Жарма ауданында сүт өңдеу цехі іске қосылды
Жарма ауданындағы Әуезов кентінде "Сарыбас" шаруа қожалығында отандық сүт өңдеу цехін пайдалануға беру бойынша ұзақ мерзімді жоба іске қосылды
Қазақ қашаннан "Ақ мол болсын" деп, сүт өнімдерінің қадіріне ерекше мән берген. Елімізде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің 20 пайызы сүт өндірісінің үлесінде екендігі белгілі. Сүт өнімдерін пайдалану көлемі жыл сайын артып келе жатқандығын ескерсек, бұл көрсеткішті бұдан әрі көбейту қажеттілігі туындайтыны айқын. Алайда дастарханынан құрт-ірімшігі үзілмеген елде сүт индустриясының толық деңгейде ілгерілемей отырғандығы қынжылтады.
Дегенмен Жарма ауданындағы Әуезов кентінде "Сарыбас" шаруа қожалығында халықтың күнделікті ас мәзіріндегі сүт өнімдерін өңдейтін цехті пайдалануға беру бойынша жоба іске қосылды.
Жергілікті кәсіпкерлер мен тұрғындарды отандық тауар өндірісін қолдауға шақырамыз, сол арқылы жергілікті нарықты қолжетімді бағадағы сүт өнімдерімен қамтамасыз етеміз, - дейді аудан әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Шаруашылық симментал тұқымды сүт бағытындағы сиырларды өсірумен айналысады. Бұл жұмыстың өңір экономикасының дамуында елеулі маңызы бар, ең бастысы - баға, сапа және қолжетімділік. Өндірілген тауар сертификатталған, фирмалық қаптамасы бар, майлылығы 3,2%-ды құрайды, жарамдылық мерзімі 5 күн, өндірушінің бағасы бойынша 1 литріне 250 теңге мөлшерінде жергілікті азық-түлік дүкендеріне жеткізіледі. Қызметтің осы түріне рұқсат беру құжаттары бар.
Жармалықтар сүт өңдеу цехінің ашылуынан аудан үшін тек игілік күтеді. Себебі сүттің өзін ғана сатқаннан, оны өңдеп сату қай тарапқа да тиімді. Біріншіден, өнім түрі молаяды. Екіншіден, халық сұранысын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады, аудан бюджетіне түсетін салық та бар. Алдағы уақытта цехтің қуаттылығын арттырумен бірге, жұмыс орындарын да көптеп ашу жоспарланған. Бұл екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыс іздеп жүрген ауыл тұрғындары үшін өте қолайлы жоба болды.