Өскемен
пасмурно
-2°
  • Өскемен
    -2°
  • Алматы
    +7°
  • Астана
    -5°
  • Ақтөбе
    +1°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -4°
  • Қостанай
    +2°
  • Қызылорда
    +4°
  • Павлодар
    -6°
  • Петропавловск
    -3°
  • Тараз
    +7°
  • Туркестан
    +4°
  • Шымкент
    +7°
$
491.71
529.97
¥
68.69
5.05
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Қазақтың тазысын патенттеуге не кедергі?

"Иттің бәрі тазы емес, еттің бәрі қазы емес". Қазақ құмай тазыны жеті қазынаның біріне бекер жатқызбаған. Өзге шәуілдектер босағадан бас сұқпақ түгілі киіз үйге маңайлай алмаса, тазыны қазақ ит деп атамай, аса құрмет көрсетіп, үйінде асыраған

Усть-Каменогорск и ВКО / Қазақтың тазысын патенттеуге не кедергі?

Ашаршылық жылдары бір ауыл жұртын жалғыз тазы аң аулап, аштықтан аман алып қалған деген деректер кезігеді. Ертеде қазақ тіпті қыздың қалыңына тазы сұраған. Жақсы құмайдың күшігін бір үйір жылқы беріп, қалап алатын болған. Екі ру не ел жауласса, ат-тоны айыбымды кешір деп тазысын тарту еткен екен. Бабаларымыз осылай ардақтаған құмай тазының жай-күйі бүгін қандай? Жастарымыз саф алтындай салтымызды жаңғыртып жатыр ма? Құмай тазының өткен тарихын, бүгінін және болашағын осы мақалада зерделеп көрейік.

Тазының қадір-қасиетін терең зерттеп, құмай тазы деңгейіне дейін баптаған дана қазақтың кешегі тарихы мен құмайдың тарихы ұштасып жатыр. Құмайды тазы еткен қазақ. Сан ғасырлар бойы табиғи сұрыптаудан өткен, аң аулаудың сан түрлі тәсілін меңгерген тазы сөзі негізінде "таза" сөзінен шыққан. Яғни, қаны таза, тұқымы былғанбаған алғыр аңшылық иті. Болмысы бөлек жануар қазақ даласына үйлескен өзіне ғана тән сұлулығы мен жинақы дене бітіміне қарай басқа иттерден ерекшеленеді. Сымбатына сай алғырлығы, жыртқыштан сескенбейтін қылығы тағы бар. Өзге аңшылық иттерінен тазыны ерекшелейтін қасиеті оның әмбебаптылығында. Тазы иісшіл, аңды иісімен, ізімен анықтайды. Тазы қырағы, қыр астында қыбыр еткен түз тағысын көзі шалады, тазы жүйрік келеді. Екі қыр бұрын қашқан түлкіні үшінші қырға жеткізбей шалатын жылдамдығы бар. Тазы жүректі. Ақан серінің басарлары түз тағысы көкжалды жекпе-жекте жеңіп, талай арланды серінің қанжығасына байлағынын әдебиеттен білеміз.


Тазы өсіруді жанына серік еткен сері жігіт


Қазақ тазыларында табиғи және қабілеттілік инстинкт өте жақсы дамыған. Көзінде ақылды адамға тән тереңдік пен тектіліктің ізі жатады дейді мамандар. Ал тазы дүбара болса, оның көзі ойнамалы, тексіз, ұрлықшы, әрнені талғамай жей беретін тәрізді оғаш қылықтары болады. Тазы адамның "құлы" емес, керсінше бір-біріне бауыр басқан, пайда келтіретін, қалыптасқан байланысы бар. Адамдар ортасына жақсы бейімделе отырып, өз қабілетін көрсете алады. Сондай-ақ ол көргенін жазбай қайталайтын есте сақтау қабілетімен де ерекше. Тазылар бір-біріне бағына біледі.

беттегі фотолар М. Қанатбекұлының жеке мұрағатынан (8).jpg

Өскемен қаласының тұрғыны Мансұр Қанатбекұлының айтуынша, құмайдың айтқан сөзді тез қағып алатын да қасиеті бар. Соңғы 6 жыл көлемінде құмай өсіріп, баптап келе жатқан Мансұрдың қазір 6 тазысы бар.

Мен құмай тазыны 2016 жылдың күзінен бас-тап асырадым. Тазыны ағаларымның асырағанын көріп қызығушылығым оянды. Аңшылық, саятшылық қазақтың қанында бар дүние ғой. Жалпы тазының басты қасиеттерінің бірі ол өте текті, таза болып келеді. Таза дейтін себебім, бұлардың жаздыгүні асыр салып ойнайтыны бар. Жүгіріп ойнағанының өзі олардың спортшылар сынды жаттығу жасағаны. Сондайда үсті-басы шаң болады. Басқа иттерден ерекшелігі - бұдан соң ауыл маңындағы ағынды суға барып шомылып келеді. Одан кейін бірнеше сағат денесі кепкенше жерге жатпайды, - дейді жас аңшы.

Аңды көлікпен қуып шаршату - аңшылық емес


Жас та болса Мансұр қазақтың бекзада өнерінің таза қалпында сақталып, келешек ұрпаққа солай берілгенін қалайды. Қоянды жатқан жерінен атпай, үркітіп жіберіп, аңға да бір мүмкіндік беріп аулайтын атам қазақтың тектілігін тілге тиек етті кейіпкеріміз. Табиғаттың тылсым құбылыстарын терең меңгеріп, жан-жануарлардың, аңның тілін түсінбесе де тіршілігіне әбден қаныққан қазақ деген дана халықтың ұрпағы екені анық.

Қазіргі уақытта аңды көлікке мініп алып әбден титықтатып, содан кейін ит қосып ұстайтындар бар. Оларды мен аңшыларға жатқызбаймын. Ол браконьерлік деп ойлаймын. Аңға да мүмкіндік беру керек. Атқа мініп, итіңді ертіп шықсаң, аң мықты болса қашып құтылады. Мықты аңнан мықты тұқым тарайды. Міне, бұл табиғи сұрыптау деп білемін. Кейбіреулер қақпанға қасқырды түсіріп, оның аузын байлап иттеріне талатып жатады. Бұл барып тұрған сорақылық. Олар аңшы емес. Тазың мықты ма, көкжал қасқырмен айқасып алсын, онда сөз жоқ. Әлсіз бе, онда көкжалға жем болады. Бұл да табиғи сұрыптау. Жүректі, жүйрік тазыдан ертең сондай күшіктер туады, - дейді Мансұр Қанатбекұлы.

беттегі фотолар М. Қанатбекұлының жеке мұрағатынан (1).jpg

Қазақстанның әр түкпірінен текті тазылардың тұқымын жинап, соларды баптап отырған жас аңшы болашақта қасқыр алатын қазақы тазының тұқымын көбейтсем дейді. 2018 жылы көршілес қырғыз еліне барып курсингтен халықаралық жарыстың чемпионы атанып келген Тұйғын деген әйгілі тазының тұқымын асырап отыр екен. Қазақ тазысының тұқымын жан-жаққа таратып, патенттеу ісіне үлесін қосқысы келеді.

Қазір біздің бір басты проблемамыз - тазымызды патенттей алмай отырмыз. Тазыны қазақтың құндылығы деп танып, арнайы патенттеу үшін оның елімізде бірнеше мыңы болуы керек және олар таза болуы керек. Бізде тазыны қағазға тіркеу, санақ жүргізу ісі ақсап тұр. Қырғыздар тайганын баяғыда патенттеп алған. Орыс халқының "русская псовая борзаясы" бар. Ағылшы-нның догының да баяғы-дан ұпайы түгел. Тек біздер ғана тазымызды патенттей алмай, осы істе көш соңында қалып отырмыз, - дейді аңшы.

Неге патенттей алмай отырмыз?

Өзінің жеті атасын білмесе де итінің жеті атасын жіктеп тарқатып отырған өзге ұлттар құмайларын баяғыда заңдастырып алған дейді қазақы тазы жанашыры Төлеубек Сығаев. 30 жылдан астам қазақы төбет пен тазыны асырап келе жатқан Төлеубек ағамыздың айтуынша, төл итімізді тіркеп алуға асығуымыз керек. Қазақтың тазысына көз алартып, өз тұқымдары етіп алғысы кеп отырғандар да аз емес екен.

Мен ит асырап келе жатқаныма көп жыл болды. Жалпы Қазақстандағы жағдайды айтпай-ақ қояйын. Бірақ Шығыс Қазақстандағы жағдайды айтайын. Бізде құмай тазыны тіркеуге қоятын арнайы орталық бар. Ол орталықты өзге ұлт өкілдері, оның үстіне әйел адамдар ашып отыр. Олардың тазымен бес қайнаса сорпасы қосылмайды. Тазыны таза кәсіп көзіне айналдырып отырған адамдар. Итіңді тіркегені үшін сенен ақша алады. Енді тазы көрмесі өтсе, сол әйелдер келіп төреші болады. 100 қазақтың итбегісі иттерін апарып бір әйелдің аузына үңіліп тұрғаны. Өмірі тазы ұстап, аңға шығып көрмеген әйел қазақы тазыға қалай баға береді? Өздеріңіз ойлаңыздаршы... Олар кітаптан оқып алған стандарттарын айтады. "Тазының бойы 55 сантиметрден аспауы керек" дейді. Содан көп жігіттер казір көрмеге қатысамыз деп ұсақ тазыларды ұстап жатыр. Біз тазының тұқымын осылай бір әйелдің айтқанын істейміз деп құртып жатырмыз. Кезіндегі қасқыр алатын қазақы тазының бойы 90 сантиметрден жоғары, ірі болған. Ойдан шығарылған стандартқа бағынсақ, тазымызды мысыққа айналдырып аламыз ба деп қорқамын, - дейді тазы жанашыры Төлеубек Сығаев.

Иттің де шежіресін жасау қажет

Тазыны патенттеп алу үшін жан-жануарлар тұқымын тіркейтін халықаралық Federation Cynologique Internationale ұйымына 1000 тазының құжатын өткізу керек. Өкінішке қарай, Қазақстан бойынша бүгінде тек 500-ге жуық тазының құжаты бар екен. Негізінен тазы асыраушылардың көбі ауылды жерде тұратындықтан олар итті құжаттауға бас қатырмайтын көрінеді. Уақыт көрсетіп отырғандай ХХІ ғасырда ұлттық құндылығымызды сақтап қалғымыз келсе, иттің де шежіресін жасау қажет екен. Қазақ тазысының тұқымын асылдандыру, баяғы асыл тұқымды тазылардың тегін қалпына келтіру, оны әлемдік кинология орталығына тіркету үшін республика бойынша стандарт жасау мәселелері шешілсе, жұмысты дөңгелетіп алып кететіндер баршылық. Қазір төбеттердің саны да аз. Сондықтан олардың сапасымен қоса, санын да көбейту күн тәртібінде. Бұл екі күннің шаруасы емес екені де түсінікті. Қазақтың тазысы мен төбетінің шын жанашырлары барда итті кәсіп көзі емес, ұлттық құндылық деп бағалайтын азаматтар барда тазының халықаралық брендке айналып, қазақтың жеті қазынасының бірі деп құжат жүзінде танылатын күні де алыс емес деп сенеміз.


Следующая →