Өскемен
ясно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -4°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -5°
  • Көкшетау
    -8°
  • Қостанай
    -8°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Қазақтың киіз үйі трендте

Өскеменде өзінің ғана емес, өзгенің де жеті атасын түгендеп, қазақи сананы жаңғыртып жүрген ерекше кәсіпкер бар. "Өрнек Өскемен" шеберханасын ашып, ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар мен қазақтың киіз үйін жасауды қолға алған жас кәсіпкер Нәрінбек Хабиұлымен сұхбаттасқан едік

Усть-Каменогорск и ВКО / Қазақтың киіз үйі трендте
Фото:
Н. Хабиұлының жеке мұрағатынан

Нәрінбек Хабиұлы - 1984 жылы Монғолия Баян-Өлгей аймағы, Булғын ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Монғолиядан атажұртқа 2005 жылы қоныс аударған қандасымыз келген бетте жоғары оқу орнын бітіріп, "Информатика" мамандығын алып шығады. Бітіре сала өзі оқыған оқу орнында IT-маманы болып жұмыс істейді. 2013 жылы біржолата жеке кәсібін қолға алған. Қазір білдей бір "NAIZA" компаниясы, "Ornek Oskemen" шеберханасының басшысы.


Өнер - беттегі фотоларды Н. Хабиұлы ұсынды (4).jpg


"NAIZA" компаниясы мен "Ornek Oskemen" шеберханасының негізгі жұмыс бағыты қандай?

- "Найза" компаниясы 17 жылдан бері жұмыс істейді. Компания жұмысының негізгі бағыты - сервистік жөндеу, компьютерлік техникаларды сату. Жалпы біздің жұрт текті ұрпақ тәрбиелеуді мақсат ететіні байырғы баба ғұрыптан белгілі. Халық арасында "жеті атасын білмеген жетесіз" деген сынды ой саларлық мақал-мәтелдер де баршылық. Сондай-ақ, соңғы кезде ұлттық құндылыққа көбірек мән беретін болды. Сондықтан да біз экономикалық та, рухани да пайда әкелетін кәсіптің көзін қарастырдық. Осы мақсатта "Өрнек Өскемен" шеберханасын ашып жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде жеті ата шежіресінен өзге де дүниелер жасаймыз. Мысалға, киіз үй, қазақы нақышта киім ілгіш, қыздардың әшекей, бояу заттарын салатын қорабы деген сияқты. Төрде ілулі тұратын Құран кітаптың сыртқы қорабын да сәндеп ағаштан жасаймыз. Тапсырысқа қарай жасай береміз.


Кәсіпкерлікке қалай бет бұрдыңыз?

- Университетте оқып жүріп қосымша жұмыс істедім. Соның арқасында оқу бітіре салып, өзім оқыған С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне жұмысқа орналастым. Сол оқу орнының бүкіл интернет жүйесін 5-6 жігіт жасап шықтық. Кейін мектепте жұмыс істедім. Қосымша компьютер жөндеумен айналыстым. Табысым күнделікті күн көрісімнен әрі аспады. Осылайша, тәжірибе жинап, нақты практикадан өттім. Кейін үйреніп-білгенімді, мүмкіндігімді кәсіп көзіне айналдыру керектігін түсіндім.

Кәсіпкерлік саласында өзіңізді шыңдау үшін біліміңізді қалай жетілдірдіңіз?

- Ең бастысы, бос уақыт көп, еркіндік бар дегендей. Содан бір күні бизнес тренерлерден сабақ алуды жөн көрдім. Сөйтіп, Қуаныш Шонбай деген тренерге 500 мың теңгеден астам қаржы төлеп, бір айлық курсына қатыстым. Алайда 15 күннің ішінде өзіме керегін алып үлгердім. Одан ары оқудың керегі жоқ боп қалды. Өйткені мен өз кәсібіме қажетті дүниені өмірлік тәжірибеде көріп тастаған едім. Одан кейін атақты кәсіпкер Марғұлан Сейсембайға 2 миллион теңге төлеп, бір айлық курсына қатысуға бардым. Оны да 15 күнде аяқтадым. Екеуінен де келген күннің ертеңінде бірден нәтижесін көрдім. Кейін Довладовтың 3 миллиондық курсына қатысып білімімді одан әрі жетілдірдім. Марғұлан Сейсембай жапонның "Кайдзен" экономикалық теориясы негізінде білім берді. Осылайша, уақытты үнемдеп, сапаға көшуді үйретті. Бұрын жұмыс істеу барысында ретсіздіктің кесірінен қаншама уақыт өлтіріп жүргенімді түсіндім. Қазір жұмыс істеуге қолайлылықты бірінші орынға қоятын болдым. Нәтижесінде сапалы жұмыс, табысты бизнеске көштік.


Кәсіпті бастағанда мемлекет тарапынан көмек алдыңыз ба?

- Әрине, өткен 2021 жылы 5 миллион теңге қайтарымсыз грант ұтып алдым. Ол жерде мен киіз үй жасап сатуды негізгі жоспарға алдым. Жобамда үш үлкен станок сатып алатынымды көрсеттім. Сол жерде маған олар: "Бұл бизнесің жаздың үш айында ғана жүреді, басқа уақытта пайда жоқ қой?" - деп қарсылық білдірді. Мен оларға осы үш станок арқылы он бизнес жасайтынымды айттым және дәлелдеп көрсеттім. Сіз жоғарыда сөз еткен "Өрнек Өскемен" соның біреуі ғана. Киіз үйді үлкен цехте жасап жатырмыз. Ал тағы бір жерде темір қақпалар жасап жатырмыз. Оларға да ою-өрнек салып ұлттық нақышта жасаймыз. Жалпы станоктарымыз бір күн де тоқтап тұрмайды. Болмағанда орындық, мангал, тағы да басқа тұрмысқа қажетті дүниелерді жасап сатуға шығарамыз.


Киіз үй деп қалдыңыз... Бүгінде ұлттық өнімге деген сұраныстар қай деңгейде?

- Қазақтың киіз үйіне қалай қызықпайсың, тұнып тұрған тәрбие, философия ғой. Қажетіңе жарата білсең, пайдасыз дүние болмайды. Шығыс Қазақстан облысының табиғаты туризмге сұранып тұрған өлке ғой. Неге қазақтың киіз үйін туризмді дамытуға пайдаланбасқа. Әрине, қойшының қосындай қылып емес, заманауи талапқа сай жабдықтап, ыңғайлы етіп жасап жатырмыз. Шығыстың табиғаты ылғалды болғандықтан ағаш киіз үйдің уық, кереге, шаңырағы тез майысып кетеді. Сондықтан да біз металдан жасауды қолға алдық. Екі адам құрастыра алатындай оңай әрі жеңіл етіп жасадық. Ал сыртқы жабдығын бұрынғыдай шүберек пен киізден арнайы шеберлерге тіктіреміз. Ішкі жабдығын сәнді етіп жасап, әртүрлі жарық шамдар арқылы әрлейміз. Оның үстіне қазіргі таңда ұлттық өнерге деген сұраныс жақсы. Қыз ұзату тойы немесе басқа да шараларға тапсырыс беріп жатады. Сондай-ақ. Наурыз мерекесіне киіз үйлерді қаладағы, ауыл-аймақтағы кәсіпорындар тапсырыс беріп, жарысып тігіп жатыр. Дәл өзіңіз секілді тілшілер де бізді мерекеде іздейді. Киіз үйдің қадыр-қасиетін жоғалтпай, өнерді жалғастыру - менің мақсатым.

Өнер - беттегі фотоларды Н. Хабиұлы ұсынды (1).jpg  Өнер - беттегі фотоларды Н. Хабиұлы ұсынды (2).jpg

Қазіргі таңда мұндай кәсіппен айналысатын адамдар көп пе, аз ба?

- Жалпы мұндай кәсіппен айналысатын адамдар жоқ емес, бар. Көп болғаны да жақсы ғой, ішінен сапалылары шығады, бір жағынан қолөнеріміз дамып жатса, нұр үстіне нұр. Өз өнерімізді бағалайтын жандар көбейеді, ұмыт болған дүниелер қайта өзімізге оралса, несі жаман? Тіптен киіз үй жасап жүрген орыс кісілер де бар.


Бір киіз үйді толық жасап шығу үшін қанша уақыт кетеді?

- Киіз үй шаруасы жеңіл жұмыс емес. Асықпай жасағанда шебердің екі ай, тіпті одан да көп уақыты кетеді. Бізде бір киіз үйді жасауға 4-5 күн уақыт кетеді. "Неге тез жасалады" деп ойлайтын шығарсыз. Біз "Кайдзен" бағдарламасымен жұмыс жүргіземіз. "Кайдзен" бағдарламасы дегеніміз - уақыт үнемдеп, сапаға жұмыс істеу. Бұрын жұмыс барысында 3 кісі үлгермей, ретсіздіктің кесірінен қаншама уақыт өлтіріп жүріппіз. Қазір "Кайдзен" программасына қойғанда бірақ кісіден жұмыс аспайды. Нәтижесінде сапалы жұмыс, табысты бизнес.


Сіздің қолыңыздан шыққан киіз үйлер қалай аталады?

- Ол туырлығына, яғни киізінің түсіне байланысты. Қандай қойдың жүнінен жасалса, соған қарай, ақ үй, боз үй, қоңыр үй деп атала береді. Ал тұтынушылар қандай үйді алатынын қалаулары біледі.


Киіз үйдің көлемі неше қанат?

- Көбі алты және сегіз қанат. Алайда үйдің көлемі қанатына байланысты емес. Оған қарап тұрған мәселе жоқ. Мәселе қанаттың басында. Ағаш үйді торкөз, желкөз деп атайтынын білетін боларсыз... Торкөз кішілеу болады да, қанатының бастары аздау болады. Ал желкөз үй кең, үлкен болады. Яғни, үйдің үлкен-кішілігі керегенің көзіне байланысты. Сондықтан біз тапсырыс аларда тұтынушыдан "керегі торкөз бе, желкөз бе" деп сұраймыз. Желкөз үйді алты қанат жасағанда ішіне 50-60 адам, сегіз қанатқа 70-80 адам сыяды.

Өнер - беттегі фотоларды Н. Хабиұлы ұсынды (7).jpg   Өнер - беттегі фотоларды Н. Хабиұлы ұсынды (6).jpg


Киіз үй көптің қолы жете бермейтін құнды дүние екені рас. Ғаламтордан қарасақ, алты қанатты және сегіз, он екі қанатты үйлердің құны 1,5 - 2,5 миллион теңге тұрады. Сізде өнімдеріңіздің құны қанша?

- Киіз үйді жасау қаншама еңбекті талап етеді. Дайын дүниені көргенде тұтынушыға оңай нәрсе сияқты. Бірақ еңбектен бөлек, уақыт, құрылымдарын дайындау жұмыстарының өзі аз ақша тұрмайды. Сол себепті сатушы еңбегіне қарай бағалайды. Оңтүстік, Алматы жақтарда қымбат деп естігенмін. Бізде біраз арзандау олармен салыстырғанда. 1 күнге жалға беру 50 мың теңге, сатылым бағасы 800 мың теңгеден басталады. Үй ішіндегі жасау-жабдықтардың және тапсырыс берушінің қалтасына байланысты киіз үй құны бұдан әрі өсе береді.


Сіздегі кәсіптің қоры әкеңізден қалған дәулет емес пе?

- Әкеден байлық емес, білім қалды. Жасырары жоқ, әкеміздің білімі де, байлығы да болған адам. Өз заманында мың қой айдаған, озат малшы болды. Кейін өзі кеткен соң "мал бір жұттық" дегендей, түгелдей жұтта қырылып қалды. Әкем Хаби Моңғолияның Ұлы Құрылтайының депутаты, қыр шаруашылығы министрінің озық қызметкері болған. Жалпы атақ пен абыройы жоғары адам еді. Әкеміз бізге байлықты емес, тәрбие мен білімді мұра қылып кетті. Сол тәрбие мен білімді іске жаратып, шамам келгенше табыс тауып жүрмін.

P.S. Әр қазақ "өз үйім - өлең төсегім" деп баспанасын ханның салтанатты сарайынан артық құрметтеген. Кез келген қонақ, мейлі ол хан болсын, қара болсын иіліп кіретіндей киіз үй есігінің аласа қойылуының өз мәні бар. Мұнда бүкіл бір ұлттың болмысы, рухы мен мәдениеті сайрап жатыр. Сондықтан қазақ киіз үйін жоғалтса, оны тарихи тамырдың шіри бастағанымен тең деуге болады.


Следующая →