Тарих пәнінде қандай өзгерістер болады?
Алдағы уақытта оқушылар тарих пәнінен ауызша және жазбаша эмтихан тапсыраболадытын
Жуықта Петропавл қаласында тарих пәні мұғалімдерінің съезі өтті. Съезге 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен бірқатар жоғары оқу орнының басшылары қатысты.
Жиын барысында көптеген ұсыныстар айтылды. Министрлік тарих пәнін оқытуға қатысты бірқатар өзгерістер енгізді. Яғни алдағы уақытта Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихы оқулықтары еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады. Жоғары оқу орындарында қазіргі "Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының" орнына "Қазақстан тарихы" пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырлар және жаңа заманды қамтиды.
Енді ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даяр-лау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады. Бағалау бойынша өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін, - деді Білім министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фейсбук парақшасында.
Сонымен қатар, тарихшылар 5-сыныпта Қазақстан тарихынан бұрын мектеп бағдарламасында болған және осы жастағы оқушылардың түсінігіне сай тақырыптарды қайтаруды ұсынды. "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңарту жайлы айтты. Қазір Қазақстан тарихының негізгі курсы 9-сыныпта аяқталса, 10-11-сыныпта негізінен проблемалық сұрақтар оқытылады. Осыған байланысты мұғалімдер мен ғалымдар 6-сыныптан бас-тап 11-сыныпқа дейін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихты толыққанды зерттеуді ұсынды.
Мысалы, 6-сыныпты алып қарайық. 2016 жылдан бері бір ғана 6-сыныптың бағдарламасы 12 ғасырға жуық уақытты қамтыды.Айта кету керек, VI ғасырдан XVIII ғасырдың басына дейін өте маңызды тарихи кезеңдер болды. Ұлы дала тарихының бұл маңызды кезеңі түркі мемлекеттерінің, Алтын Орда мемлекетінің және Қазақ хандығының дәуірін қамтиды, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов. - Енді осы тақырыптарды бір сынып емес, материалды толыққанды меңгеруді қамтамасыз ету үшін оқу бағдарламасын екі сынып бойынша бөлу ұсынылып отыр. Мен бұл ұсыныстың барлығын орынды деп санаймын. Бағдарламаларды жаңарту жөніндегі сарапшылар тобы бұл ұсынысты қосымша қарайды.