Алаяқтар өскемендіктердің 500 млн теңгеден астам сомасын қолды еткен
Өткен және ағымдағы жылдың өзінде Өскемен қаласында 1000-ға жуық интернет алаяқтық әрекеттері орын алған. Қала тұрғындарына 500 млн теңгеден астам сомаға залал келтірілді
Әсіресе өскемендіктерді тонауға өзге елдегі азаматтар әуес көрінеді. Ал ол шетелде отырып біздің елдегі азаматтардың шоттарына қол салғандарды анықтау әлбетте оңай емес.
Өскемен қалалық прокуратурасы алаяқтар көп жағдайда қолданатын екі негізгі әдісті атады:
1. Қылмыскерлер өздерін банк қызметкерлері ретінде көрсетеді. Түрлі сылтаулармен ұялы телефонға SMS арқылы жіберілген банк картасының деректемелерін, қауіпсіздік кодын немесе бір реттік парольді хабарлауды сұрайды, ал кейде тіпті талап етеді. Әрі қарай қажетті ақпаратты алғаннан кейін олар шоттағы ақшаны аударып алады.
Есіңізде болсын! Клиентке қоңырау шалған кезде банк қызметкері ешқашан оған картаның деректемелерін хабарлауды және картамен қандай да бір операциялар жасауды сұрамайды.
Егер Сізге банктен қоңырау шалып, төлем картасына қатысты ақпараттарға қызығушылық танытса, сөйлесуді тоқтатып, банктің байланыс орталығының ресми нөмірі бойынша банкке қайта қоңырау шалған дұрыс.
2. Сондай-ақ, алаяқтар өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін «OLX», «Kolesa.kz», «Крыша.кз» сияқты түрлі интернет-ресурстарда жалған жарнамаларды пайдаланады.
Атап айтқанда, олар көбінесе төмен құны бар мүлікті сату/жалға беру туралы хабарландырулар орналастырады. Әрі қарай жәбірленушілерді соманың бір бөлігін банктік шотқа кепілпұл ретінде аударуға көндіреді және өз міндеттемелерін орындамайды.
Бұл ретте көбінесе интернет-банкинг арқылы сатушылардың шоттарына ақша аударымдарын жасаған кезде, мысалы, Kaspi.kz қосымша арқылы алаяқтар халықаралық аударымдарды жүзеге асыруды сұрайды.
Заң қызметкерлері осындай арандатушылыққа бой алдырмауға, бөгде адамдарға өздерінің банк карталарының деректерін хабарламауға және күмәнді банк операцияларын жүргізбеуге шақырады.
Егер Сіз интернет-алаяқтықтың құрбандары болсаңыз немесе Сізге қатысты құқыққа қарсы әрекеттер жоспарланып отыр деп күдіктенсеңіз – дереу полицияға хабарласыңыз.