Өскемен
пасмурно
+2°
  • Өскемен
    +2°
  • Алматы
    +6°
  • Астана
    +2°
  • Ақтөбе
    +3°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +6°
  • Қарағанды
    -2°
  • Көкшетау
    +1°
  • Қостанай
    +3°
  • Қызылорда
    +5°
  • Павлодар
    +2°
  • Петропавловск
    -4°
  • Тараз
    +7°
  • Туркестан
    +4°
  • Шымкент
    +7°
$
491.71
529.97
¥
68.69
5.05
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Е. Құсайынов: "Күйші Динаның жыртысынан иткөйлек кидім"

Музыка өнерінің құбылысы, ұлтымыздың этно-фольклорлық аспаптарын жаңғыртып, қазіргі замнағы қазақ сахнасымен қайта қауыштырған, бір өзі тұтас бір оркестр саналатын, қазақ халқының енді қайталанбас тірі аңыз адамы - Еділ Құсайынов

Усть-Каменогорск и ВКО / Е. Құсайынов: "Күйші Динаның жыртысынан иткөйлек кидім"
Фото:
Е. Құсайыновтың жеке мұрағатынан

Пайғамбар жасынан асқаннан кейін төр Алтайға келіп, қазір Қотан қарағай ауданының Катон ауылында тұрып жатыр.

Еділ Құсайынов – жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс-сырнай, қауырсын-сырнай, шаңқобыз сынды шертпелі, үрмелі, ұрмалы көне аспаптарды жетік меңгере отырып, ежелгі сақтар мен ғұндар, түркілер дәуірінен жоғалмай жеткен көмеймен ән айту өнерінің теңдесі жоқ жалғыз орындаушысы, дара талант иесі. 2005 жылы Нью-Йорктегі Карнеги-холлда, Вашингтондағы Кеннеди-орталықта, Париждегі ЮНЕСКО залында өнер көрсетіп, батыс халқын тәнті етті. 2006 жылы 26-қазанда Токионың әлемге әйгілі Сантори-холл залында жеке шығармашылық концертін берді.

Сұхбат - фото Е.Құсайыновтың жеке мұрағатынан (2).jpg

1955 жылы 23 наурызда Атырау облысында туған. Анасы – Раушан Нұрпейісова – қобызшы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген өнер қайраткері. Әкесі – Сейілхан Құсайынов – сазгер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, атақты «Мереке» күйінің авторы. "ҚР Мәдениет Қайраткері" төсбелгісінің, "Құрмет" орденінің, "Ерен Еңбегі үшін" медалінің және "Жыл адамы – Алтын адам" сыйлығының иегері. «Құрақ көрпе», «Келін», «Аңшы бала» киноларының музыкасын жазған. Оның авторлығымен «Ілбіс елі» жеке альбомы, «Бұлбұл заман» күйтабағы жарық көрген.

Заманында адамзатқа алтын бесік болған төр Алтайда әлем танитын ұлт мақтанышымен жүздесіп, тілдесіп қайтудың сәті түсті.

- Еділ аға, ең бірінші үйренген, ойнаған аспабыңыз қандай?

- Мен ең бірінші пианиноны меңгердім. Бірақ көп адамдар менен «әкеңіз домбырашы, анаңыз қобызшы, неге домбыра мен қобыздың бірін таңдамадыңыз немесе неге ол аспаптарда ойнамайсыз?» деп сұрап жатады. Бұл – қағида, өзім үшін сондай ұстаным қалыптастырғанмын, одан аттай алмаймын. Домбыра – әкемдікі, қобыз – шешемдікі, болды. Бәрібір әкемнен аса алмаймын, тура солай шешемнен де. Бұл олардың өнеріне, таңдауына деген құрметім, сыйластығым. Демек мен басқа аспапты таңдауым керек, сол арқылы мойындатуым керек. Ал енді ұлттық көне аспаптардың ішінде бірінші үйренгенім сазсырнай болды.

- Жаныңызға ең жақын, сүйікті аспап қайсы?

- Қолыма ұстап, ойнап жүрген әр аспап өз балам секілді. Әрқайсының өзінің тарихы, естелігі бар. Дегенмен сол көп баланың ішінде кенжесі тәтті болады ғой. Кенже ол кішкентай ғой, ал аспаптың кішкенесі шаңқобыз. Сондықтан ең соңғы үйренген шаңқобыз өзіме ыстық. Жетіген – дәу, сыбызғы – ұзын, сазсырнай – жұдырық, ал ең кішісі әрі нәзігі – шаңқобыз. Сонымен қатар меңгеруге, үйренуге ең ұзақ уақыт кеткен, ең көп күш жұмсаған аспабым да – осы шаңқобыз. Көлемі мен құрылысы өте қарапайым, елеусіз көрінгенімен ойнауы, дыбыс ерекшелігі өте күрделі. Шаңқобыз әлі толық зерттеліп болмаған аспап. Оның дауысында тылсым күш, сиқыр бар, ашылмаған ақпарат көп.

- Жақұт еліне барған (Якутия) сапарыңыз туралы айтып беріңізші. Сахалардан не үйрендіңіз, не көрдіңіз?

- Мен жер көріп, ел танып, жаңа мәдениетпен танысқанды өте жақсы көремін. Егер біреу халықаралық фестивальдер, байқаулар туралы айта қалса, менің құлағым елең ете қалады. Әлемдік, ұлтаралық мәдени іс-шаралардан қалмауға тырысамын. Сахалар еліне де сапарым өте сәтті болған. Мен шаңқобыздың не екенін, қандай керемет екенін сол жерге барғанда бірақ ұқтым. Жақұттар – түркі тілдес халық, оларда домбыра, қобыз, сыбызғы – бәрі бар. Бірақ ең басты, қасиетті аспабы – шаңқобыз. Біз домбыраны қалай қастерлеп, бренд санасақ, сахалар да шаңқобызды солай құрметтейді. Сахалар өзінің салт-дәстүрін, өнерін, мәдениетін сақтап қалған ұлт. Мысалы бізде домбырада ойналатын шығармалар өте көп. Қобызда да баршылық. Сазсырнай, жетіген, сыбызғыда аз. Ал шаңқобызда жоқ деуге болады. Өйткені бізде шаңқобыздың өзі де болған жоқ, кейін ғана келді. Шаңқобыз қазақтан басқа түркі елдерінің біразында сақталып қалды. Мысалы, маған шаңқобыз үйреткен Гүлсара Біржанова Өзбекстанның Үшқұдық қаласынан келген. Оның анасы да, нағашы әжесі де шаңқобызда ойнаған.

Сұхбат - фото Е.Құсайыновтың жеке мұрағатынан (1).jpg

- Сізді Қазақстандағы ұлт аспаптарын жетік меңгерген, көмей дауысымен ән айтатын жалғыз шебер орындаушы деп атайды. Осыны қалай қабылдайсыз?

- Мен негізі орындаушы емеспін, кәсіби сазгермін. Менде қобызшы, сыбызғышы, сазсырнайшы мамандығының дипломы жоқ (күлді). Бұл құдайдың берген дарыны. Мысалы Құрманғазы оркестрі дүниеге қалай келді, оның бірінші бұлағы қайдан?! Бастау – әрине халықтың фольклоры. Қали Жантілеуов, Дина Нұрпейісова секілді халықтың дара тұлғалары ешқандай консерватория оқымай-ақ шәкірт тәрбиеледі, бай мұра қалдырды. Кеңес үкіметі кезінде қазақ қол үзіп қалған, мүлде жоғалтып алған ұлттық аспаптарды тапқан, тірілткен Болат Сарыбаев еді. Ол кісі бірақ ғылым жағына, зерттеу ісіне көп көңіл бөлді. Ал мен сахнаның адамы болғым келді. Менің өнер жолым, шығармашылығым «Отырар сазы» оркестрінен басталды. Сыбызғышы болдым, өзім сазгер ретінде шығарма жаздым және орындадым. Мен еврика жасап, жаңалық ашқан жоқпын, жәй ғана қазақта бағзыдан бар өнерді жаңғырттым, жетілдірдім, дамыттым.

- Қанша шәкіртіңіз бар?

- Қазір сахнада, өнер академияларында жүрген, көне аспаптарды меңгерген жастардың бәрі менің шәкірттерім. «Тұран», «HasSak» этно-фольклорлық ансамбльдеріндегі қыз-жігіттер, Бауыржан Ақтаев сынды мульти-аспапшы жастар бар. Оның үстіне Астана қаласындағы консерваториядан өздері ұнатқан аспаптарда ойнауды үйрену үшін көп студенттер келеді.

- Көмей дауысы қай ұлтта жақсы сақталған?

- Көмей дауысы – тек түркі тілдес халықтарға тән өнер. Тіпті кейбір халықтар оны өнер деп қарамауы да мүмкін. Бірақ бәрінде бар: қырғыз, саха, алтай халықтары, түркмен, өзбек, сібір халықтарында. Бірақ ең мықты орындаушылар қазір моңғол мен тува ұлтында. Өйткені моңғолдар оны брендке айналдырып алған. Олар біз секілді бар дүниені жоқ қылып құртып, жоқтан бар жасамайды. Қолда бар дүниесін сақтап, табиғи қалпын бұзбай, экзотикаға көп мән береді. Одан кейін қазіргі қытай жерінде қалып қойған Алтай қазақтарында небір таңғаларлық өнер сақталған. Олар көмеймен ысқыра отырып, түрлі аспаптарда ойнай алады. Барыстың, аюдың, дауысын сала алады.

- Қазақта көмеймен орындау неге жоғалып кетті, қазір неге дамымай, кең таралмай жатыр?

- Кеңес заманында біз өзімізге тиесілі көп нәрседен айырылып қалдық. Біздің тарихымыз бұрмаланып жазылды. Мысалы, 20-30 жылдары қобыз ойнағандар халық жауы саналды. Оны шамандық, тәңіршілдік деп, бақсыларды киіз үйге қамап, тірідей өртеп жіберген. Көмеймен орындау бақсыларда да болған. Алайда олар оны сахна өнері деп қарамаған. Науқасты емдеу, медитация жасау, арбау, жындарды шақыру үшін қолданған. Тәуелсіздік алғаннан кейін де әсіредіншілдер ұлттық өнерге, көне аспаптарға қарсы шықты. Ескінің қалдығы, құдайға серік қосу деп бөгет жасады, жолын кесті. Тіпті көмей дауысынан қорқатындар да бар. Естігенде денесі тітіркеніп, бойын үрей билейді. Бұның бәрі ұлттық генетикалық кодымызды бір замандарда жоғалтып ала жаздағанымыздың көрінісі.

- Көмей дауысын шығару, үйрену қиын ба?

- Өте қиын. Мысалы фортепиано ойнағанда оның пернелерін көріп тұрасыз ғой. Жетігеннің де ішектерін қолмен ұстап көруге болады. Ал тамақтың бұлшықеттерін тек сезе аласыз. Бұлшықеттің басын, аяғын іздейсіз. Көмей дауысын салу оңай емес. Ол үшін мықтылардың орындағанын көп тыңдау керек. Оған қоса табиғат берген есту қасиеті де (слух) болу керек. Көмей дауысының екі түрі бар: сығыт және қарғыра. Сығыт – жоғары регистрде, қарғыра – төменгі регистрде орындалады. Адам бірінші қарғыраны үйренеді, одан кейін барып сығытты меңгереді. Өйткені жоғары көмей дыбысын шығару қиынның қиыны.

- Сіздің бойыңыздағы өнер негізі өз жұртыңыздан дарыды ма, әлде нағашы жұртыңыздан берілді ме?

- Әкем жақтан қан арқылы берілді деп ойлаймын. Арғы аталарым Бөкей ордасында тұрған. Ішкі орда батырлығы да, өнері де бір төбе жандар көп болды ғой. Одан кейін қазақта ырым деген нәрсе бар. Мысалы, мен туған 1955 жылы Дина Нұрпейісова қайтыс болды. Сонда жыртыс мата таратқанда, шешеме қызыл түсті бұл тиіпті. Сол Дина апамыздың жыртыс бұлынан шешем маған иткөйлек тоқып берген екен.

Сұхбат - фото Е.Құсайыновтың жеке мұрағатынан (5).JPG

- Қатон Қарағайда қазір немен айналысып жүрсіз?

- Катон, Өрел, Үлкен Нарын ауылдарында мектепте музыкадан сабақ беремін. «Нағыз қазақ – қазақ емес, домбыра» деген өлең жолы бар ғой. Мен балаларға үнемі айтам: «Катон – ол сыбызғы» деп. Өйткені бұл жерде 1912 жылы шығыс сыбызғы мектебінің көрнекті өкілі Шанақ Ауғанбаев дүниеге келген. Оның ұстазы – атақты Шерубай сыбызғышы. Сондықтан Катонның балалары сыбызғы, сазсырнай секілді үрмелі аспаптарда ойнауды үйрену керек. Олардың қанында бар. Мұнда келгеніме өкінбеймін. Себебі қарғыра көмей дауысы 1997 жылы осы Алтайға келгенде пайда болды. Оған дейін 2 жыл бойы қанша тырыссам да шығара алмаған едім. Табиғаттың өзі көмектесті, бәлкім бабалар рухы қолдады. Қалай дегенмен қасиет пен киеге толы мекен ғой.

Деніңізге саулық, шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Шәкірттеріңіз көп болсын!

Следующая →