Глубокое-Өскемен бағытында автобус жүреді
Елдегі карантиндік шектеулерге байланысты Глубокое кентінен қалаға қатынайтын жолаушылар саны азайғандықтан автобус тоқтап қалған еді
Аудан әкімінің есептік кездесулерінде тұрғындар осы қоғамдық көлік мәселесі бойынша сұрақтарды жиі көтеретін. Алайда кент тұрғындарының қатынас көлігіне қатысты мәселесін шешуге осыған дейінгі аудан басшылары тәуекел ете алмады. Оның себебі де түсінікті: маршруттар шығынды ақтамайды. Осы орайда таксистердің асығы алшысынан түсіп тұр, бағаны да көтеріп жіберген. Алайда күні кеше тұрғындардың арыз-шағымдары ескеріліп, қоғамдық көлік мәселесі оңтайлы шешім тапты. Ауданның жаңа әкімі Эльдар Тумашинов мәселені шешу үшін аудандағы негізгі тасымалдаушы "Қаратаев Ю.А." ЖК-мен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде Өскемен-Глубокое арасына автобус қатынайтын болды.
Қоғамдық көліктің іске қосылғаны көңіл қуантады. Өйткені аудан халқының саны жылдан жылға артуда. Ал тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық көлікті пайдаланады. Бұл бастама әсіресе, күнделікті жұмысқа баратын тұрғындар мен мектепке қатынайтын оқушыларға өте қолайлы болды. Алдағы уақытта көліктердің саны көбейіп, қатынау жиілігі артатынына сенемін, - дейді Глубокое ауданының тұрғыны Серік Мұсабаев.
Такси жүргізушілері бағаны көтергеннен бері тұрғындарға облыс орталығына жету тіпті мұңға айналған.
Қазіргі уақытта күніне төрт рейс жасаймыз. Бұл кестені әзірге сынама ретінде қолданып жүрміз. Алдағы уақытта өзгеруі де мүмкін. Сондай-ақ, тұрғындар үшін жол жүру құны 300 теңге, - деп мәлімдеді көлік компаниясы.