Ақжар ауруханасында балалар бөлімшесі ашылды
Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының ауруханасында арнайы жабдықталған балалар бөлімшесі ашылды
Күн-түн демей кішкентай ғана бүлдіршіндердің саулығын жіті қадағалап, дер кезінде көмек қолын созуға асығатын бала дәрігерлерінің жұмысы тіптен ерек. Бала десе ішкен асын жерге қоятын ұлтымыз сәбидің денсаулығына көп мән берген. Сондықтан елімізде аталмыш салаға көңіл бөлініп, қажеттінің барлығы жасалуда. Солардың бірі Ақжар ауылындағы №2 аудандық ауруханасында алғаш рет арнайы жабдықталған балалар бөлімшесі ашылды. Бұл бөлімшедегі бірнеше бөлме балаларға ғана арнайы қызмет көрсетеді. Мәселен дәрігерлік қабылдау, балаларға арнайы жеке екпе жасау бөлмесі бар. Мұнда 1 айдан 5 жасқа дейінгі балаларға екпенің барлық түрі салынады. Екпеден кейінгі бақылау бөлмесі, яғни екпеден кейін бала 30 минут дәрігердің қарауында болады. Балаларға арналған массаж бөлмесінде балаларда кездесетін дисплазияны емдеуге арналған массаж, гуаша массаж, Ston (таспен) массаж, нүктелі массаж түрлері жасалады. Логопед, балаларды дамыту бөлмесінде бүлдір ішіндердің физикалық және психикалық әлеуметтік дамуының негізгі көрсеткіштерін бағалап, тексереді. Сүзгі бөлмелері және ресурстық орталық жұмыс жасайды. Ресурстық орталықта жас аналарға 6 айдан бастап 5 жасқа дейінгі балаларды қалай дұрыс, тиімді, үйлесімді қоректендіруге болатыны жайында кеңес беретін тренинг жүргізіледі. Бір ыңғайлысы бұл бөлімшелердің барлығы бірінші қабатта орналасқан. Яғни, жас аналар жоғарыға көтеріліп қиналмайды.
Әр бөлімшеде жоғары санатты, білікті мамандар жұмыс істейді. Мәселен, дәрігерлік қабылдау бөлмесінде Литва, Израиль елінде біліктілігін арттырып келген, жоғары санатты педиатр, неонатолог дәрігер Жанар Исалина осы салада еңбек етуде.
Кез келген ата-ана үшін бала денсаулығы басты орында. Осыған орай емханамыздың бір бұрышынан балаларға арналған бөлімшелердің ашылғанына қуаныштымын. Мұнда балаларға көрсетілетін барлық қызмет түрі бар. Енді ауыл адамдары балаларын қаратып, маман кеңесін алу үшін ауыл асып, қалаға бармайтын болды, - дейді дәрігер Жанар Исалина.
Сондай-ақ, бөлімшедегі дәрігер медбикелер үйлерді аралап, шақыртуларға да барып, кіші жастағы балалардың аман-саулығын арттыру мақсатында патронаж қызметтерін қоса жүргізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде "балалардың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы - біздің жалпы ұлттық міндетіміз" деп баса айтты.
2022 жыл бала құқығына қатысты мемлекеттің батыл қимылдары жүзеге асатын берекелі, тиімді жыл болады деген сенім басым.