ШҚО-да 51 жастағы ер адам есірткіге мас күйінде көлік тізгіндеген
Ақтоғай бекетінің басты көшелерін барлау барысында полиция қызметкерлері тоқтатқан көлікті тізгіндеген азамат 2020 жылы жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды
Тәртіп сақшылары азаматтың өзін бір түрлі ұстағанын және есірткі шегуі мүмкін деген күдік тудырғанын хабарлады. Сол себепті медициналық тексерістен өткізуге емханаға жеткізілген.
Медициналық сараптамаға сәйкес, 51 жастағы бұл азаматтың каннабиоид есірткісіне мас екені анықталған, - деп мәлімдеді ШҚО ПД.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша қамау изоляторына тоғытылған.
Осы фактіге байланысты ҚР ҚК 346-бабы «Көлік жүргізу құқығынан айырыла отырып көлік тізгіндеу және алкогольдік, есірткіге мас немесе токсикоманиялық мастық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, - деп атап өтті ШҚО ПД.
Тәртіп бұзған азамат бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.