Өскемен
пасмурно
+4°
  • Өскемен
    +4°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +5°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -3°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -2°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    +3°
  • Шымкент
    +7°
$
494.87
-0.33
520.65
-1.69
¥
68.34
4.91
-0.03
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Ауған асуында от кешкендер қазір қанша жәрдемақы алады?

Биыл Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 33 жыл толды. Нақтырақ айтқанда, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлері шыққан болатын

Усть-Каменогорск и ВКО / Ауған асуында от кешкендер қазір қанша жәрдемақы алады?

Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернациональдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азамат елге мүгедек болып оралды. Қазір Ауған соғысында от кешкен 10 мыңнан астам азаматымыз арамызда жүр. Талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне қайта аяқ баспады. Жыл сайын атаулы күні ғана Ауған соғысына қатысқан ағаларды іздейтініміз өтірік емес. Ұрпаққа "міне, осындай әкелер жат жерде Отанын қорғады" деп баға беретін ардагерлердің саны жыл сайын азайып барады. Сонау Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Интернационалдық борышын абыроймен атқарған сарбаздардың бірі - тарбағатайлық Болат Шакер.

Естелік - фото Б. Шакердің жеке мұрағатынан (4).jpg


"Ауғанстанға бара жатқанымызды білмедік"

...Түнгі сағат он екі шамасында дабыл қағылды. Бәрімізді ештеңе айтпастан көлікке салып алып кетті. Кейін бізді пойызға отырғызып, Термез қаласына алып келді. Сол жерде 2 айдай дайындықтан өттік. Термезден Самарқанға келдік. Бірақ біз Самарқанға келгенге дейін Ауғаныстанға бара жатқанымызды білмедік. Жолда қасымыздағы бізден үлкен курсанттармен танысып, санитарлық кітапшамызды көрсеттік. Олар кітапшамызға қарап бірден "сендер Ауғанға бара жатырсындар" деді. Біз ол кезде 18-19 жастағы жалындап тұрған жігіттерміз. Естігенде қатты қуандық. Ұзақ жол жүріп Ауғаныстанның астанасы Кабулға келдік. Ең алғашқы сезімім қазірге дейін есімде. Иықтарына мылтық асынған әскерлер. Өз тілдерінде өлең айтып жүр. Мені 48575-бөлімге әкелді. Ол жерде мен санитарлық нұсқаушы болып тағайындалдым. Үнемі қалаларды аралап жүреміз. Ауғаныстаның Газни, Бамиан, Кундуз, Бараки қалаларында болдым. "Үш күннен соң көрге де үйренесің" дейді ғой халқымыз. Бұл кезде біздің де әбден төселіп, оққа да, отқа да үйреніп алған кезіміз. Десек те, мына бір жағдайға үйрене алмай-ақ қойдым. Ауғанстанның таулары біздің таулар сияқты емес, жалаңаш келеді. Міне, осы таудың арасында келе жатқанда, сені дұшмандар көріп отырғанын сезесің. Олар әрине сені бірден атпайды, жақындатып, оңтайға келтіріп барып атады. Бұны бәріміз де ішіміз сезіп, біліп келе жатамыз. Сондықтан да бірінші оқты олар асықпай, дәлдеп атады. Бірінші атылған оқ міндетті түрде біреумізді жайратып түсіреді. Көбінесе бастан атады. Құж-құж қара тастардың арасында келе жатқанда "Кімді атар екен? Дұшмандар қайсымызды қарауылға іліндіріп, қайсымызды көздеп отыр екен?" деген ой миыңнан шықпайды. Осы ойдың жүйкеңді жаулап алғаны соншалық, өз-өзіңнен басыңды қылтың-қылтың еткізесің. Бір кезде дәл сенің алдыңда бір адым немесе сенен бір қадам артта келе жатқан қарулас досыңның басына оқ тиіп, мұрттай ұшады. Атыс басталады. Қырғын атыс... Тауға, тасқа өрмелеу қайдан оңай болсын! Арқаңда 45 келі ауыр қапшық, оның үстіне өзің әбден қажып, шаршап-шалдығып келе жатырсың, соған қарамастан атыс басталғанда тастан-тасқа арқардың құлжасындай қарғисың. Қимылың да жылдам, қозғалысың да әбжіл болып кетеді. Соғысқа жіберердің алдында біздің бәрімізге әскери билеттеріміздің сыртына аты-жөнімізді, туған жерімізді жазғызды. "Бұларың не?" деген сұрағымызға - "Егер өле кетсеңдер, сүйектеріңді табытқа салып, үйлеріңізге жөнелту үшін" деп ашық айтылды. Өлім-жітімді де, жарақаттанғандарды да өз көзіммен көрдім. Ауғанстанға алғаш келген кезде бойды қорқыныш, үрей билесе, біртіндеп зеңбіректің де, автоматтың да дауысына бой үйренді. Ажалдан да аман қалдым. Әскери борышымды мінсіз атқарып, еліме, әке-шешемнің, туған-туыстарымның ортасына келдім. "Бұл кезде анам әскери комиссариатқа барып, менің Ауғанстанға кеткенімді біліп алыпты. Келсем, анамның шашы ағарып, қушықтай болып қалыпты. "Енді ешқайда жібермеймін" деп зар жылады. Ал бұл уақытта мен әскери қызметке төселіп, мінезім де қатайып кеткен сәт болатын...

Елге аман оралды

Болат Шакер 1967 жылы Тарбағатай ауданы, Қабанбай ауылында дүниеге келген. Әкесі - мал дәрігері, анасы - балабақшада тәрбиеші болған. Бір отбасыда 6 ағайынды. 1984 жылы мектеп бітіріп, әскерге шақырту алған. Осы жылы күз айында Алматы облысындағы "Отар" әскери бөлімінде әскери міндетін атқарады. 1985 жылы 2 айдай Өзбекстанның Термез қаласында арнайы күштердің оқу-жаттығуы алаңында дайындықтан өткен. 1985-1987 жылдар аралығында Ауғанстанның астанасы Кабулда соғыста болып қайтады. Елге оралғаннан кейін 1988 жылы Көкшетау қаласындағы Шоқан Уалиханов атындағы институттың "Көркем сурет" факультетіне түсіп, 1993 жылы аталған институтты аяқтап, "Бейнелеу өнері және сызу" пәнінің мұғалімі деген мамандықты алып шығады. Оқуын бітіре сала, өз саласы бойынша Тарбағатайда мұғалім болып жұмыс істейді. 1996 жылы Мемлекеттік тергеу комитетінде, 1997-1998 жылдары Учаскелік инспектор, 1998-2008 жылдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор, 2008-2012 жылдары қылмыстық істі іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі болып қызмет атқарып, 2012 жылы запастағы полиция майоры шенімен зейнет демалысына шықты. Бүгінгі таңда бір ұлдың асқар таудай әкесі, отбасының қорғаны, жарының тірегі болып отырған азамат Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылындағы Қыдырбек Билялов атындағы мектеп-лицейінде "графика және жобалау" пәнінің мұғалімі. Сонымен қоса, бос уақытында тапсырыспен мүсін құйып, құлпытасқа жазу түсірумен
айналысады.


Естелік - фото Б. Шакердің жеке мұрағатынан (2).jpg


Ардагерлерге айтарлықтай көңіл бөлінбейді

Ауған соғысының әділетсіздігі көп болды ма?

- Бұл соғыстың әділетсіз тұстары көп болды ғой. Мәселен, Ауған соғысында болған көптеген батырларымыз өз деңгейінде марапатқа ие бола алған жоқ. Өйткені ол тұста Кремль қазақтың батыр жігіттерін мүмкіндігінше шеттетуге тырысты. Қазақтар жасаған ерлікті орыс ұлт өкілдеріне телу секілді әділетсіздіктер көп болды. Осының салдарынан кеудемізге бір медаль таға алмай елге оралдық.

Сол соғыстан кейінгі жағдайлар да мәз емес қой...

- Ауған соғысына қатысқандардың соғыстан кейінгі жағдайын айтудың өзі қиын. Біз не үшін, кім үшін қан төктік? Жастық шағымызды не үшін құрбан еттік? Мемлекет бізге дер кезінде психологиялық тұрғыда көмек бермеді. Қазақ - рухты халық. Мысалы, мен білетін біраз азаматтар Ауғанстанда жүргенде намыстанып, денсаулығын дәрігерге тексертпеген. Соның азабын бүгін тартуда. Мүгедектік бойынша есепке тұрайын десе, сол жақтағы құжаттарын талап етеді. Ал ол жақта дәрігерге қаралмаған. Қазір көптеген намысты жігіттердің ауруы асқынып, қозып жатыр. Олардың көбі жылына бірнеше мәрте дәрігерге жүгінуге мәжбүр.

Осы көмек дегеннен шығады... Қазіргі кезде ауған ардагерлеріне қандай көмек көрсетілуде?

- Жамандап қайтейін, кеңестік кезеңде Ауған соғысы ардагерлеріне жап-жақсы көмектер көрсетіліп тұрды. Жылына бір мәрте ұшаққа тегін мінуге, пойызды тегін пайдалануға, дәрі-дәрмекті жеңілдікпен алуға мүмкіндіктер қарастырылды. Ал қазір мұның бәрі жойылды. Оның орнына айына 15 мың теңге жәрдемақы беріледі. Ол 15 мың теңге неге жетеді? Басқаны былай қойып, бұл ақшаға жеткілікті етіп дәрі-дәрмек те ала алмайсыз. Ауған соғысында қан кешкендердің алды 60-тан асты, арты қырықтың қырқасына шығып үлгерді. Олардың саны жыл сайын кеміп барады. Ауған соғысына бүкіл ТМД елдерінің әскері қатысқанын білесіздер. Көршілеріміз Ресей елін қараңыздаршы. Өз жауынгерлерін біз секілді ешқашан да шеттеп қоймайды. Ал біз Ауған соғысының ардагерлері әлі күнге коммуналдық төлемдерді толығымен төлеп отырмыз. Бұл мемлекетімізге сын емес пе? Ауған ардагерлері тәуелсіздік алғалы бері қолын жайып, үкіметтен ештеңе сұраған емес. Қазақстан үкіметі Ауған соғысының ардагерлеріне айтарлықтай көңіл бөлмейді.

Сондай-ақ, коммуналдық төлем не қоғамдық көлікте тегін жүрмейді. Соғыс мүгедектеріне ғана зейнетақы қарастырылған. Қол-аяғы сау болса да, ішкі жан-дүниесі аласапыран басқа ардагерлер бұдан мақұрым. Ойлап қарасақ, сол Ауған ардагерлеріне берілетін ай сайынғы 15 мың теңге өтемақы сол күйі өспеген. Ал инфляция құлаш ұрып, алға жылжуда. Баға күннен-күнге өсіп жатыр. Шыны сол, берілген 15 мың теңге өтемақы ардагердің дәрісіне де жетпейді. Онсыз да жылма-жыл қатары сиреп бара жатқан ағамыздың ащы шындығы мен базынасы осы.




Следующая →