Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Дерт - дене азабы, үрей - жан азабы

Уақыттың зымырап жылжуы, қарбалас, асығыс динамикадағы өмір көптеген адамдарды жан ауруына шалдықтырады

Усть-Каменогорск и ВКО / Дерт - дене азабы, үрей - жан азабы
Фото:
редакция мұрағатынан

Үрей, байбалам, қорқыныш, үрейлі шабуыл (паническая атака) бүгінгі күні жиі кездесетін мәселелердің бірі. Үрейді көбіміз қорқыныш деп түсіндіреміз, шын мәнінде, үрей адамның ерекше көңіл-күйін білдіретін ұғым. Ал қорқу белгілі бір сәттерде болатын үрейдің бір ғана көрінісі. Үрей дерт емес, бірақ үрей мен дерттің арасында тығыз байланыс бар. Екеуі де адам үшін азап. Айырмасы: дерт-дене азабы болса, үрей-жан азабы. Бойын үрей, қорқыныш билеген адамның сезімі де, санасы да жан азабын кешеді.

Үрейлі шабуыл түрлеріне жүрек соғуының жиілеуі, тыныс алудың қиындауы, сөйлеуге мұршасы келмеу, ауыздың құрғауы, жоғары артериялық қысым, асқазан мен жүректің айнуы, кеуде ауыруы, тұншығу, бас айналу, қатты терлеу, үмітсіздік сезімі жатады.

Қорқынышты қалай жеңуге болады?

Қарапайым, қалыпты үрейдің негізделген себептері болады. Мысалы, емтихан, сұхбаттасу, той алдындағы үрей. Үрейлі (паникалық) шабуыл - бұл негізсіз үрей мен қорқыныш жағдайы. Мұндай жағдай өлімнен қорқу және қатты физикалық вегетативті белгілермен байқалады.

Паникалық шабуыл кезінде адамның айналасында ешқандай қауіп болмаса да, бойын қорқыныш билеп тұрады. Оның белгілерінің ішіне бастың айналуы, жүрек соғысы жиілеп, жабық ғимараттарға кірген кезде ауа жетпей қалғандай сезім туындауы мүмкін. Ең қауіптісі "Мен өліп қаламын, маған ауа жетпей қалады" деген ойлардан кейін адамдар ұшақпен, пойызбен жүре алмайтын, тіпті, үйден шыға алмайтын болып қалады, - дейді "Шығыс шынары" психологиялық орталығының басшысы Назигүл Таубакулова.

Үрейлі шабуыл тыныштандыратын дәрілерді ішкеннен, қатты шаршаудан, көп ойланудан, соның ішінде негативті ойларға көп берілуден болуы мүмкін. Сонымен қатар, негативті ақпараттарды көп көрген кезде адамның бойында жағымсыз эмоциялар пайда болып, ол адамның ішінде жиналып, нәтижесінде үрейлі қорқыныштың белгілеріне айналады.

Адамның бойын билеген "өліп қалу" қаупі оның үрейін көбейте түседі.

Маған үрейлі шабуыл белгілерімен көп адамдар келеді. Бірақ кейбір адамдар өзінің психологиялық ауруға шалдыққанын ұға алмай, терапевке тексеріліп жүреді. Өзінің нақты диагнозын анықтай алмағандықтан адамның бойындағы үрейлі шабуыл ұлғая түседі, - деп қосты психолог Назигүл Таубакулова.

Адамдарда эволюция барысында осындай реакция қалыптасқан. Биологиялық көзқарас бойынша бұл стресс гормондары - кортизол, адреналиннің бөлінуі болып табылады. Олар қан айналымын күшейтіп, өмірімізге қауіп төндіретін қатерлерден қашып құтылуға мүмкіндік беретін күш-жігерімізді жұмылдырады. Яғни, бұл - ағзаның қорғаныш реакциясы.

Ең бірінші адам өз қорқынышын қабылдай білуі керек. Қорқыныштан, яғни паникалық шабуылдан ешқандай адам өліп қалған жоқ. Адам өзінің жағдайына қатысты білімін толықтыруы керек. Оның пайда болу себебін анықтап, қалай емделетінін білген соң адам өзінің уайымын азайтады. Сол кезде үрейлі қорқыныш та азая бастайды. Егер қабылдамай, одан қашатын болса, ол керісінше ұлғая береді, - дейді психолог.

Паникалық шабуыл кезінде адам не психологқа да, не психотерапевке де барғысы келмейді. Бірақ өзін-өзі жеңіп, кеңес алуға барғаны жөн. Себебі маманның көмегінсіз жанның мұндай дертінен шығы өте қиын.

Ойдың тұңғиығына бата бермеу керек. Жаман ақпараттардан тыйылу керек. Қолынан келсе медитация жасап үйрену қажет. Медитация - адамның бүкіл ойын, бойындағы энергиясын бір жерге жинақтайды. Медитация кезінде адам өзінің эмоциясын басқарып үйренеді. Сол кезде жаныңызға тыныштық келеді. Дұрыс демалып үйрену де өте маңызды. Кез келген жағдайдың жағымды жағын көріп үйрену керек, спортпен айналысып, бассейнге барғаны дұрыс. Бұл қан айналымын жақсартады, - дейді Назигүл Абылқасқызы.

Үрей мен қорқыныш адамды тығырыққа тіреп тастайды. Сондықтан өз қорқынышыңды қабылдай білу керек.

Бұл үрейлі шабуылдарды психологпен не психотерапевпен жүйелі жұмыс жасай отырып жеңуге болады. Бірақ мұнда да көп нәрсе адамның өзіне байланысты. Мамандар берген техникаларды дұрыс жасаса, бұдан жеңіл өтіп кетеді екен.


Дертті жалғыз жеңу қиын


Үрейлік (паникалық) бұзылыстар - бұл ауру емес, тұлға, мінез бұзылыстары, мінездің ерекшелігі. Үрейлі шабуылдар әрбір адамда болуы мүмкін. Тек барлығы оның шабуыл екенін білмейді немесе аса көңіл аудармайды.

Менде паникалық шабуыл ұйықтап жатқан кезде басталды. Шошып ояндым да, қатты қорықтым. Не нәрсе екенін түсінбегендіктен де қорқады екенсің. Қалай әрекет ету керектігін де ұқпадым, себебі бойымды "қазір өлесің" деген қорқыныш билеп алды, - дейді үрейлі шабуылдарды жеңген қала тұрғыны Ару Хамитова.

Шын мәнінде үрейлі шабуылды адам өзі туындатады. Мұндай адамдардың негізінен көретіні қауіп-қатер емес, өздерін қорқытатын белгілі бір оқиға туралы қиялдап, үрейлі шабуылды шақырады.

Сырт көзбен қарағанда адам сабырлы қалыпты кейіпте көрінеді. Бірақ адамның ішінде жүрегі минутына 90-100 рет соғып тұруы мүмкін. "Мен өліп қаламын" деген ой бойымды қатты билеп алғаны соншалық мен жалғыз қалуға қорқатын болдым. Дүкенге барып келуден, тіпті аулаға жалғыз шығудан қорықтым. Оның артында "мен өліп қалсам, мені ешкім көрмей қалады, білмей қалады" деген ойлар тұрды. Бәрінен қорқатын болдым. Осылайша менде агорофобия басталды, - дейді Ару Хамитова.

Агорафобия ашық кеңістіктерден қорқу деген сөз. Мысалы, үлкен даңғылдардан, саябақтардан немесе табиғи ортаның қисынсыз қорқынышынан тұрады.

Бірде жүрегім алқынып жедел жәрдем шақырдым. Медициналық тұрғыдан барлығы жақсы болды. Фельдшер шығарда жолдасыма "пышақтарды тығып тастаңыз" деп ескертіп кеткен екен. Жолдасым оны маған айтты. Сол сәттен бастап "мен пышақты қолға алуды" ойлай бастадым. Бірде түнде шошып ояндым, түсімде пышақты алып жүр екенмін, - деп қосты Ару Бақтиярқызы. - Бойымды қорқыныш билегендіктен егер дәрігерге барсам, мені жындыханаға жатқызып тастай ма деген ойлар туды. Оның барлығы бойдағы үрейді үдете түсті. Өз бойымдағы симптомдар жайлы ғаламторға жазып, іздеп едім, осылай қиналып жүрген жалғыз мен емес екенін түсіндім. Кейін жүрек қағысым да 100-ден 70-ке түсті.

Егер сізде үрейлі шабуыл бір музыка ойнап тұрған кезде басталса, сол музыканы естіп қалған кезде сіздің бойыңызды сол үрей қайта билейтін болады. Ақ көйлек киген кезде басталса, сіз ақ көйлектен қорқа бастайсыз. Басқа біреудің белгілерін естіп қалсаңыз, олардың үйрейі де сізге тез ауысып келеді.

Бұл паникалық шабуылды жеңу үшін мен білікті маманның тренингін сатып алдым. Сол жерде барлық белгілердің себебін, бұл психикалық ауытқу емес, психологиялық жай-күй екенін түсіндірді. Паникалық шабуыл бұл жынданудың белгісі емес, - дейді Ару Хамитова. - Паникалық шабуыл кезінде кезекте де тұра алмай қаласың, барлық адамдар сені сөз етіп тұрғандай күй кешесің. Қорқыныштар көбейген сайын адам сыртқа шығуды қаламай, үйде отыруды жөн көреді. Мұның теріс жағы - қоғамнан ажырап қалу. Өзінің алдына мақсат қойып, оған жету деген нәрсе мүлдем болмайды. Паникалық шабуыл бойын билеген адам дәрігерлерге тексеріле береді, есікті жапқанын ұмытып тексеріп жүруі мүмкін, қолын жуа береді.

Маманның қолдауынсыз өздігімен емделетін адам кейде жан дертін ушықтырып алуы мүмкін. Өйткені паникалық шабуыл кезінде адамның миы үрейде болады да, интернеттен ақпарат іздеп отырып, өзіне қауіпті деген ақпаратты көрген кезде соның барлығын өзіне қабылдап алады. Сол себепті жекелей жүріп үрейлі шабуылды жеңу қиынға соғады.

Үрейлі шабуыл адам дұрыс өмір сүрмегендіктен болуы мүмкін. Мысалы, сіздің жүрегіңіз бір нәрсені қалайды, бірақ сыртқы қоғам сізден басқасын талап етеді. Сол кезде адамның ішінде ішкі қақтығыс пайда болады. Нәтижесінде үрейлі шабуыл тұындауы мүмкін екен.

Зерттеулер паникалық шабуылға шалдығатын адамдардың жасы жылдан жылға жасарып келетінін дәлелдеуде. Бір кездері бұл психологиялық күйге тек ересектер тап болатын болса, қазір жасөспірімдер де бұл күйге түсіп жатыр екен.

Сондықтан бойыңызды үрей билесе, мамандарға жүгініп, олардың берген техникаларын толықтай орындаған жөн. Бұл жан азабынан құтылуға көмектеседі және өмірді түбегейлі жаңартады.

Следующая →