ШҚО-дағы колледж шетелдік геологиялық барлау компанияларымен ынтымақтастық орнатты
Шығыс Қазақстан облысының Геологиялық барлау колледжінің жүздеген студенті мен түлегі тек Қазақстанда ғана емес, Батыс Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД, тіпті Африка елдерінде жұмыс істеп, өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр
Бұл оқу орнының қазақстандық, сондай-ақ шетелдік геологиялық барлау компанияларымен әріптестік орнатуының арқасында жүзеге асып отыр. Геологиялық барлау колледжінің түлектері жұмысқа орналастыру деңгейі 96%-ды құрайды.
Колледжде кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және мониторинг бөлімі жұмыс істейді. ТжКБ ұйымдарының жұмыс берушілермен қол жеткізген келісімдерінің арқасында түлектер жұмысқа орналастырылды, ал колледж студенттері елімізде және шетелде ақылы практикадан өтеді. Жыл сайын колледжге Қазақстанның барлық өңірінен екі жүзден астам талапкер түседі.
ШҚО Геологиялық барлау колледжінің директоры Ардақ Әділжановтың айтуынша, колледж өз студенттерінің тәжірибеден өтіп, одан әрі сол жерде жұмыс істеуі үшін ірі компаниялармен байланыс орнатады. Бүгінгі таңда 250-ден астам геологиялық кәсіпорын біздің тұрақты серіктестеріміз және ұйымдар арасында практиканттар мен мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Тәжірибеден өтушілердің 90%-ы жалақы алады. Шетелдік қызметкерлерді қазақстандық мамандармен кезең-кезеңмен ауыстыруды көздейтін Кадрларды ұлттандыру бағдарламасына сәйкес, колледж ҚР аумағында жұмыс істейтін халықаралық компаниялармен ынтымақтасады.
Колледж серіктестерінің қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақмыс», «KazMinerals», «Aurora Minerals Group», «Rio Tinto», «Schlumberger», «Казцинк» және басқа да кәсіпорындар бар.
Айта кетейік, жұмысқа орналасқаннан кейін де колледж түлектермен байланыста болады. Бұл кәсіпорын жабылған немесе кадрлар қысқарған жағдайда колледж студенттерін одан әрі жұмысқа орналастыру үшін қажет.
90 жылдық тарихында колледж 18 мың білікті орта буын геолог мамандарын дайындап шығарды. Көптеген түлек ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ қоғам қайраткерлері атанды. Колледждің танымал түлектерінің қатарында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің төрағасы Талғат Сатиев, Арықтай Каюпов, Герман Жилинский және басқа да академиктер бар.