Зағип жандарға да жұмыс табылады
Он жыл бұрынғы уақытқа көз жүгіртсек, ол кезде еліміздегі зағип және көзі нашар көретіндерге ешқандай жағдай жасалмаған еді
Бірақ бүгінгі таңда барлық мәдени, қоғамдық маңызы бар нысандарда көзі көрмейтін зағиптарға арналған арнайы белгілер, жолақтар және басқа да жағдайлар жасалуда.
Оңалту бағытында 1 және 2-топтағы көзі көрмейтін және нашар көретін мүгедектігі бар адамдар және балалар оңалтудың жеке бағдарламаларына сәйкес, көру кемістігі нәтижесінде жоғалтқан мүмкіндіктерін түзеуге және олардың орнын толтыруға бағытталған тифлотехникалық құралдармен қамтамасыз етіледі, - дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова. - Сонымен қатар, қажетті құжаттарды рәсімдеуіне байланысты мәселелерді шешуі үшін өзге де ұйымдарға барған кезде 1-топтағы көзі көрмейтін және нашар көретін мүгедектігі бар адамдармен бірге оның тұратын жерінен баратын пунктіне дейін және қайтар жолда ілесіп жүру үшін жеке көмекшінің қызметі көрсетіледі. Ол көмекші зағип жанды жұмысқа, оқу орындарына, жергілікті өкілді және атқарушы органдарға, сотқа, прокуратураға, әлеуметтік сала объектілеріне, заң консультацияларына, нотариусқа, мәдени-ойын-сауық іс-шараларына, спорт ғимараттарына, сауда объектілеріне, медициналық мекемелерге, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарына баруға және оқуына, жұмысқа орналасуына, өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғауына және іске асыруына, ақпарат алуына көмектеседі.
1998 жылы тағдырдың тәлкегіне ұшырап, көруі нашарлаған қала тұрғыны Гүлбану Кузекбаева қазіргі кезде қаламызда зағип жандарға көптеген мүмкіндіктер пайда болғанын айтады.
Бүгінде көзі көрмейтін зағип жандарды қоғамға бейімдеу үшін түрі шаралар жасалуда. Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арнайы телефондарды, құлаққаптарды, сағат сияқты барлық қажетті заттарын тегін береді. Сонымен қатар, оның ішіне инватакси қызметі бар, ем-шара қызметін көрсететін демалыс орындарына тегін жолдама беріледі. Қажеттілігі болса, мүмкіндігі шектеулі жанның қасына көмекші қойылады. Көптеген ғимараттардың сырты және іші мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы етіп бейімделуде. Қазір зағип жандар жұмыспен қамтылуда, оларды жұмысқа тасымалдау үшін арнайы тегін инватакси қызметі бар, - деп атап өтті Гүлбану Кузекбаева.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың "Еңбек" бағдарламасы шеңберінде 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыстың қалалары мен аудандарының жұмыспен қамту орталықтарына 1006 мүмкіндігі шектеулі жан жүгінген.
Бағдарлама аясында 912 адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 49 көзі нашар көретіндер қоғамдық жұмыстарға, бір адам қоғамдық жұмыстар аяқталғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналастырылды. Жалпы 2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста еңбекке қабілетті мүгедектігі бар адамдардың саны 31 854 адамды құрайды. Оның ішінде 2021 жылдың соңғы 3 айында 6 547 адамда міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдары бар, тұрақты жұмыс істеуде. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үлесі 20,6% құрайды, жылдық жоспар 20%, - деп атап өтті Айнұр Оралқызы.
Мүмкіндігі шектелген жандардың бейімделуі үшін құрылған арнайы мемлекеттік бағдарлама бар. Егер бұл бағдарламадағы талаптар сақталмаса, құзыретті органдар мекемелерге айыппұл салуға да құқылы.
Қоғамға етене араласу бағытында бүгінгі таңда облыс көлемінде едәуір басым болып айқындалған әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын, көлік, көше жолдарын бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін нысандар ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған пандустармен, бейімделген жеделсатымен, дәретханалармен, көзі көрмейтіндерге арналған бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етілді. Көшелерде дыбыс бағдаршамдар орнатылды.