Өскемендік студенттерге ауызашар берді
Қасиетті Рамазан айында "Халифа Алтай" мешіті мен С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті студенттерге арнап дәстүрлі түрде ауызашар берді
Мыңға жуық студентке жайылған дастархан басында Өскемен өңірі бойынша бас имам Ермек қажы Мұқатай жастарға арнап мазмұнды, салихалы әңгімелер айтып, қасиетті Рамазан айының ерекшелігін насихаттады.
Рамазан сауаптар еселенетін ай. Бұл айда көбірек дұға жасап, ата-анамызға, ұстаздарымызға құрмет көрсетіп, барлық жағынан үлгі болуымыз керек. Исламға қатысты сұрақтарды мешіттен алыңыздар. Әсіресе жат ағымдардан аулақ болыңыздар, - дейді бас имам Ермек қажы Мұқатай.
Сонымен қатар, студенттерді діни сауатты болуға, теріс ағымнан сақ болуға шақырды. Жастар тәрбиесі елдің ертеңі үшін маңызға ие екендігіне тоқталды.
Ауызашар шарасында Аманжолов университеті ШҚУ-дың ректоры Мұхтар Төлеген «Халифа Алтай» мешіті мен университет арасында серіктестіктің іргесі берік екенін атап өтіп, зор қолдауы үшін мешіт қызметкерлеріне алғыс білдірді. Айта кетейік, жақын арада облыстық мешіт аумағында Аманжолов университеті аллеясы ашылмақ.