"Шабыт" жас ақындар мектебі қайта жаңғырды
Бүгін Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапхананың жанынан ашылған "Шабыт" жас ақындар мектебі өз жұмысын қайта бастады
1994 жылы Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, ақын Серік Ғабдуллаұлы негізін қалаған "Шабыт" жас ақындар мектебінің ендігі тізгінін айтыскер ақын Серік Қуанған қолға алды.
30 жылға жуық жұмыс атқарған "Шабыт" ақындар мектебі шығыстың қаншама өнерге талпынған жас дарындарының қабілетін дамытып, қаламын ұштады.
Айтулы шараға қаламыздың аға буын өкілдері Әлібек Қаңтарбаев, Серік Құсанбаев, Қалқаман Сарин, Түсіпхан Түсіпбек, Әскерхан Ахтай, Абаш Кәкенов және Олжас Керейхан қатысып, жас ақындарға ақ батасын берді.
"Шабыт" жас ақындар мектебі өз жұмысын қайта жаңғыртқаны құптарлық іс болды. Себебі бұл әдеби орта жастар шығармашылығын дамытуға зор үлесін қосуда. Менің ойымша, осы мектепке тек ақындарды ғана емес, әр сала мамандарын қамтығанымыз дұрыс. Себебі тәжірибе алмасу арқылы жан-жақты дамуға жол ашамыз, - дейді Өскемен қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин.
Кештің шымылдығын "Шабыт" ақындар мектебінің мүшесі жас ақын, С. Аманжолов универсиетінің 2-курс студенті Мейрамбек Бақытханның тамаша арнауымен түрді. Сонымен қатар, ақындар мектебінің бұрынғы түлектері өлең мен жырдан шашу шашып, айтыс ұйымдастырды.
Шара соңында кітапханамыз "Шабыт" ақындар мектебінің мүшелеріне алғыс хаттар табыстады.