Наурыз халықпен қайта қауышты: ШҚО аудандары мерекені қалай атап өтті?
Әлемді жайлаған пандемия салдарынан соңғы екі жыл қатарынан аталып өтпеген ұлы мереке ұлыстың ұлы күні биыл Шығыс Қазақстан облысында кең ауқымда тойлануда. Әсіресе әр аудан әз-Наурызды атап өтуге ерекше көңіл бөлді
Көктеммен бірге көркімен даламызға енетін ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз дархан еліміздің әр ауданында аталып өтті. Індеттің салдарынан түркіге ортақ ұлы мереке Наурыздың тойланбағанына екі жылдың жүзі болды. Бұл жылы шығысқазақстандықтар әз-Наурызды қалай тойлатып жатыр?...
Катонқарағай ауданы наурыз-бәйге өткізді
Шығыстың шырайлы аудандарының бірі Катонқарағайда Наурыз мерекесі екі күн тойланып, әр ауылында аталып өтті. Мәселен, Үлкен Нарын ауылының орталық алаңында "Наурызым - берекем, Наурызым - мерекем" атты концерт және орталық ипподромда аудан әкімінің жүлдесіне мерекелік "Наурыз-бәйге" ат жарысы ұйымдастырылды. Құйрық жалы таралған сәйгүліктер додасына көршілес Алтай, Көкпекті аудандарының жүйріктері қатысты. Жарыс жолына ұзын саны 40-қа таяу тұлпар қосылды. 2,5 шақырым тай жарыста Үлкен Нарын, 5 және 10 шақырымдық бәйгеде бірінші орынды Самар ауылының тұлпарлары еншіледі. Бәйгеде жеңімпаз атанған жылқы иелері мен жас шабандоздарға аудан әкімі Ділдар Қалиқан мадақтамалар мен ақшалай сыйақылар табыстады. Сондай-ақ, "Ұлы даланың жеті қыры" атты түркітілдес халықтарының ұлттық жәдігерлерінен көрме өтті. "Мәдени мұра - ғасырлар үні" атты халықтар бірлігі мен ынтымағын дәріптеу мақсатында тақырыпқа сай көрме жасап, 5 киіз үй орнатып, "Ұлттық ойындар - ұлт қазынасы" атты ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, "Қой көтеру", "Белбеу соқ", "Теңге ілу", "Шалма тастау", "Көтермек", "Қап киіп жарысу", "Қырықаяқ" сынды ойындар ойнатылды.
Бірнеше жыл қатарынан Наурызды мерекелемей, Наурыз мейрамын сағынып қалған ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін түрлі спорт жарыстарына қатысып бақтарын сынады.
Биыл ұзақ үзілістен соң Наурызды қайта тойлай бастағанымызға қуаныштымыз. Ұлттық мерекемізді шынымен сағынып қалыппыз. Бала-шаға, отбасымызбен келіп наурыз көже ішіп қуанып жатырмыз. Елімізде береке-бірлік, тыныштық болсын, - дейді ауыл тұрғыны Қуаныш Тұрлыхан.
Күршім де шет қалмады
Катонқарағаймен іргелес жатқан Күршім ауданы да мерекені кең көлемде атап өтті. Барлық ауылдық округтердің елді мекендерінде киіз үйлер құрылып, мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Күршім ауылындағы Наурыз тойы ел ағалары мен аналардың ақ тілегінен бастау алып, арнайы тігілген киіз үйлер мен орталық алаңдағы мерекелік дастарханда келушілердің барлығына ұлттық тағам "наурыз көже" ұсынылды. Театрландырылған көрініс, бата беру, дәстүрлі арқан тарту, қол күресімен қатар тоқты, серке көтеру сайыстары, концерт ұйымдастырылды. Осылайша, ұлттық мереке, халықтық қуанышқа айналды.
Шараның өтуіне жауапты сала мамандары Наурыз мерекесінің тойлануына ерекше көңіл бөлгендерін айтуда.
4 күн бойы Ұлыстың ұлы күні аталып өтілді. Әрбір күн бір атаулы іс-шараға арналды. Шараны ұйымдастыру барысында алдымен ұлттық салт-дәстүрдің жаңғыруына, тұрғындардың жаппай қамтылуына аса көңіл бөлдік. Барлық білім беру ұйымдарында "Наурыз мейрамы" ұғымы туралы тәрбие сағаттар, дәрістер, көрмелер, экскурсиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, 19 наурыздан бас-тап меценаттарды, кәсіпкерлер мен еріктілерді тарта отырып, қала, аудандарда, кент және ауылдық округтерде "Наурыз мейірімі" қайырымдылық акциялары жүргізілді. Наурыз мейрамында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды, - дейді Күршім ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Арай Қасымбекова.
Мешіттерде де айтулы күнге дүбірлі шаралар ұйымдастырып, халықтың басын қуанышта біріктірді.
Семейдің қуанышы қуанышқа ұласты
Сондай-ақ, Семейде де негізгі мерекелік шаралар орталық алаңда өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына тегін палау, шай мен бауырсақ және мерекенің міндетті атрибуты - керемет әрі дәмді наурыз көже таратты. Күні бойы қазақ күресі, гір спорты, армрестлинг бойынша спорттық жарыстар өткізілді. Мереке қонақтары асық ату ұлттық ойынында өз шеберліктерін сынап, атқа мінуге мүмкіндік алды. Этнографиялық көрме ашылған алаңда ондаған киіз үй орнатылды. Сондай-ақ, "Шеберлер қаласында" жергілікті қолөнершілер өздерінің сәндік-қолданбалы өнер туындыларын ұсынды. Шара соңында Қыдыр ата жиналған қауымға бата берді. Осыдан кейін әдемі безендірілген киіз үйлерден 100 әже шығып, тілек білдірушілерге қазақ дастарханының басты тоғамдарының бірі - бауырсақ таратты. Облыс әкімі Даниал Ахметов Семей тұрғындарына арнап құттықтау сөз сөйлеп, қала тұрғындарын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай облысын құру туралы шешімімен құттықтады.
Ел Президентінің бұл шешімі еліміздің рухани орталығы ретінде Семейдің дамуына қосымша серпін береді. Әрине, бұл аймақ экономикасының дамуына да ықпал етеді. Сіздерді Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіздігі, халықтың бірлігі мен келісімі - біздің басты байлығымыз. Әр отбасына бақыт пен амандық тілеймін. Қазақстан жасасын, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сондай-ақ, облыс әкімі мемлекеттік наградаларды табыстады. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен "Парасат" орденімен №1 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мерейғалы Көшкінов, "Құрмет" орденімен Семей қаласы маслихатының хатшысы Бейсенбек Ақжалов, Аягөз ауданы облыстық "Мөлдір сана" газетінің редакторы Бақытөмір Шалғымбаев, Тарбағатай ауданы Имашев атындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Ильясов Қанат және "Алғыс" төсбелгісімен "СемАз" ЖШС директоры Әсемхан Дускужанов және Семей медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Имдат Эфендиев марапатталды. Шара соңында мерекелік отшашу ұйымдастырылып, алаңдағы мерекелік бағдарлама жастарға арналған би кешімен аяқталды.
Үржар ауданы да мерекені кең құлашпен атап өтті. Алаңда орнатылған ұлттық нақыштағы қазақ үйлерге "Хан батыр Қабанбай 330 жыл", "Дінмұхамед Қонаевтың 110 жылдығы", "Ән падишасы - Роза Бағланова", "Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл", "Ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынов", "Әсет Найманбайұлының 155 жылдығы", Балалар жылына орай "Бала - біздің болашағымыз", "Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне 30 жыл" тақырыбында атаулар беріліп, безендірілген.