Көнені жаңғыртқан "Тақия той"
Өскеменде алғаш рет елімізде болмаған "Тақия той" байқауы ұйымдастырылды. Облыстық байқауға 34 тақия қатысты және жеңімпаздар қомақты сый-сияпатпен марапатталды
Атадан балаға мирас болған жәдігерлеріміздің бірі - ұлттық киімдеріміз. Ұлттық болмасымызды әйгілейтін ұлттық киімдеріміздің ішіндегі ең елеулісі - тақия. Көне тарих қойнауына көз жіберсек, байырғы қазақ дәстүрінде ерлер де, әйелдер де жалаңбас жүрмеген. Бас киім адамның жасына қарай бөлінген және әр оюы мен тасына терең мағынаны астарлап жасырған.
Әр ұлттың өз сыртқы кескін белгісі, ішкі жан дүниесі болады. Бір ұлттан бір ұлтты ерекшелендіріп тұратын екі нәрсе бар: мәдениеті және тілі. Көпұлтты Қазақстанымыздың өзінде қаншама ұлт өкілдері тұрса, олардың әрқайсының өзіндік ерекшеліктері, ұлттық дәстүрі, таным-түсінігі бар. Соның ішінде қазақтың ұлттық бір ерекшелігі - бас киімі, ұлттық тақия - ұлдардың оюлы тақиясы, қыздар киген моншақты тақия, ақсақалдар киген тақия және т.б. бөлінеді. Кешегі қазақтың батырлары мен билері, ақындары мен жазушылары тақияны шешпей киген. Сондықтан біз ұлттық дүниелерді жаңғырту мақсатында "Тақия той" байқауын ұйымдастырдық. Бұл біздің жаңа Қазақстанға жасаған бір қадамымыз. Әр істеген дүниеміздің астарында ұлттық қадір-қасиетті, ұрпақ санасына сіңіру, ұлттық дәстүрімізді дәріптеу мақсаты жатуы керек, - деді Өскемен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қалқаман Сарин.
Байқау жарияланған уақыттан бастап Оралхан Бөкей атындағы кітапхана мамандары әлеуметтік желілердегі өздерінің парақшаларында қазақтың қара тақиясының маңыздылығы мен құндылығын арттыру мақсатында "Тақия киген тұлғалар" айдарын жүргізді. Сол арқылы әр оқырман Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұзафар Әлімбаев, Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ғабит Мүсірепов, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Әлкей Марғұлан, Тұрмағанбет Ізтілеуов, Манап Көкеновтердің барлығы төбеден тақиясын тастамаған тау тұлғалар екенін біле алды.
"Тақия тойды" арнайы Наурыз мерекесінің қарсаңында ұйымдастырдық. Себебі Наурыз мейрамы - біздің ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін уақыт. Сондықтан біз ешкім елеп-ескере бермейтін қазақтың тақиясын ерекшелеу үшін "Тақия той" байқауын өткіздік. Мұндағы басты мақсатымыз - ұмыт болып бара жатқан тақияларды жаңғырту және тақия киюду трендке айналдыру, - деді Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың маманы Таңнұр Башай.
Бұл байқауға Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан басқа еліміздің өзге өңірлерінен де қатысуға өтініш білдіргендер табылған. Дегенмен облыстық байқауға тек облыс тұрғындарының жұмыстары қабылданды.
Байқауға кәсіби шеберлердің еңбектері қатыстырылған жоқ, бірақ оларды көрмеге қойдық. Сонымен қатар, дайын тақияны әшекейлеген немесе сыртына ою ойып, желіммен жабыстырылған тақияларды әдемілігіне қарамастан бағалаудан алып тастадық. Жүлделі орындар бәйгесіне қарапайым, әуесқой шеберлердің тақиялары қатысты, - деп атап өтті қазылар алқасының мүшесі, журналист Айтмұхамбет Қасымов.
Байқаудың талабы бойынша тақия өз қолымен тігілген, ұлттық оюмен өрнектелеген, әшекейлер қолданылған, сапасы жақсы матадан жасалған болуы керек. Бір адамға бірнеше тақия ұсынуға болады және тақия тігу барысын бейнеге түсіріп тапсыру керек болды. Бұл талаптардың сақталуын және тақияларды бағалауды мұражай қызметкері, тарихшы, кәсіби тігін шеберлігінен колледжде сабақ беретін оқытушы, мәдениет саласының қызметкерлері жүргізді.
Бағалау жүргізген кезде біз бірде-бір шебердің аты-жөнін білмедік. Әрбір тақия санмен белгіленген болды. Біз бағалауды сол сандарға қарап жүргіздік, - деп атап өтті Айтмұхамбет Қасымов.
Байқау қортындысы бойынша бас жүлдені №5 тақияның тігіншісі Бақытгүл Шәріп алды. Ол арнайы біз-кестемен тігіп, әсем тастармен көмкерген, самайында ілінген екі салпыншағы бар қыздардың тақиясын ұсынды.
Мен байқауға қатысу барысында анам бала күнімізде бізге арнап тіккен тақияны есіме түсіріп, қайта жаңғырттым. Бұл тақияны қыздар той-томалақтарда киген, - деп атап өтті Бақытгүл Шәріп.
Жүлделі бірінші орынға ие болған тақияның да тарихы терең. Бұл тақия Абай атамыздың елі - Тобықты руының қыздары киген тақия. Шебері Мира Солтаева. Екінші орын Алтын Әди есімді шеберге бұйырды. Ол да қыз-келіншектерге арналған той-томалақтарда киетін тақия тікті. Үшінші орынды ер-азаматтарға арналған, Абай Құнанбаев басынан тастамай киген тақияның үлгісіндеп жасалған тақия иеленді.
Мен байқауға екі тақия жібердім. Бірі той тақиясы, екіншісі күнделікті өмірде киюге арналған тақия. Байқауға дайындық барысында Абай киген тақия, Құнанбай киген тақия қандай болған екен деп іздендім. Абай атамыз қазақтың қарапайым сырма тақиясын киген екен. Осы сырма тақияны үлкен апам тіккен. Сондықтан мен еш қиналмастан бір сағаттың ішінде оны тоқып шықтым. Іші киіз, сырты барқыт, - деп атап өтті үшінші орынның иегері Зайсан ауданының тумасы Гүлжауар Сабитова.