ШҚО-дағы сауда сөрелерінен адам денсаулығына қауіпті шыны жуатын сұйықтықтар анықталды
Шығыс Қазақстан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұтынушылардың өтініштерін ескере отырып, бақылаудағы өнімнің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 2021 жылы автомобильдерге күтім жасау бойынша шыны жуатын сұйықтықтарға қатысты зертханалық бақылау жүргізді
Облыстың сауда желісінде негізінен Қазақстан мен Ресей өндірушілерінің өнімдерінің ассортименті кеңінен ұсынылған, сондай-ақ Белоруссия, Германия және басқа елдерден әкелінген өнімдер де бар.
Бақылау барысында облыстың сауда желісіндегі 17 өнімнің сынамасы алынды. Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама нәтижелері бойынша белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін автомобильдерді күту бойынша шыны жуатын сұйықтықтардың 2 сынамасы анықталды.
Мәселен, РФ-ның «Элит Эйстейт Компани» ЖШҚ өндірген «Снежинка -30°С» төмен температуралы шыны жуатын сұйықтық өнімді таңбалауға қойылатын талаптарға сәйкес келмейді: өнім партиясының сәйкестендіру деректері және өнім туралы ақпарат (таңбалау) қазақ тілінде жоқ. Кәсіпкерлік субъектілеріне өнімді таңбалағанға дейін бұзушылықтарды жою немесе талаптарға сәйкес келмейтін өнімді өткізуден алып тастау (бұзушылықтарды жою үшін өнім берушіге/өндірушіге қайтару) туралы нұсқамалар берілді, - деп мәлімдеді ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, метанолдың құрамы бойынша талаптарға сәйкес келмейтін ҚР Қарағанды қаласындағы «LBC Chemical Group Corporation» ЖШС өндірген «Полярник -30°С» автомобильдерге арналған шыны жуатын сұйықтық сараптама нәтижелері бойынша адам өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті деп танылды, рұқсат етілген концентрациясы - 0,05% болған кезде бұл өнімнен 4,89% анықталды.
Метанол – қарапайым біратомды спирт, этил спиртінің өткір иісі бар түссіз сұйықтық, қауіпті у, контаминант. Көптеген жағдайларда этил спиртін алмастыра алатын күшті еріткіш. Таза метанол ғана емес, сонымен қатар салыстырмалы түрде төмен концентрацияда да осы уы бар сұйықтықтар өмірге қауіпті.
Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары қауіпті өнімді өндірушіге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, оның барысында шығарылатын өнімнің құрамында және қауіпсіздік паспортында мәлімделмеген шикізатты пайдалану бойынша бұзушылықтар анықталды, - дейді мекемедегілер. - Өндірушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-ның 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік айыппұл салынды. Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы №299 шешімімен бекітілген қауіпсіздік және санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптардың «тұрмыстық химия тауарлары» 5-бөлімінің талаптарына сәйкестігін растайтын рұқсат беру құжатының қолданысын тоқтату бойынша іс-шаралар жүргізілді. Осыған байланысты, Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің аурулардың профилактикасы және Мемсанэпидқадағалау департаменті 17.01.2022 жылы «Полярник -30°С» шыны жуатын сұйықтығына қатысты бұрын берілген 25.11.2019 жылғы №KG.1101.09.015.E.005053.11.19 мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтату туралы шешім қабылдады.
ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұтынушыларын тұрмыстық автохимияны таңдау мен сатып алуға мұқият қарауға шақырады. Егер оның таңбалауында нақты өнімді және оны басқа өнімнен ажыратуға мүмкіндік беретін толық мәліметтер болмаса, өнімді сатып алмаңыз. Егер өнім қаптамасын ашқаннан кейін қатты жағымсыз иіс болса немесе оны мақсаты бойынша қолдану процесінде бас ауруы, жалпы әлсіздік, дімкәстік, қалтырау, жүрек айну, құсу, көру қабілетінің уақытша соқырлыққа дейін бұзылуы сияқты ағзада улану белгілері пайда болса, денсаулыққа қауіп төндірмеу мақсатында дереу медициналық көмек алу үшін денсаулық сақтау ұйымдарына жүгіну қажет.