ШҚО-да кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді 201 адам алды
2022 жылғы 22 сәуірдегі жағдай бойынша облыстың эндемиялық аумақтарында кене шағумен барлығы 229 адам жүгінген
Жүгінгендердің ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 80, яғни кене шағудан зардап шеккендердің 35%-ын құрап отыр.
Биыл кене шағудың эпидемиологиялық маусымы ұзаққа созылған салқын көктемге байланысты жай басталды. Осыған байланысты өткен жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда биылғы эпидемиологиялық маусым басталғалы әзірге кене шағу жағдайлары аз.
Ағымдағы кезеңде облыс аумағында кене инфекцияларымен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ. Көп жылдық эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей ШҚО-да аурудың алғашқы жағдайлары мамыр айынан бастап тіркеледі, - деп мәлімдеді ШҚО СЭБД баспасөз қызметі. - Алдын алу мақсатында кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді кене шағудан зардап шеккен 201 адам алды. Қалғандары келесі себептерге байланысты алған жоқ, олар – кеш мерзімде медициналық көмекке жүгіну, медициналық көрсетілімдерге байланысты және т.б. себептер.
Қазіргі уақытта эндемиялық аумақтардың медициналық ұйымдарында кене шағудан зардап шеккен адамдарға алдын алу көмегін көрсету үшін кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин препаратының қоры жеткілікті мөлшерде.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша кене энцефалитінің табиғи ошағы – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңайлары екенін айта кеткен жөн.
Департамент кене энцефалитінен қорғанудың ең тиімді әрі кепілді жолы кенені соруға жол бермеу болып табылатынын еске салады, ол жеке қорғанудың қарапайым шараларын сақтау: кенелердің киім астына кіруін шектейтін қорғаныш киімін пайдалану, репелленттерді (үркітетін құралдарды) қолдану және өзін және өзара тексеру жүргізу.