Туған өлкенің палитрасы
10 наурыздан 10 сәуірге дейін Шығыс Қазақстан өнер музейінде Алматы қаласы суретшілерінің көрмесі өтеді
Суретші және қолданбалы өнер шебері ретінде Қазақстан ғана емес, шетелде де танымал жерлестеріміз Гүлжамал Тагенова мен Гүлжанат Қабижанованың туындылары Шығыс Қазақстан өнер музейінде қойылды.
Гүлжамал Тагенова- Қазақстан Суретшілер Одағының Басқарма мүшесі, көптеген байқаулардың, халықаралық деңгейдегі пленэрлер мен симпозиумдардың қатысушысы және дипломанты. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы "Сымбат" сән академиясында сурет пен кескіндемеден сабақ беріп келеді. Гүлжамал туып өскен еліне өзінің көркем туындыларын әкелді.
Гүлжанат Қабижанова-педагогика ғылымдарының кандидаты. Бейнелеу өнерінің көптеген салаларында (кітап графикасы, гобелен, киіз, батик, интерьер дизайны, ыдыс-аяқ және кілем бұйымдары) үлкен шығармашылық тәжірибесі бар. Соңғы кезде картиналардан басқа киізбен жұмыс істеуді қолға алып,табиғи жібек пен киізден дизайнерлік киім жасады. Сәндік өнер саласындағы үздік жұмыстары үшін Гүлжанат ҚР СО Алтын медалімен марапатталды.
Екі суретші де Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі және халықаралық тәуелсіз әйелдер суретшілер қорының мүшесі. Бұл экспозиция-қазақ ұлттық өнерінің әлемдік мәдениетке қосқан құнды үлесі болып табылатындығының және дәстүрлі, сондай-ақ авангардтық шығармалар үшін шабыт көзі бола алатындығының айқын дәлелі. Екі залдың экспозициясында 35 экспонат ұсынылады.
"Туған өлкенің палитрасы" көрмесі 2022 жылдың 10 наурыздан 10 сәуірге дейін жұмыс істейді.