Өскеменде Құран Кәрімді жатқа оқудан жарыс өтеді
Шығыс Қазақстан облысы "Халифа Алтай" мешітінде Құран Кәрімді жатқа оқудан "Қош келдің, Құран айы" атты облыстық жарыс өтеді
Құран Кәрім - шариғаттың шамшырағы. Құранның қарасын араб тілінде жүргізіп, нақышына келтіріп оқитын оқушыны - қари, толық жаттаған адамды хафиз деп атайды. Алла тағала Құранның өзінде: "Құран оқылғанда оған құлақ салындар әрі тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіндер" десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед: (с.ғ.с): "Сендердің ең жақсыларың - Құранды үйреніп, оны үйреткендерің" деп өсиет қалдырған.
Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шығыс Қазақстан облысының Өскемен аймағы өкілдігі 27 сәуірде, сағат таңғы 10.00-де Құран Кәрімді жатқа оқудан жарысқа шақырады. Жарысқа қатысушылар Құран Кәрімді жатқа оқудан, 1 параны толық жатқа айтудан және Құранның жарты парасын жатқа айтудан, сондай-ақ он сүрені жатқа айтудан жарысады. Оқырманға түсінікті болуы үшін айтайық, Құранның бір парасы - 20 беттен, жарты парасы 10 беттен тұрады. Барлық жеңімпаздарға мешіт атынан бағалы сыйлықтар қарастырылған. Жарыста Алла сөзін жүрегімен сезініп жатқа айтып, қазылар алқасының көңілінен шыққан қатысушылар, 1 миллион теңге немесе бас жүлде "Умра қажылығына" ие бола алады.