Жарамазан - жақсылық жаршысы: Ұмыт болған салтымызды жаңғырту өз қолымызда
Жер жүзінің мұсылман халқы қасиетті Рамазан айында ораза ұстап, бес парызының бірін орындап жатыр. Бір айдың аралығында ауыз бекіткен әр мұсылман діни сауатын арттыруға тырысады. Рамазан айы басталысымен үй-үйді аралап жарамазан айтып жүрген балаларды көреміз. Бұл дәстүр, әсіресе, ауылды жерлерде жақсы тараған
Бүкіл қазақ, мұсылман жұрты үшін ең ұлық ай боп есептелетін Рамазанның басталғанын жырлайтын жарамазан да ұлттық болмысымыз бен дәстүрлі дінімізді жаңғыртудағы ұтымды жолдардың бірі деуге болады. Осы ретте, бүгінгі Тәуелсіз елімізде, өшкеніміз қайта жанып, өлгеніміз тірілген уақытта адамгершілікті, имандылықты, әділет пен адалдықты, діннің қадір- қасиеті мен тұнығын, оразаны дәріптейтін жарамазанды жаңғырту арқылы ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
"Жарапазан" сөзінің шығу тарихы
Атауы мен болмысы да өзгеріске ұшырап, бұрмалаушылыққа түскен жақсылықтың жаршысын бүгінгі заманауи қоғамда жаңғырта түссек, рухани жаңғыру жолындағы құптарлық қадамның бірі болары анық. Ата-бабаларымыз ап-анық әрі түсінікті тілмен жарамазан деп атаған осы бір ораза кезінде айтылатын жыр неліктен "жарапазанға" ауысып кеткен? Бәрімізге белгілі, жарамазан айту - тек ораза айында орындалатын үрдістердің бірі. Осы жарамазанды біреулер "жарапазан" деп айтып та, жазып та жүр. Өйткені "жарапазан" деген мағынасыз атау исламдық ғұрыптар мен ұстанымдардың барлығын аяқасты еткен кешегі кеңес идеологиясы тұсында пайда болған. Анығын айтқанда, әу бастағы аталуы кемсітіліп, айтылуы өзгеріске ұшыраған сөз. Сол кездегі атеистер кеңестік әдебиеттерде жарамазанды жұртқа жағымсыз әрі түк мағынасыз тұрғыда көрсетпек ниетпен оны ораза уақытында кедейлер кеш түсе байлардың үйлеріне барып, ән-жырмен қайыр сұрайтын дағдының бір түрі болған деп көрсеткені аздай, атауын да өзгертіп жіберген. Мәселен, "Дала уәлаяты", "Түркістан уәлаяты", "Ақжол" сияқты ескілікті, яғни ұлы қазан төңкерісінен бұрын шығып тұрған газеттерде "жарамазан" деп жазса, 1928 жылы "Советская степь" газетінде "жарапазан" деген бұрма атаумен алғаш рет шыққан. Содан бері кеңестік басылымдардың барлығы да "Советская степь" салып берген жаңа әрі тұрпайы атауды қайталаған. Демек, жарамазанның ортасындағы "м" әрпін "п"-ға ауыстырып, "жарапазан" деген кемсітпе атауды кеңес идеологтары қалыптастырған. Күні бүгінге дейін жарамазан сөзі санамызда "жарапазан" болып сіңіп кеткен.
Ал оның шығу тарихына келсек... ертеде арабтар рамазан, яғни ораза айы түскенде таң азанымен топ-тобымен бақуат кісілердің үйлеріне барып: "Тұрыңдар. Ұлы айдың сәресі ішетін тағы бір таңы атты. Бәрің де қатардан қалмай, Алланың шапағатына бөленіңдер" деген пиғылдағы сөздерге саятын шумақтары, басқа ешқандай әнге ұқсамайтын мақамы бар әуен-жырды жырлайтын болған. Бұл әндері үшін байлар оларға тиісінше сый-сияпат көрсеткен. Осы әуенді олар "жә-ә рамазан" деп атаған. Сол "жә-ә рамазан" (жарамазан) ешбір діндік парыз-сүннеттердің қатарына жатқызылмаса да исламмен еріп, қазақ даласына келген.
Жарамазан жадымыздан неге өшіп барады?
Қазіргі таңда жарамазанның қоғамдағы рөлі айрықша деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Жарамазан секілді жырлар рухқа күш беретін, жанға байлық пен нәр сыйлайтын, кедейлердің қанағаты мен байлардың шапағатты болуын, ең бастысы қайырымды болуын көздейтін дүние. Ислам Орта Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда онымен бірге келген жарамазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған.
Баяғыда жарамазан жырын бүкіл қазақ ауылы болып айтқан болса, ал қазіргі кезде ол қолданыстан қалып бара жатыр. Елімізде Рамазан айының қасиеті асқақтап, арамызда ораза ұстаушылар қатары жылдан жылға молаюда, ата-бабамыздың мұра боп жеткен Жарамазан жыры қайтадан жаңғыруы қажет, - дейді Зекет және қайырымдылық қорының Өскемен аймағы өкілдігі бойынша өкілі, дінтанушы Берік Кәдірұлы.
Ал бүгінде жастардың басым бөлігі бұл салт-дәстүрді ерсі көреді. Қызығушылықтары басқаға ауған бұл заманда Қасиетті айда көшенің сәнін келтіріп, жарамазанды жарыса айтатындардың қарасы жоқтың қасы. Мәселен, айлардың сұлтаны Қасиетті Рамазан айында ауызашарлар көп берілуде. Олар заманға сай сән-салтанаты жарасқан зәулім тойханаларда өткізіліп жүр. Ол жерге түрлі салада қызмет қылып, еңбек етіп жүрген жасты-кәрілі жиналатындардың қарасы қалың. Әлбетте күн ұзақ ауыз бекітіп, ораза тұтқан жамағаттың басты қалауы ас ішіп, ауқаттанып алу. Осы ретте арнайы имам да шақырылып, уағыздар айтылуда, сондағы байқағаным, айтылып жатқан уағыздың керекті деңгейде тыңдалмауында. Мәселе халықтың құлықсыздығында емес, қарапайым адами фактор соған әкелуде. Осы тұста жоғарыда аталған дәстүрді неге жаңғыртпасқа деген сұрақ туындауы орынды.
Ойлап қарасақ, ауыз ашып ауқаттанып алған соң, халықтың басым көпшілігі мешітке тарауық намазына баруға асығып отырады. Сол себепті көп уақыт алмайтын, өнегеге толы, дәстүрмен дін исламды жырлайтын, мазмұны, отырысқа сай жыр-термелер мен жарамазанды айтуды дәстүрге айналдырып, жандандырсақ, ол да насихаттың әдемі үйлесін тапқан бір түрі болар еді.
Діни сенім арқау еткен, өзіндік сарыны бар жарамазанды, дәстүрді ақпараттық технологиялық дамыған заманда насихаттау қиынға түсе қоймас. Елімізге етене еніп, арам пиғылдарымен ел ішіне іріткі салып, жастардың санасын улап жүрген жат ағымдармен күрес жүргізуде де ықпал ете алады. Сонымен қатар, ұлттық мол мұрамызды да дәріптеуге мүмкіндік туар еді, - дейді дінтанушы Берік Кәдірұлы.
Бүгінде қазақ өнерпаздарының арасында діни, насихат өлеңдер айту баршылық. Мәселен, жарамазанға арнайы ән жаздырып, бейнебаян түсіріп, нақышына келтіре орындап жүрген жалғыз топ "Алашұлы". Бұдан өзге әлеуметтік желілерден оқтын-оқтын бой көрсетіп жүрген бірқатар насихат орындаулар бар. Осы орайда жарамазанда айтылатын өлең жолдарын мемлекеттің мүддесіне сай қолдануға әбден болады. Мәселен, төрткүл дүние көз тіккен Қазақстанның басты ерекшеліктерінің бірі де бірегейі ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулықты, отансүйгіштікті жырға қосып, насихаттасақ, ол да өз кезегінде ниеті бөтен жат діни ағымдардың алдын алуға септігін тигізбек.
Айтайын, айт дегенде жарамазан,
Бір келген он екі айда ораза иман.
Ассалаумағалейкум, дәуіт ғалам,
Ағаға осы үйдегі бердік сәлем.
Ағаға осы үйдегі берсек сәлем,
Сәлемді қабыл көрсін хақ Тағалам!
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Мәуесі жер мен көкке тиіп тұрған,
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Мінгені Пайғамбардың жирен дейді,
Намазды он екіңде үйрен дейді.
Намазды он екіде үйренгесін,
Тіліңе қызыл істік түйрелмейді.
Меккеде бір ағаш бар іші қуыс,
Ораза намазыңның несі жұмыс.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Бейіштен құрма жейсің уыс-уыс.
Меккеде бір ағаш бар иіп тұрған,
Бұтағы жер мен көкке тиіп тұрған.
Ораза намазыңды тұтып барсаң,
Алдыңда Нұрмұхаммет күліп тұрған.
Біреуі бес намаздың - таң намазы,
Оқыған тал түстегі қай намазы.
Ораза намазыңды күтіп барсаң,
Терісі шұбар киіктен - жайнамазы.