Өскемендіктер Наурызды қалай қарсы алды?
Отыз күн ойын, қырық күн тойын өткізетін қазағымыз екі жылдық шектеулерден кейін Наурыз тойын думандатып өткізді
Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары көптен күткен Наурыз мерекесін кеңінен атап өтті. Облыс бойынша шамамен 300-ден астам шара ұйымдастырылды. Тек бір Өскеменнің өзінде бірнеше ықшам аудандарында халық жиналып, дүбірлі той өткізді.
Басты мерекелік шара Өскемен қаласының орталық алаңында болды. Мұнда ауқымды мерекелік концерт өтті. Облыс басшысы Даниал Ахметов қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелерімен құттықтады.
Наурыз - береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың бастауы. Халқымызды достық пен татулыққа шақырып, көпұлтты қоғамды біріктіретін ерекше мейрам. Дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын, сан дәстүрлер көрініс табатын қуаныш. Наурыз жыл басы ғана емес, молшылық пен ырыстың жаршысы, - деді облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы. - "Жаңа Қазақстанның" даму бағытын айқындаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауының наурыз айында жариялануы мерекенің мәні мен мағынасын арттырып отыр. Өйткені жаңару мен жаңғыру наурызда бас-талады. Біз ел бірлігі мен мелмекетіміздің сындарлы саясатының арқасында барлық сынақтардан сүрінбей өтеміз. Татулық пен келісім біздің басты байлығымыз. Шуақты мерекеде әрбір шаңыраққа шаттық пен бақыт тілеймін. Наурыз мерекесі құтты болсын!
Орталық алаңда 7 көрме киіз үй тігіліп, оның ішінде халыққа танымдық көрмелер ұйымдастырылды, субұрқақ бөлігінде балалар ойын алаңдары ұйымдастырылып, алтыбақан құрылды. Халық "Шеберлер қаласы" көрмесін, мұражай жәдігерлері мен артефактілер көрмесін тамашалап, "Baursak party", "Ең дәмді Наурыз көже", "Ең дәмді палау" конкурстарына баға бере алды. "Happy Наурыз" караоке - party, спорттық жарыстар өтті. Ерлер мен әйелдер өз бақтарын қол күресінде сынады, ерлер - 24 келі, әйелдер - 12 келілік гір көтеріп жарысты, салмағы 50 келі болатын қойды кең иықты ер азаматтар көтеріп күш сынасты. Сонымен қатар, ер азаматтар уақытқа 100 келілік штанга көтеріп, арқан тартысты. Жиналған халықтың үлкені мен кішісі асық атып, балаларын атпен және понимен серуендетіп, түрлі ойындарға қатысты. Қала тұрғындары мен қонақтары мерекенің кескінін келтірген қазақтың батырларымен, ертегі кейіпкерлерімен фотосуреттерге түсіп, мәре-сәре болды.
Наурыз мерекесі республика алаңында ғана емес, "Өскемен" аллеясында (19-ықшам ауданы), Защитада (Теміржолшылар саябағы), Прохладный ауданы (№ 27 мектептің маңы), Достық үйінің алдындағы алаңда ұйымдастырылды.
Достық үйінің алдында өткен Наурыз мерекесінде этномәдени бірлестіктердің өкілдер ән шырқап, би билеп, қонақтарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Жиналған халыққа наурыз көже, бауырсақ, палау таратылды. Кішкентай бүлдіршіндерге арнап түрлі ойындар ойнатылып, жеңімпаздарға "Казцинк" ЖШС қызметкерлері шағын сыйлықтар және мерекеге келген қонақтарға дастарханға арналған 3 мыңдай сыйлықтар таратты.
Бүгін барша қазақстандықтар бір адамдай Наурыз мерекесін тойлауда. Мерекенің көңілді өтуіне "Казцинк" ЖШС өз үлесін қосуда. Мереке барысында таратылып жатқан сыйлықтардың демеушісі де осы кәсіпорын, - деп атап өтті қалалық мәслихаттың депутаты, ШҚО қоғамдық келісім орталығы - Достық үйі басшысының орынбасары Равиль Юнусов.
Сондай-ақ, Достық үйінің алдындағы алаңда да киіз үй қалашығы бой көтеріп, жергілікті өндірушілердің өнімдері, халықтық-қолданбалы өнер бұйымдары сатылды. Этномәдени бірлестіктер қала тұрғындарына ән мен биден шашу шашып, жақсы көңіл-күй сыйлады. Қыран құс, бүркітпен суретке түсу мүмкіндігі жасалды.
Қазақтың жаңа жылын біз үлкен қуанышпен қарсы алып жатырмыз. Екі жыл бойы халқымыз кездесіп, көрісуден қалған еді, бүгін міне Наурызды дүбірлетіп өткізеп бастадық. Барша халықты мерекелерімен құттықтаймын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! - деді қала тұрғыны Бақытты Асаубаева.
Барлық мерекелік шаралар орталық алаңдағы эстрада жұлдыздарының концертімен аяқталды.