы бітірдім.

Асеке, сіз "Терісқақпай", "Аққу-Гәкку" комедиялық театрларында, көптеген спектакльдерде басты рөлдерді сомдадыңыз. Ж. Тәшенов, И. Саввинннің "Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды" спектаклінде Нұртаза рөлін, Ш. Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ күн" спектаклінде Сәбитжан рөлін, М. Мақатаевтың "Қош, махаббатында" Қасым, Ж. Аймауытовтың "Ақбілегінде" Балташ рөлдерін сомдап, Әзірбайжан Мәмбетов, Асанәлі Әшімов, Болат Атабаев, Әубәкір Рахимовтай дарынды режиссерлермен қызмет атқардыңыз. "Тамаша" ойын-сауық отауы арқылы көпшілікке танымал болдыңыз. Сіздің тележүргізуші ретінде де “TamashaTV” арнасында “Бір ғанибет”, “Jastar TV” арнасында “Масқара шоу” хабарларын жүргізгеніңізді білеміз. Режиссер болу қиынға соқпаған болар?

- Иә, Жамбыл облыстық драма театрында Оспанхан Әубәкіровтің "Терісқақпай" комедиясын "Ңөң" деген атпен қойдым. Қызылжар театрында "Меңдуана-махаббат" деген спектакль сахналадым. Жалпы, менің экрандағы режиссерлігім "Қымызханадан" басталады. Былтыр сіздердің жерлестеріңіз Серік Жұматтың "Вампир-күйеу" деген комедиясын кино қылып түсірдім. Сол сияқты, Мұқағали Мақатаевтың "Аққулар ұйықтағанда" поэмасын қысқа метражды фильм етіп түсіргенмін. Қайбір жылы украиналық Кирилл Бин деген режиссер "Домашние войны" сериалын түсірген еді. Киевте тұрады, жастар театрында жұмыс істейді. Екі маусымын түсіргеннен кейін алғашқы "Майдан" кезіндегі қақтығыстан ата-анасын
уайымдап үшінші маусымды түсіруден бас тартты да маған аманаттап кетіп еді. Үшінші маусымды мен аяқтағанмын. Бұл да сериал саласындағы бір режиссерлік жұмысым деуге болады.

Сұхбат - фотоны автор ұсынды (9).jpg

Сіз былтыр Аягөз ауданына келіп, әйгілі композитор, әнші Тұрсынғазы Рахымовтың 70 жылдығын тойлаған шараның ішінде болдыңыз. Кейін Қарасаздағы Мұқағали Мақатаевтың музей үйінің ішінен Түкең жайлы бұрыш аштыңыз. Бұл қос талантқа деген құрмет қой...

- Ақын Мұқағали мен бала Тұрсынғазы екеуінің композитордың ағасы Ерғазы Рахымовтың ықпалымен кездескені жайлы хабардармыз. Қос талантты рухани байланыстырып тұрған бірі сөзін, бірі әнін жазған "Сәби болғым келеді" шығармасы ғой. Түкең Мұқағали өлеңдеріне бірсыпыра ән жазған адам. Жалпы, Тұрсынғазы ағамен танысуым қызық болып еді. Мұқағали атындағы сыйлықты қайта қалпына келтіріп, алғашқысын кімге берерімді ақылдасуға Одаққа, Нұрлан Оразалин ағаға келдім. Ағам бір құлаш тізім ұстап отыр. Ақын-жазушылар түгел. "Ойбай, аға, бұл сыйлықпен Одақтың жыртығын жамамаймын, Мұқағалиға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, композитор, актерлер, суретшілер қайда қалады онда?" "Композитор десең, Нұрғиса Тілендиев қой! Дариға жеңгемізге табыстайық" - деді аға. "Жоқ, өлген адамға беру өтірік болады. Нұрғиса ағадан кейінгі композитор Тұрсынғазы Рахимов, соған беру керек!" - деймін мен. Сонымен ол кісінің үйінің телефон нөмірін тауып, өзінің Алматыға келіп, сыйлықты алуы керектігін түсіндірдім. Түкең: "Өй, қалай болар екен, жол да алыс, мынау бір аяқ астынан болып..." Қысқасы, аға келіп, омырауына тақтық. Үлкен бір телевизор бердім, конвертіне саларым аздау болып қалды. Ол кезде аренда, жарық, жарнама, ТВ-ға түсіру... бәрі ақша еді ғой. Ойланып тұрғанымда Мақпал Жүнісова жеңгем "Аске, не болды, басың салбырап кетіпті ғой?", - деп келе қалды. Сол жолы Мақпал да сыйлық алушы еді. Жағдайды айттым, ағама берерім аз сияқты болып тұр дедім. Мақпал жеңгем сол кезде ерлік көрсетті: "Аске, маған медаліңді тағып, қолыма бос конверт бере сал, кім біліп жатыр соны. Тұрсынғазы ағаға маған береріңді бер. Ағамыз разы болып кетсін!" - дегені. Солай істедім. Мақпал екеумізден басқа жан білген жоқ. Ағамыз гримерныйда көзіне жас үйіріп, көңілі босап отырды біраз. "Балам-оу, төбемді көкке жеткіздің, сенің маңдайыңнан сүйгеннен басқа менде алғыстың түрі табылмай тұр" - дейді. Маған сол да жетеді. Медальді қорабына салдырып, сыртын бет орамалмен оратып, қалтаға салғызып алды. "Жоғалтқышпын, Семейге аман жетсін" - деп қояды. Шығып бара жатып "Өй, балам, мынаны тақ қайтадан, мына алматылықтар көрімдік беруі керек қой!" - деп қайта тақызды. Ағама жасаған қызметім осы ғана болатын.

Сұхбат - фотоны автор ұсынды (1).jpg




Следующая →