Белоусовкалықтар қарды ерітіп пайдалануға мәжбүр болған
Сонау 2014 жылы "Ақ бұлақ" бағдарламасы аясында Глубокое ауданы Белоусовка ауылының тұрғындарына ауыз су тартып беру жобасы басталды. Ырғалып-жырғалып жүріп, әрең дегенде суды 2021 жылдың күзінде берген еді. Алайда жарты жыл өтпей тұрғындар қайта сусыз қалды
Былтыр Белоусовкадағы таза ауызсу мәселесі туралы жазған едік. 2019 жылы су құбырлары тартылып қойса да, ауа райының қолайсыздығына байланысты су 2021 жылы ғана қосылған еді. Енді, міне, биыл бірнеше күн бойы кент тұрғындары бір тамшы суға зар болып қалды. Судың жоқтығы мектептің, балабақшалардың және кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірді. Ауыз су іздеген тұрғындар дүкендердегі суларды сатып алып, ыдыс жууға даладағы қарды ерітіп қолдануға мәжбүр болды.
Ыдыс-аяқ, киім-кешекті жумақ түгілі, жеке гигиенаны сақтау үшін суға мұқтаж болып қалдық, - дейді кент тұрғындары.
6 жыл бойы судың зардабын көріп келе жатқан халық мәселенің әлі дұрыс шешілмей жатқанына ашулы.
Белоусовкада туындаған мәселені шешіп, халыққа жағдайды түсіндіру үшін аудан әкімі Эльдар Тумашинов тұрғындармен кездесті.
Апат жойылды, сорғылар резервуарларды ауыз сумен толтырады, "Теплоэнергия" КМК қызметкерлері үйлерге су беруді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта сумен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді. Резервуарлардағы су деңгейін тексердім. Кент тұрғындарын қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарауды сұраймыз. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда, - деп атап өтті Эльдар Тумашинов.
Бұл жолы құбыр жүйелерінің ішіне ауа кіріп, ауылдың 2 мыңдай үйі қайта таза сусыз қалған. Алайда жергілікті "Теплоэнергия" компаниясы мәселені реттеді.
Жергілікті әкімдіктегілер аудандық ТҮКШ және автокөлік жолдары бөлімі судың берілу қуатын көтеру үшін жаңа сорғы сатып алғанын атап өтті.