Өскемен
пасмурно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Кітап оқу тағы трендке айналды ма?

Қазір жастар кітап оқи ма және кітап шығарудың қандай машақаты бар?

Усть-Каменогорск и ВКО / Кітап оқу тағы трендке айналды ма?

Ақпараттық технология қарқынды дамып отырған қазіргі заманда кез келген адамның әр түрлі ақпаратқа қол жеткізуіне ешқандай кедергі жоқ. Қазір, тіпті, кітапты да интернет арқылы оқуға жағдай жасалған. Сонда жастанып жатып оқитын кітаптың заманы біткені ме, "жанды кітап оқитындардың соңғы буыны біз бе?" деп те ойланып қаласың.

Ақын Иосиф Бродский: "Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адам кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті", - деген екен. Яғни, қазіргі жастардың кітап оқуға деген құлшынысы күннен күнге азайып, Мұхтар Шаханов ағамыз айтпақшы "компьютербасты жарты адамдар" көбеюде. Біз жастарды кітап оқымайды дейміз. Тіптен күнделікті тірлік қамымен жүрген үлкендеріміз де кітап оқуды сиретті. Өйткені техникалық прогресс күшейіп кетті. Ақпарат көп, жан-жағымыздың бәрі экран, керек ақпаратты саусақпен түртіп алып отырмыз деген бір ақталу сөз, сылтау аргументтермен түсіндіреміз.

Сананы торлаған ғаламтор

Абай атамыз айтпақшы, "тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын". Бүгінгінің адамының кітаптан алшақтап кетуінің бір ұшығы осында болса керек. Қарны тоқ, бар жағдайы жасалған адамның санасына кітап оқу туралы ойдың кіріп-шықпасы да анық. XX ғасырда адамдар кітапты қолдан-қолға тигізбей оқыған болса, ХXI ғасырда көркем әдеби шығарманы қолына алып, оқып жүргендер кем. Ғаламтордың өмірімізге кеңінен енгені соншалықты, адамдардың көп бөлігі кітап оқып, өз ойын қорытудың орнына, ғаламторға кіріп даяр дүниені көшіріп алуға әбден дағдыланған.

Бұрын жастар қолдарына тиын түсе қалса, өздері ұнататын көркем шығармаларды сатып алуға ұмтылатын. Сосын жақсы шығармаларды қолдан-қолға өткізіп оқитын. Ал қазір керісінше, жастар ақшасын телефон бірліктерін сатып алуға, интернет қызметтерін төлеуге жұмсайды. Осының соңы рухани ашаршылыққа әкеліп соқтыратыны сөзсіз, - дейді ардагер ұстаз Ғайни Баталова.

Бірақ бұл пікірге келіспейтіндер де бар. А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапхана басшысының орынбасары Меруерт Емелбаеваның айтуынша, керісінше соңғы 2 жылда оқырмандар саны көбейген. "Яғни, әр жыл сайын 10 оқырманнан қосылып отырмаса, кеміген емес" дейді. Әр жылдың басын кітап көрмесімен ашады. Онымен тоқтап қалмай, апта сайын ауқымды тақырып аясында 2 рет үйірме өткізіліп тұрады. Тіпті, жыл сайын кітап алуға мемлекеттен 21 миллион теңге қаражат бөлінеді екен. Ол қаражатқа оқырмандардың сұранысындағы кітаптар алынып, сөрелер толығады.

Кітаптың құны түсіп кетті дегенге келіспеймін. Кітаптың құнын түсіріп жүрген өзіміз. Ғаламтордың пайда болуынан ба, жас буынның кітап оқуға деген құлшынысы төмендеп кеткені рас. Ал кітапты жата-жастана оқитын, оның қадірін білетін біз үшін кітаптан құнды дүние жоқ. Ғаламтор қанша сананы торлағанымен, кітапты алмастыра алмайды деп ойлаймын. Өйткені оны қолыңа ұстап, бар жан дүниеңмен сезініп, табиғатына еніп оқисың. Ғаламтордан көркем-әдеби шығарма оқу дәл сондайлық әсер бермейді, - дейді Меруерт Емелбаева.

Қазіргі қоғамға кітап қаншалықты қажет?

Әрине, әрбір өткен заманды, әрбір кезеңді жырлап келе жатқан кітап еш уақытта құндылығын жоймақ емес. Себебі кітап - алдынғы шептің кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы, көңілге түрлі ой түйгізетін, рухани жағынан есейтетін жан азығы.

Ұстаз ретінде оқушылардың көркем әдебиет оқуға құлықсыздығы мені де қынжылтады. Расында да біздің кезімізде оқыған әдебиеттер керемет еді. Қай шығарманы алсаң да бірінен-бірі өтетін. Соған қарап әдебиетке ынтызар болмау мүмкін емес еді. Қазіргі әдебиет нашар деп мен айта алмаймын. Ойлы, керемет жазушыларымыз баршылық. Бірақ ара-тұра сапасыз кітаптар да кезігіп қалып жатады. Біреулер өзінің әулетін жазып, өмірін, еңбек жолын үлгі-өнеге ретінде шығарады. Ондай кітаптар көркем әдебиетке енді дендеп келе жатқан балалардың қолына түссе, бәлкім, кітапқа деген қызығушылығын бәсеңдетіп жіберер. Бірақ қалай десек те, әр кітаптың адамға берер өз тәлім-тағылымы болады, - дейді ардагер-ұстаз Ғайни Баталова.

Осы тұрғыда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше әдеби шығарманың авторы, жазушы Тоқтарбек Мағзумовтың пікірінше, кітап оқу адамзат үшін өте маңызды. Ал ғаламтордың керісінше адамның денсаулығынан бастап, тіпті психологиясына дейін зияны көп.

Ғылыми тұрғыдан дәлелденген, кітап оқығанда адамның 5 түрлі сезім мүшесі бір кітаптың бетіне түйіседі. Олар: көз, құлақ, саусақ, тіл, ми. Яғни, кітап оқыған адамның бүкіл дене мүшесі іске қосылып, оқып отырған шығармасын миымен қорыта алады, - дейді жазушы Тоқтарбек Мағзумов.

"Өзіңді танығың келсе кітап оқы, өзгені танығың келсе кітап оқы" деген екен Расул Ғамзатов. Кітаппен дос болған адамның ой-өрісі кең, сөз мәдениеті жоғары, саналы, жан -жақты адам болып қалыптасары анық.

Қазір кітап оқу трендке айналып барады

Қазір кітап оқу трендке айналып барады. Әсіресе, қазақ жастарының кітапқа деген құмарлығы қуантады. Көбіне жастар сөздік қорын дамыту мақсатында арнайы қазақша әдеби кітаптарды алады. Көбінесе Қ. Жұмаділов, Ә. Нұршайықов, І. Есенберлиннің шығармалары сұранысқа ие. Оның үстіне, бұл кітаптардың бағасы да қолжетімді. Ал орта буын өкілдері жергілікті авторлардың кітаптарын арнайы сұрап, сатып алады, - дейді "Атамұра" баспасының өкілі Раушан Тұрпанова.

Жалпы қазір халық не оқып жүр және кітап шығарғысы келетін авторлардың машақаты қандай?

2018 жылы айтыскер ақын Мұратхан Кенжеханұлының алғашқы сатиралық "Қоңыр қалжың" атты эпиграммалар жинағының 1000 данасы жарық көрген. Содан бері арада 4 жыл уақыт өтсе де кітабының таралымы нашар екенін айтады.

Кітапты сатып алуға оқырмандар құштар емес, яғни кітап оқитын қоғамнан кетіп қалдық. Бұл менің алғашқы қаламалды кітабым еді. Кітап шығарудың өзіндік машақаты көп. Ең бірінші, ізденіс, зерттеу, жинау, жазу керек. Екінші, жастарға қолдау аз, демеушілік керек және үшінші, кітапты шығарғаннан кейін өзін-өзі ақтау керек. Таланты таудай жастар жүр, бірақ қолдау жоқ, - дейді ақын әрі журналист Мұратхан Кенжехан.

Өскемендік тағы бір журналист Азамат Қасымның "Ел - әңгімеші" кітабы керісінше сұранысқа ие болған. 1000 дана кітаптың бүгінгі таңда түгелі дерлік өтіп кеткен.

Жалпы Өскемен қаласындағы Қасым Қайсенов кітап дүкенінің өкілдері қалада авторлық кітаптарға сұраныс көп деп отыр.

Бізде көбінесе мектеп оқулықтары сатылады. Бірақ жерлес, жазушы, ақындарымыздың да кітаптары қолжетімді бағада сатылып жатыр. Ол кісілердің кітаптарын арнайы іздеп келіп, алып жатады, - дейді сатушы Қаламқас Тоқарова.


Следующая →